Грантқа түсіп алып, университетті жарты жолдан тастап кеткендер бюджет ақшасын қайтаруы мүмкін

0
167

Оқудан шығарылған студенттер бюджет ақшасын қайтаруы тиіс. Өйткені, қыз-жігіттерден мемлекеттік гранттың ақысын төлеу талап етілгелі жатыр деп хабарлайды КТК арнасы.

КӨРНЕКІ ФОТО: BNEWS.KZ

Есеп комитеті түрлі себептермен университетті жарты жолдан тастап кеткендерге бір жылда миллиард теңге жұмсалғанын анықтапты. Ал, бұл шығынға бүгінге дейін ешкім жауап бермей келген.

«Кейбір студенттер мысалы, оқу кезінде үлгермейді, тәртіп бұзушылықтар бар, өзінің арызымен кеткендер бар. Бұларға да ақша жұмсалды. 365 студент солай кетіп отыр. Бұл бірақ заң жүзінде реттелмегендіктен ақша кетіп қалған студенттерден қайтарылмай жатыр», – дейді Есеп комитетінің мүшесі Совхозбек Құлмағанбетов.

Есеп комитеті Білім министрлігіне студенттерден осы шығынды қазынаға қайтаруды талап етіп, оны заңмен бекітуге кеңес берді. Бұдан бөлек былтыр еліміздегі жоғары оқу орындары бюджеттің 7 миллиард теңгесін тиімсіз пайдаланғаны анықталыпты. Яғни, ректорлар түрлі қажеттілікке деп бюджеттен миллиардтарды бөлдіргенімен соңында иегере алмай, банктегі депозиттерінде ұстап отыр екен.

Ал, 2 миллиардқа жуық теңге тіпті мақсатсыз жұмсалған. Мәселен, Шығыс Қазақстанда 500 студентке арнап салынған жатақханада 250 орын қажет болмай бос тұр. Қазынаның қаржысын ысырап қылғандардың қара тізімін Өскемендегі Серікбаев атындағы мемлекеттік техникалық университет, Алматыдағы Қаныш Сәтпаев атындағы техникалық университет, Солтүстік Қазақстан облысындағы тағы бірнеше оқу орны бастап тұр.

 

Дереккөз: КТК арнасы

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз