ЕРДОҒАН ТҮРІК ХАЛҚЫНА ҮНДЕУ ЖАСАП, ЕШҚАЙДА КЕТПЕЙТІНІН МӘЛІМДЕДІ (ФОТО, ВИДЕО)

0
442

15 шілдеде кешкі уақытта әскери төңкеріліс әрекеті болған Түркиядан бір-біріне қарама-қайшы хабар жетіп жатыр, – деп хабарлайды Qamshy.kz Tengrinews.kz -ке сілтеме жасап.

Түркияның Бас штабы ел билігінің ұсталғанын, алайда қазіргі барлық халықаралық қарым-қатынастардың жалғасатынын мәлімдеп отыр. Алайда кейін ел президенті Тайып Ердоған Skype арқылы үндеу жасап, адамдарды көшеге шығуға, тәртіпсіздікті тоқтатуға шақырды. Түрік Президенті әскери төңкеріс ұйымдастырғандарды қатаң жазалауға уәде берді, – деп жазады Риа Новости.

«Үкіметтің жауы көп. Бұл әрекетті жасап жатқандар өкінетін болады. Біз бұл басып алу әрекетін таяуда жоямыз», – деді ол.

Эфирінде Ердоғанның сөйлегені жайлы видеожазба көрсетілген CNN Turk телеарнасы Түркия президентінің қауіпсіздікте екенін хабарлады, себебі төңкеріс әрекеті кезінде ол Бодрумдағы курортта болыпты. Ал тағы бір дереккөз Ердоғанды күзеттің Мармарис портына жеткізгенін хабарлап отыр.

NTV телеарнасының эфирінде Ердоған мемлекеттік төңкеріс жасамақшы болды деп оппозициялық ислам уағызшысы Фетхуллах Гүленді айыптады. Ол қудалаудан кейін АҚШ-та тұрады. «Төңкеріс жасау әрекеті жайлы белгілі болды. Мен бар халқымды көшелер мен алаңда күтемін. Біз лайықты жауап қатамыз. Бұл әрекеттің «Параллель мемлекеттің» жасағанын білеміз. Олар қатал жазаланады», – деді мемлекет басшысы.

Ердоғанның бұл үндеуінен кейін Анкара, Ыстамбұл және Измир тұрғындары көшеге шығып, елде мемлекеттік төңкеріліс жасау әрекетіне наразылық білдіре бастады. Адамдар әскери техниканың қозғалысына кедергі болып жатыр, деп хабарлайды түрік телеарнасы. Ердоғанның жақтаушылары «Иық тіресіп, төңкеріліске қарсы тұрайық!» деп ұрандатып жатыр.

Ал Түркия көшелерінде танктер жүріп жатыр. Ыстамбұл әуежайының маңында атыстардың естіліп жатқаны да хабарланып отыр. Әлемдік әуе компаниялары Түркияға ұшатын рейстерінің барлығын тоқтатып, ұшақтарды аспаннан кері қайтарып алып жатыр. Көптеген елдің билігі азаматтарын көшеге шықпауын ескерту үстінде.

Анкарада түнде бірнеше алапат жарылыс болыпты. Танктердің Түркия парламентінің ғимаратын қоршап алғаны айтылады. Anadolu агенттігінің мәліметінше, Анкарадағы Гелбаши ауданында әскери төңкеріліс әрекеті барысында полицияның 17 қызметкері қаза тапқан.

Интернетте төңкеріліс әрекетінің барысында болған жарылыстың видеосы жарияланды. Кейбір мәліметтер бойынша, жарылыс парламентте болған, ал басқа дереккөздер бұл видеода телеорталықтың болғаны айтып отыр.

Түркия премьер-министрі Бинали Йылдырлым Focus басылымына төңкерілісшілердің бірнеше лидерінің ұсталғанын мәлімдеді: «Төңкеріліс әрекетінің бірнеше лидері ұсталды. Демократия жеңеді», – деді ол. Сонымен қатар, Түркия әскери әуе күштерінің F-16 жойғышының мемлекеттік төңкеріліске қатысушылардың Sikorsky әскери ұшағын атып құлатқаны хабарланды.

Түркияда әскери төңкеріліс жасау әрекетінің жүзеге аспағаны және оны ұйымдастырушыларының қамауға алынып жатқанын Ыстамбұл губернаторы Васип Шахин хабарлады. «Әскери төңкеріліс әрекеті жүзеге аспады. Бүлікті ұйымдастырушыларды ұстап, қамау шаралары жүріп жатыр», – деді ол сенбі күні NTV телеарнасына берген сұхбатында.

Телеарна тілшілері Бурса провинциясының жандермериясының басшысы ұсталғанын хабарлады. Ұлттық барлау ұйымының мәліметінше, Түркияда әскери төңкеріліс әрекетін ӘӘК пен жандармерия қолбасшылықтары ұйымдастырған.

Түркия президенті Ыстамбұл әуежайының алдына жиналған жақтастарының алдында мәлімдеме жасады. Ердоаған төңкеріліс мәселесінің бейбіт түрде шешілетінін атап өтті. Ол Бас штабтан «сатқындарды» шығарып, әскерде «тазалық» жұмыстарын жүргізетінін айтты. Оның айтуынша, төңкеріліс әрекеті толықтай басылады, ал офицерлер, оның ішінде армияның басшылығын қамау шаралары жүріп жатыр.

Reuters мәліметінше, Ердоған өз сөзінде уағызшы Гүленді бүлікті шығарды деп айыптады, айтуынша, ол Пенсильваниядан бұйрық берген.

Түрік президенті Мармаристегі қонақүйден шығып кеткеннен кейін ол жаққа қарулы шабуыл жасағанын мәлімдеді.

Ердоған түрік халқымен бірге болатынын және ешқайда кетпейтінін мәлімдеді.

Еске салайық, 15 шілдеде Түркияда әскерилер төңкеріліс жасауға әрекеттенді. Атыстар туралы бірінші хабар Астана уақыты бойынша 01.00-де жеткен. Халықаралық агенттіктердің мәліметінше, Анкарада атыстар естілген, қала үстінде жойғыш ұшақтар мен тікұшақтар ұшып жүр, ал Ыстамбұлдағы әуежайға танктер жеткізілген. Елде мемлекеттік телеарнарал хабар таратуын тоқтатты. Анкарада Facebook және Twitter әлеуметтік желілері құлыпталды.
«Қамшы» сілтейді

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз