СЫНДАРЛЫ СӘТ ТУСА ҚАЗАҚ ӘСКЕРІ ХАЛЫҚТЫ ТАҢДАЙ МА?

1
421

Кеше түнде Түркияда әскерилер бүлік шығарды. Ресми билік оларды әскери төңкеріс жасамақ болды деп айыптады. Бір тәулікке жетпей тойтарыс берілген ол төңкерісті бұрынғыдай (Түркияда әскерилердің ұйымдастыруымен бірнеше рет мемлекеттік төңкеріс болған – ред.) әскердің жоғарғы қолбасшылығы емес, жекелеген бөліністерінің басшылары әзірлегені айтылуда.

Қалай болғанда да түрік армиясының ішінде іс басындағы президент Ердоған саясатына наразы топтардың болғаны, болып қана қоймай олардың орайы келсе билікті басып алуға кет әрі еместігі айқын көрініп отыр. Түркиядағы бүлікті кім, қандай мақсатпен ұйымдастырды, ол неге тез аяқталды, бүлікшілерге қарсы халықтық қозғалысты кім әзірледі деген сияқты сұрақтар көп. Біршамасына әлемдік сарапшылар, саясаттанушылар жауап та беріп жатыр. Біздің айтпағымыз ол емес.

Әскерді саяси мақсаттарға пайдалану  тәжірибесі әлемдік саясатта да, өзіміз шекпенінен шыққан КСРО тарихында да болған. КСРО құлағаннан соңғы уақытта да бұл дәстүр жойылмады. Украинаның Донбасындағы соғыс, оның Қырымнан айырылуы да әскерді саяси мақсат-мүдделер үшін пайдаланудың жемісі. Қазақстанда әскери бөліністерді, осы саланың жекелеген қызметшілерін ел ішіндегі ахуал күрделенгенде белгілі-бір топтардың өз оппоненттеріне қарсы қолдануы, билік үшін болатын саяси тартыстарға пайдалануы орын алғанда әскерилер халық жағына шыға ала ма? Сындарлы сәтте мәселенің ақ-қарасын ажырататын деңгейде ме? Ойландыратын мәселе – осы.

«Әскерилерді белгілі-бір топтар өз оппоненттеріне қарсы қолданған жағдайда» деп сенімді түрде айтып отырғанымызды дұрыс түсіну керек. Тұтастай қорғаныс министрлігі, яки қарулы күштердің тектері мен түрлері түгелдей қолшошқпар болып кетеді деуден аулақпыз. Жекелеген әскери бөліністерді, олардың басшыларын ықпалды топтар өз мақсаттарына пайдалану мүмкіндігін ешкім жоққа шығарған жоқ. Түрлі қылмыстық, жемқорлық істерге барудан арланбаған кей басшылар әлгіндей интригаларда да тартынып қалады деп сеніммен айту қиын. Оған көз жеткізу үшін шымкенттік кәсіпкер Тоқтар Төлешов ісі бойынша тұтқындалған екі бірдей әскери бөлімнің командирін, генерал, полковник шеніндегі полиция басшыларын еске түсірсеңіз жеткілікті.

Одан бөлек әскерлеріміздің кәсіби даярлығы да ойландыратын мәселе. Ел қорғайды деген әскеріміз Ақтөбеде өз бөлімдерін аңшы мылтықтарымен қаруланған он бес шақты салафиттен қорғай алмағанын еріксіз мойындадық. Сын сағатта түрлі топтардың жетегіндегілер әскерилерге тағы шауып, қаруларын қолды етпей ме?

Жауынгерлеріміздің саяси сауаттылығы мен рухани дайындығы да, ақпарат құралдарындағы мәліметтерге сенсек, мәз емес сияқты. КСРО құрамынан шыққан көп елдердің әскери кадрлары, әсіресе басшылық құрамы, әлі күнге Ресейде білім алады, сол елдің әскери академияларында біліктігін жетілдіреді. Елде ресейшіл сепаратистер бас көтерсе ондай басшылардың ел тұтастығы мен конституциялық құрылымына қорған боларына күмәндануға хақымыз бар.

Саяси, мемлекеттік жүйесі жетілген, қоғамдық, мемлекеттік проблемаларды шешудің заңды жолдарын дәстүрге айналдырған Түркиядағы кешегі бүлік қазақ билігін ойландыруы тиіс. Армиямызды кеңестік жүйені аңсайтын, ресейшіл сепаратистерге іштей қолдау білдіретін арам пиғылдылардан тазартудың, ондайлардың қорғаныс саласында басшылық лауазымдар иеленуі былай тұрсын, әскери ұжымдарға енуіне тосқауыл боларлық тиіді жолдарды қарастырған артық болмайды.

Жомарт Абдоллаұлы

«Қамшы» сілтейді

1 Пікір

  1. Әскердің дайындығын күшейту керек. Біздің басымызға салмасын, бірақ басымызға күн туғанда әскеріміз Елбасыға бағынатын болу керек. Кешегі Түркиядағыдай халқына қарап оқ атпайтындай.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз