Балқаштың екі тұрғыны әйелді қағып кетіп, оның мәйітін көміп тастады

0
428

Балқаш қаласының полицейлері төрт жыл бойы іздеуде болған әйелдің мәйітін тапты. Әйелді Балқаштың екі тұрғыны қағып кетіп, көлдің жағасына көміп тастаған. Бұл туралы «Литер» басылымына сілтеме жасап NUR.KZ порталы хабарлайды.

Балқаштың екі тұрғыны әйелді қағып кетіп, оның мәйітін көміп тастадыФОТО: MOSMONITOR.RU

41 жастағы Алена Бедрова 2011 жылдың 17 қыркүйегінде үйден шығып, қайтып оралмаған. Әйелдің 22 жастағы ұлы анасының оралуын он күн бойы күткен. Кейін полицияға хабар беріп, іздеу жариялаған.

Аленаның құрбылары кеште бәрі бірге ішімдік ішкенін, кейін мас күйде жанжал шығарған әйел үйіне жаяу кетіп қалғанын алға тартқан. Кеште болған 26 жастағы Олег Бочкин мен оның 27 жастағы досы Андрей Веслов болса, соңғы рет Аленаны жол бойымен кетіп бара жатқанын көрдік деп ақталған.

Кейін төрт жыл бойы табылмай келген Аленаны Бочкиннің өзі өлтіргені анықталады. Ол сол түні бойжеткендерді үйіне жеткізіп салып жүрген. Бочкин жолда келе жатып өз «Опелімен» абайсызда Аленаны қағып кеткен. Оқиға орнында тіл тартпай кеткен әйелді Бочкин жолаушы болып отырған досы Весловтың көмегімен көл жағасына көміп тастаған.

Веслов бірден құрықталып, өз кінәсін мойындады. Ал Бочкинді Алматыдан Қарағандыға кетіп бара жатқан жерінен ұстаған. Екеуі де болған жайтты растап, әйелдің мәйіті жасырынған жерді көрсетті.

Әйелдің сүйегіне сараптама жүргізіліп, оның жол апатынан қаза болғаны расталды. Ал әйелдің ұлы айыпталушыларды моральдық-материалдық өтемақы алғаннан кейін кешіре салған. Осылайша екеуі де тараптар келісімге келгесін, жазадан құтылып кетті.

 

Дереккөз: Nur.kz

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз