Елімізде мақтаулы қазақ-түрік лицейлері жаппай жабылуы мүмкін

0
186

Елімізде мақтаулы қазақ-түрік лицейлері жаппай жабылуы мүмкін. Түркия елшісі Қазақстан билігінен әйгілі діни ғалым, Фетхуллах Гүленнің ілімін насихаттайды деп, осы мектептердің есігіне қара құлып салуды сұрады деп хабарлайды КТК арнасы.

КӨРНЕКІ ФОТО: BNEWS.KZ

Ресми Анкара төңкеріс артында дәл осы Гүлен тұр деп айыптап, жақтастарын тегіс тұтқындағаны белгілі. Бүлікшілерден шошынып қалған Түркия билігінің қырына енді Орта Азия елдеріндегі мектептер ілігіп жатыр.

Алаңсыз каникулда жүрген оқушылар мектептеріне қатысты шыққан даудан бейхабар. Мәселен, Астанадағы білім ошағында жөндеу жүріп жатыр. Бірақ, ол жерде бір айдан соң алғашқы қоңырау соғылмай қалуы әбден мүмкін. Себебі ресми Анкара Фетхуллах Гүленнің ілімін насихаттайды деп айыптаған қазақ-түрік лицейлерін тегіс жабуды сұрап отыр. Арнайы мәлімдеме жасаған Түркия елшісі, еліміздегі оқу орындарының қайсысы өздеріне тиесілі екендігін айтып берді.

«Түркия үкіметінің ресми қолдауымен ашылған оқу орнын айтайын. Ол Түркістан қаласында орналасқан Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті. Ал Қазақстанда «қазақ түрік лицейі», «қазақ-түрік мектебі» деп ат қойған білім ордаларының біздің мемлекеттік органдарға еш қатысы жоқ. Бұл жерде Түркияның емес, Қазақстанның да мүддесі жатыр. Сондықтан дұрыс шешім қабылдайды деп ойлаймын», – дейді Түркияның Қазақстандағы елшісі Невзат Уянык.

Сол саяси шешім қабылдаудың қиынға соғатын түрі бар. Өйткені, 25 жылда бұл мектептер тамырын терең жайып, әбден орнығып алды. Мәселен, елімізде KATEV халықаралық қоғамдық қорының демеушілігімен ашылған 30-ға тарта түрік лицейінде қазір 8 мыңнан астам ұл-қыз білім алуда. Әлемдегі ең озық элиталық мектептен осы аралықта қазақтың мыңдаған дарынды қыз-жігіті түлеп ұшып, бүгінде биліктің барлық тармағында лауазымды қызметте отыр. Қала мен облыстардағы лицейлер Қазақстанның Білім министрлігі бекіткен бағдарлама бойынша бала оқытады. Ақшасы да жергілікті бюджеттерден бөлінеді дейді шенеуніктер.

Бірақ, ресми Анкара әлемнің түкпір-түкпірінде табысты жұмыс істеп жатқан лицейлер білімді жамылып, астыртын өз саясатын жүргізіп отырғандарына сенімді. Жуырда Түркия президентін тақтан тайдыра жаздаған әскерилердің әрекетінен соң бұл елде Гүленнің жақтастары биліктен жаппай қуылып жатыр. Себебі Ердоған төңкеріске оппозиция жетекшісі, әйгілі ислам насихаттаушысы Гүленді айыптаған. Сондықтан қашқындағы саясаткердің адамдары деген желеумен генералдарды айтпағанда, университет ұстаздары, имамдар, шенеуніктер, журналистер, прокурорлар мен судьялардың қолына кісен салынуда.

Қазір Түркия Гүлен қаржыландырады деген мектептердің де көзін құртуға күш салып жатыр. Әзірше, Орта Азия елдерінің ішінен Өзбекстан ғана түрік лицейлерін жауып, бірқатар оқушыларын «Нұршылар» діни ағымына мүшелікке кіргені үшін тұтқындаған. Ал түрік елшісінің сөзіне қатысты, еліміздің Білім министрлігі дүйсенбіде арнайы мәлімдеме жасауға уәде етті.

 

Дереккөз: КТК арнасы

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз