Дәурен Абаев теракті кезіндегі «ақпараттық сәтсіздікке» қатысты түсінік берді

0
430

Ақпарат және коммуникациялар министрі отандық ақпарат агенттіктерінің бірінде жарияланған «Алматыдағы атыс: биліктің кезекті ақпараттық сәтсіздігі» материалына кеңірек түсінік берді.

Дәурен Абаев теракті кезіндегі «ақпараттық сәтсіздікке» қатысты түсінік бердіДАУРЕН АБАЕВ. ФОТО: KHABAR.KZ

Дәурен Абаев мақалаға қатысты ойын Facebook-те жариялады, деп хабарлайдыBNews.kz.

Министр сарапшылардың мақалада келтірілген жекелеген тезистерімен келісетінін айтады.

«Әрине, қайғылы оқиға ақпараттық жауап қату жағынан бірқатар елеулі мәселелерді айқындап бергенін жоққа шығармаймын. Қазір ең бастысы – осыдан дұрыс қорытынды жасау және барлық қажетті шараларды қабылдау. Сонымен қатар, «ақпараттық сәтсіздік» туралы тезис теріс және нақты көріністі шынайы суреттемейтінін айтқым келеді», – дейді Дәурен Абаев.

Бұдан кейін ол мақаладан мысал келтіреді. Автор ІІМ ресми баспасөз хабарламасына дейін азаматтар атыс басталған сәттен бастап үш сағат (!) ақпараттық вакуумда отырды дейді.

Алайда журналист қаланың ІІД баспасөз қызметі (сағат 12:28-де) тұрғындарды үйден шықпауға, адамдар көп шоғырланатын орындарға бармауға шақырып, халыққа антитеррорлық операция жүргізілетіндігі туралы бұдан әлдеқайда ертерек хабарлағанын ұмытып кеткен. Арада 15 минут өткенде тиісті нұсқау беріліп, террорлық қауіптің қызыл деңгейі жарияланды.

Баспасөз хабарламасы қажетті ақпарат жинақталып, тексерілген соң бірден жария етілді.

«Өздеріңіз де білесіздер, жалған ақпараттың таралуы жұмысты айтарлықтай қиындатты, себебі оны тексеру үшін адам күші мен уақыт қажет болды. Мұндай әрекеттер үшін еліміздің заңдары бойынша жаза қарастырылған», – деп атап өтті АКМ басшысы.

«Алматыдағы оқиға туралы шамамен сағат 11:00-де естідім. Ақпарат бір мезетте құқық қорғау органдарындағы әріптестерімнен де, министрлік қызметкерлерінен де келді.

Министрліктің тікелей құзырындағы мәселелерге жедел әрекет жасалды. Халыққа телеарналардың профилактикалық жұмыстары және отандық интернет-сайттардың қолжетімділігі туралы жағдай дер кезінде құлағдар етілді», – деп түсіндірді Дәурен Абаев.

Сонымен қатар, телеарналардың эфирін шұғыл түрде іске қосу үшін техникалық шаралар қабылданылған. «24KZ» мемлекеттік телеарнасынан әрбір жарты сағат сайын Алматыдағы жағдайды баяндайтын арнайы жаңалықтар эфирге шығып тұрды. КТК және «31 арна» дәл солай жұмыс істеді.

Сонымен қатар жедел жағдайларда эфирге дереу шығу мүмкіндіктерін қарастыра отырып техникалық жұмыстардың ауыспалы кестесін енгізу туралы шешім қабылданған.

«Мемлекеттік органдардың ақпараттық жедел жауап қату жөніндегі стратегиясын жетілдіруге келсек, қазіргі таңда ҚР ІІМ-мен бірлесе отырып, жаңа іс-қимыл алгоритмі жасалды. Соған сәйкес азаматтарға ақпарат жедел түрде қосымша келісімдерсіз ұсынылатын болады. Сөз соңында ведомствоның жұмысын жетілдіру бойынша біз үшін барлық сындарлы ұсыныстар маңызды екенін айтқым келеді, сіздер қолдап, үлес қосатындықтарыңызға сенеміз», – деп түйіндеді министр.

 

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз