Тоқтар Төлешев 200 млн доллар қарызынан құтылу үшін билікті күшпен басып алмақшы болған

0
530

Бұрынғы бизнесмен Тоқтар Төлешев екінші деңгейлі банктер мен трансұлтты қылмыстық топтардың алдында белшесінен қарызға батқаны анықталды.

Тоқтар Төлешев 200 млн доллар қарызынан құтылу үшін билікті күшпен басып алмақшы болғанТОҚТАР ТӨЛЕШОВ. ФОТО: KVEDOMOSTI.COM

Бұл туралы бүгін Ұлттық қауіпсіздік комитеті баспасөз қызметінің өкілі Руслан Карасев мәлім етті деп жазады Қазақпарат.

«Қолда бар дәйектерге сүйенсек, Тоқтар Төлешев өзінің қылмыстық тобын «асырау» үшін өте көп қаржы жұмсаған. Айналасына айтқанын жүргізіп өмір сүруді армандаған Төлешев белшесінен қарызға батқан. Ол Қазақстандағы екінші деңгейлі банктері мен трансұлттық қылмыстық топтардың алдында да қарыз болған.  Төлешевтің барлық қарызын қоссақ 200 млн АҚШ долларын құрайды», – деп хабарлады Карасев.

Карасевтің айтуынша, дәл осы сәтте Төлешовтің ойына билікті күшпен басып алу идеясы келеді. Тоқтар Төлешов осы жоспары сәтті іске асса, өз бақылауына өтетін әкімшілік ресурс арқылы қарызынан құтылып, отбасы мен бизнесінің шалқыған өмірін қайтарып алуды көздеген.

«Осылайша, Тоқтар Төлешевтің мемлекеттің қаржысын өз қолыма алсам деген ойы билікті күшпен басып алуға итермелеген», – деп түсіндірді Руслан Карасев.

Сонымен қатар Руслан Қарасев мемлекетте төңкеріс жасауға әрекеттенген бұрынғы бизнесменнің 90 қарулы әскерді жан-жақты дайындықтан өткізгенін хабарлады.

Карасевтің айтуынша, Төлешов өзімен сыбайлас трансұлттық қылмыстық топтардың қатысуымен Шымкент аумағында бірнеше рет жиын өткізген. Оларға жиын өткізіп берген Тоқтар Төлешов Оңтүстік Қазақстан облысының қылмыстық топтары арасында бедел жинап, криминалды мәселелерді «реттегені» үшін ақша алып отырған.

«Тергеу анықтағандай, қылмыстық амбициясын жүзеге асырып, беделін арттыра түсу үшін Тоқтар Төлешев өз кәсіпорындарының күзет қызметі базасында өзінің ұйымдасқан қылмыстық тобын құрып, қарумен жарақтандырған. Төлешевтің иелігінде сақадай-сай 90 әскері бар болған», – деді Карасев.

Оның айтуынша, Тоқтар Төлешев өзінің бұл әрекеттеріне сырттай заңды көрініс беру үшін алдымен «СМЕРШ», кейіннен «Вымпел групп» атты күзет фирмасын тіркеген.

 

Дереккөз: ИА «Казинформ»

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз