Ақмола облысындағы күзетшілер мен кеншілердің атысы ауылды дүрліктірді

0
300

Ақмола облысындағы Бестөбе ауылы бір күнде Голливуд фильмдеріндегідей қырғынның ошағына айнала жаздады. Алтын шығатын кентте жаппай төбелес кезінде оқ атылып, ондаған адам жарақат алды. Олардың 2-і ауыр халде деп хабарлайды 31 арна.

Бейбіт күнде тұрғындарға мылтық кезенгендер – «Қазақалтын» компаниясының күзетшілері екен. Қазір «бұзақылық» бабы бойынша қылмыстық іс те қозғалыпты.

Астанадан 300 шақырымдай жерде орналасқан Бестөбе ауылында болған жағдай елді дүр сілкінтті.  Оқ атып жатқан қара киімділер «Қазақалтын» компаниясының күзетшілері, ал қарсы беттегілер кеншілер.

Бестөбе ауылын дүрліктірген жағдай «Қазақалтын» компаниясына тиесілі өндіріс аумағынан басталған. Мұнда мекеменің аты немесе тыйым салынғандығы туралы бірде-бір ескертпе тақташа ілінбеген. Сөйте тұра, күзетшілер жұмысшыларды қатаң қадағалап, тексереді екен.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, бәленің бәрі сол тексеруден басталған. 12 сағат кеніште жұмыс істеп шыққан жұмысшылардың бірі күзетшілердің әкіреңдеген сөзіне ескерту жасаймын деп таяқ жеген көрінеді. Өзге әріптестері араша түсіп, арты төбелеске ұласқан. Күзетшілер тіпті сол жерде тұрған полицейлерден де именбей, содан соң кеніш аумағынан шығып, топталған жұмысшыларды қуып жүріп тағы да оқ жаудырыпты.

Оқ тигендердің бірі Жетпіс Ақпанов сол күні кешкі ауысымға жұмысқа түсуі керек болған. Қаннен-қаперсіз кенішке келгенде күзетшілердің қаһарына ілініпті.

«Атқанға дейін мені олар ұрған еді. Екеуі жабылып тепкіледі. Содан кейін не болғанын түсіне де қалмай қалдым. Оқ тигенін білемін», – дейді Бестөбе аулының тұрғыны, жұмысшы Жетпіс Ақпанов.

Ал Қайыр Есмағамбетовтың ұлы күндізгі еңбегінің ақысын алуға кетіп, өзі емес суыт хабар келіпті.

«Бір кезде звондады «ұлыңызды атып тастады» деп. Біз мұнда абыр-сабыр болдық өзіміз. Шок қой ол ондай хабар естігеннен кейін», – дейді Қайыр Есмағамбетов.

Болған жайт ауыл ішінде тез тарап, жасы да кәрісі де жиналады. Ашуға булыққан жігіттер күзетшілер тұратын жатақхананы қоршап, кек қайтармақшы болыпты. Абырой болғанда, ауылдың имамы дер кезінде араласқан.

Іс насырға шаппасын деп Бестөбеге аудан орталығынан қосымша полицейлер келіпті. Прокурор да асыға жеткен. Мәселенің мән-жайымен танысқан құқық қорғау органдарының алдын ала кесімі мынадай.

«Дау-жанжал барысында 10 адам зардап шекті. Осы факті бойынша Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің 293-ші «Бұзақылық» туралы бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды», – дейді  ІІМ ресми өкілі Алмас Садубаев.

«Атыс болған кезде жергілікті полиция болған. Оларды бірге атқан. Сонда олар кімге бағынады? Қандай адамдар олар? Біз қорқамыз. Жердің байлығымыз керек те, біздің адамдарымыз керек жоқ ешкімге. Адамның керегі жоғы сол, бізді мал құсатып көзбе-көз атып тастады», – дейді ауыл тұрғыны Қайыр Есмағамбетов.

Бассыздық бойынша түсініктеме берген күзетшілер «заңсыз алтын қазбақ болды» деп жұмысшыларды айыптап отыр. Ал кеншілер болса, күзетшілердің дөрекіліктеріне шыдамағандарын айтады. Құзыретті органдар кімнің кінәлі екені тергеу нәтижесінде анықталатынына сенімді. Ал қанша жылдан алтын қазып жан бағып отырған бестөбеліктер, осы жағдайдан кейін жұмыссыз қалмасақ екен дейді.

 

Дереккөз: 31 канал

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз