Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар

1
235

«ҚазАқпарат» Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындауларға шолуды назарларыңызға ұсынады.

ФОТО NEWS.MAIL.RU

Сонымен Қызылорда қаласы әкімінің өкіміне сәйкес, Нұрхан Жәлиев қала әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалды.

Шенді бұл қызметке тағайындалғанға дейін «Сыр Медиа» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары болған. Нұрхан Бұхарбайұлы 1968 жылы 21 ақпанда Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Жосалы кентінде дүниеге келген.

Білімі жоғары. 1994 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық мемлекеттік университетін тарих және қоғамдық пәндер оқытушысы, 2000 жылы Қазақ мемлекеттік заң университетін заңгер, 2014 жылы Т. Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін экономика және бизнес бакалавры, 1995-1998 жылы Қазақ мемлекеттік заң университеті, заң аспирантурасын мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, құқық және саясат ілімдері тарихы мамандықтары бойынша бітірген.

Сонымен қатар, 25 шілдеде Германия Федеративтік Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі болып Рольф Мафаэль тағайындалды.

«Қазақстан Республикасындағы Германия Федеративтік Республикасының жоғарғы өкілі ретінде ол Германия мүддесін қорғайтын, елдегі барлық салада неміс-қазақ қарым-қатынасын қолдайтын елшілікті басқарады», – делінген дипломатиялық өкілдіктің таратқан хабарламасында.

Уәкілетті мемлекеттік орган – Инвестициялар және даму министрлігінің және жалғыз акционер – «Қазақстан темір жолы» ҰК» АО келісімімен, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасының бұйрығымен бірқатар тағайындаулар жүргізілді.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары болып Берік Желдікбаев тағайындалды.

Бұл қызметке дейін Берік Желдікбаев «ҚазАвтоЖол» Ақмола облыстық филиалының директоры болып еңбек еткен. Одан бұрын компанияның Жамбыл облыстық филиалында жұмыс істеген. Желдікбаевтің құзіретіне республикалық маңызы бар автокөлік жолдарының пайдаланылу мәселелері: күрделі және орташа жөндеу, автожолды ұстап тұру енетін болады.

Сонымен бірге, «ҚазАвтоЖол» Маңғыстау облыстық филиалының директоры болған Нұрланбек Өмірбаев компанияның бас инженері болып тағайындалды. Н.Өмірбаев құрылыс сапасын бақылау және автокөлік жолдарын қайта жаңарту, жобалық-сметалық құжаттарды дайындау мәселелеріне жетекшілік етеді.

Республикалық маңызы бар автокөлік жолдарын қайта жаңарту жұмыстарымен айналысатын желіні дамыту депаратментінің басшысы да өзгерді. Бұл міндет Ерлан Қалымовқа берілді. Ерлан Қалымов бұған дейін «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ күрделі құрылыс басқармасының басшысы болған.

Сондай-ақ, «Дос-Мұқасан» эстрадалық ансамблінің негізін қалаушылардың бірі Мейірбек Молдабеков Аэроғарыш комитеті басшысының кеңесшісі болып тағайындалды.

Айта кетелік, Мейірбек Молдабеков Инвестициялар және даму министрлігі Аэроғарыш комитеті төрағасының орынбасары және Ұлттық ғарыш агенттігі төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған.

Ол сонымен қатар, 1967 жылы құрылған «Дос-Мұқасан» эстрадалық вокальды аспаптар ансамблінің негізін қалаушылардың бірі.

 

Дереккөз: ИА «Казинформ»

1 Пікір

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз