Өзбекстанмен шекарада қалып қойған қазақтар елге көшірілетін болды

0
487

Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданына қарасты Достық ауылының он шақты үйі шекараны белгілеу кезінде Өзбекстан территориясында қалып қойған болатын. Салдарынан, аталған үй тұрғындарының елмен байланысы да қиындай түскен еді.

Өзбекстанмен шекарада қалып қойған қазақтар елге көшірілетін болдыФОТО: AZATTYQ.ORG

ОҚО әкімі осыған орай шұғыл жиын өткізіп, көрші елде қалып қойған отбасыларды елге көшіру мәселесін талқылады деп жазады skifnews.kz.

Басқосуда аталған 10 отбасыны көшіру мақсатында Достық ауылына баратын Абай-Калхабад тас жолының екі бетінен 80 га жерді беру үшін Достық елдімекенінің оңтайландырылған жоспары жасалғаны айтылды.

Жиында аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес, аталған елді мекеннің тұрғындарымен кездесіп қайтқан облыс әкімінің орынбасары Ж.Бөкенбаев мән-жайды баяндады. Ол өз сөзінде тұрғындардың мүлкін заңдастыруға көмектесуін және мемлекет тарапынан өтемақы алып, басқа жерге көшіру туралы өтініштерін жеткізді.

Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары бұл аумаққа мемлекет есебінен газ, су тарту экономикалық жағынан тиімсіз болғандықтан бүгінге дейін ауыл тұрғындары көгілдір отынсыз және ауыз суды 3 шақырым қашықтықта орналасқан Ұшқын елді мекенінен тасымалдап ішіп келетінін айтты.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі бұл мәселе бойынша арнайы жұмыс тобын құруды және ауыл тұрғындарын басқа жерге қоныстандырғанша ауыз сумен қоса сығымдалған газбен қамтамасыз етілуі қажеттігін айтты. Сонымен қатар, аудан әкімдігіне шұғыл түрде аталған үйлер бойынша түгендеу жұмыстарын жүргізуді және мүлікті заңдастыру бойынша құжаттарын рәсімдеуге көмектесуді тапсырды.

 

Дереккөз: Nur.kz

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз