Еркеш Шәкеев: Бұл біздің отбасы үшін орны толмас қаза, үлкен соққы

0
504

Бүгін Алматыда қала жұртшылығы белгілі қазақстандық композитор Еркеш Шәкеевтің 25 жастағы ұлы Сафар Шәкеевті ақтық сапарға шығарып салды.

ЕРКЕШ ШӘКЕЕВ. ФОТО: АРТЕМ МИУСОВ

«Қазақконцерт» залында өткен қаралы жиынға белгілі қоғам және мәдениет қайраткерлері, өнер жұлдыздары, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев, сондай-ақ Сафар Шәкеевтің достары мен әріптестері, оны іздеу шараларына қатысқан еріктілер, қала тұрғындары келіп, марқұмның отбасы мен туған-туыстарына көңіл айтты.

Келушілердің арасында Нағима Есқалиева, Айжан Нұрмағамбетова, Медеу Арынбаев, Арман Шұраев, Болат Әбілов секілді белгілі тұлғалар болды.

Өз кезегінде Сафар қызмет атқарған компания басшысы Эдуард Ким көңіл айтып, сөз сөйледі. Ол Сафармен оның әкесі Еркеш Шәкеев арқылы АҚШ-та танысқандығын айтты. Сол кезде Эдуард Сафардың болашақта үлкен азамат болатындығына көз жеткізген. Кейін, Сафар АҚШ-тағы оқуын тәмамдап, Алматыға келген соң, Эдуард Ким оны өз компаниясына бөлім басшысы етіп тағайындайды.

«Ол тәжірибесі болмаса да өте дарынды жас болатын. Мұндай азамат жүз мың адамның ішінен табылса табылар. Ол ұзын бойлы, сымбатты жігіт еді. Оның Қазақстан туралы түсірген алғашқы ролигі өте танымал болды. Мен Сафар тағы бес жылда танымал режиссерға айналды деп ойлап жүрдім. Амал нешік, мезгілсіз қазаға ұшырады. Біздің ұлдарға мұндай тағдыр бұйырмауы керек. Біздің ел керемет дарынды ұлынан айрылды», – деді Э. Ким.

Қаралы жиын барысында Еркеш Шәкеевтің өзі сөз сөйлеп, іздеу шарасына қатысқан адамдарға, бүгінгі қаралы жиынға келгендерге отбасының атынан алғысын білдірді.

«Сафар сирек кездесетін жан еді. Оның болашаққа құраған жоспарлары көп болатын. АҚШ-та кино институтына түскісі келді. Біздің отбасы ғана емес, бүкіл қоғам болашағынан көп үміт күттіретін дарынды азаматтан айрылып отыр. Сафар тірі болғанында қоғам үшін көп жұмыстар атқарар еді. Ол адамдарға ерекше мейіріммен қарайтын. Менің достарым өз балаларына: «Сафардан үлгі алыңдар. Сафар сияқты болыңдар», – деп айтып отыратын. Бұл біздің отбасы үшін орны толмас қаза, үлкен соққы. Сіздерге айтарым, бір-біріңізді құрмет тұтыңыздар, сыйласыңыздар. Бұл өмірде махаббаттан басқа айтуға тұратындай ештеңе жоқ», – деді Е. Шәкеев.

Одан басқа, қаралы жиын соңында ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ғалым Ахмедияров сөз сөйлеп, көңіл айтты.

Белгілі болғанындай, Сафар Шәкеев Кеңсай-2 зиратына Батырхан Шүкеновтің қасына жерленеді.

 

Дереккөз: ИА «Казинформ»

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз