Ерасыл Әубәкіровті өлтірді деп күдіктелген Аян Мейірбаев кепілақымен босатылды

0
559

Ерасыл Әубәкіровтің өлімі бойынша істе күдікті Аян Мейірбаев кепілақымен босап шықты. Бұл туралы Астана прокуратурасының Tengrinews.kz тілшісіне берген ресми жауабында айтылады.

АЯН МЕЙІРБАЕВ. ФОТО ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕН АЛЫНДЫ

«ІІМ тергеу департаменті, нақтырақ айтқанда тергеу тобының жетекшісі Дүмшебаев А. Мейірбаевті қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын алып тастады. Қазіргі уақытта Мейірбаев Аян қылмыстық іс бойынша күдікті», – деп хабарлады Астана прокурорының орынбасары Байшолақов.

Қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Прокуратурадағылар қылмыстық істің өзге мән-жайының тергеу мүддесіне байланысты жария етілмейтінін мәлімдеп отыр.

Айта кетейік, осыған дейін күдіктілер Андрей Тихоненконың, Виталий Шерстеневтің және Нұрбек Әжімбайдың қамаудағы мерзімінің ұзарғаны хабарланған еді.

Еске салайық, 23 жастағы Ерасыл Әубәкіровтің зорлық белгілері бар мәйітін полицейлер оныншы ақпанда тапқан болатын.

Кісі өлтірді деген күдікпен төрт адам ұсталды. Ерасыл Әубәкіров елордадағы медициналық университеттің алтын курсының студенті еді.

Ол үшінші ақпанда үйінен шығып кетіп, қайта оралмаған. Келесі күні оның жоғалғаны жайлы хабарды достары таратты.

Дереккөз: Tengrinews.kz

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз