АҚЫРЗАМАНДЫ ДА АСЫҒА КҮТЕТІН КҮН ТУДЫ…

0
433

Аспанның келбеті ажарынан кетті. Көк аспан мен жарық күнге зәру боп қалдық. Тап сол секілді жерде де тыныштық жоқ. Жердегі тіршіліктің де берекесі кеткелі қашан. Бүкілінің быт-шытын шығарып, жұмыр жердің жағасынан алып біткен осы – саясат.

Әлемде болып жатқан дүрбелеңге көз жұма, «Алла сабыр берсін» деп қана отырған ел едік. Тыныштықта ғана күн көріп жатқан жұртты түлен түртті. Аяқ асты атыс-шабыс, одан қала берді жоғалса тірі қайтпайтын бейбақтар, не керек былыққа толып кетті. Тегінде Түркияда болған жағдайға алаңдап ек, енді біреу үшін емес өзіміз үшін де алаңмен өмір сүретін болдық. Сілтідей тынып, айрандай ұйып отырған халықтың шамына тиіп те, зәресін алып та болдық. Әркім әртүрлі болжам айтып, елдің есін шығарып бітті. Шешімі жоқ, күрмеуінен шешілмейтін жіптей, абдырап қалдық. Айдың күні аманда «мылтықпен» де дос болып, соғыстың бетін аулақ қыламыз ба деп жүріп, іштей іркіліп жатырмыз.

Адамзат азғындап кеткелі қашан дейміз. Иә, арысы Перғауынның кезінен бастап берісі Массон, одан қала берді Еуропалық гей-парад қосылды. Адамдық келбетті, адамдық болмыс пен ар-ұятты құрту жолындағы идеологиялар жаппай жүріп жатыр. Ең жаманы сол гейлер мен бейлерді қолдап, қорғап азғындап отырғандардың мақсаты мұсылманға «атака» жасау. Олай дейтініміз, соңғы кездегі жағдайларды алып қарасақ бәрі мұсылманның көзін құртуға, олардың берекесін қашыруға арнайы дайындалып жасалған сценарий секілді. Екі жағынан сараптама жасап көрелік.

Сонау Алтын Орда дәуірінен бастап, арысы Пайғамбардың кезі дейік, бүкіл жер бетіне билік пен үстемдік жүргізіп келе жатқан мұсылман. Олай болмайтындай себеп жоқ. Өйткені, Алланың құлы – мұсылман. Оның асылы – Ислам емес пе?! Көктен төбе көрсетпесе де бар екенін сездіріп жүрген Аллаға қарсы шеру мен идеологиялық қару пайдалану бір келсе құдайын танымайтындардан келеді. Еуропаның есін шығарған Осман империясынан бастап, әлемге әмірін жүргізген Саллахаддин, Бейбарыс сұлтандарда бабаларының кегі қалған крестер мен кресшілердің әдейі жасап отырған, кек алуға ұмтылған әрекеті ме деп те қарауға болады. Себебі бүгін әлемді билеп отырған солардың ұрпақтары. Екінші жағынан, жер бетінде адамдықтың ең биік статусын ұстап отырған мұсылмандар. Себебі діні азғындауға жол бермейді. Осыны көре алмаған азғын ұрпақ, аздырғысы келеді де. Бәлкім, тегінде Аллаға саусағын көрсетіп кеткен шайтанның сөзіндегі аздырушылар осы болар. Шайтан «Құлдарыңның бәрін тозаққа сүйреймін» деген жоқ па! Алла болса «Жүрегіндегі Ықылас оған жеткізбейді» деді. Ал сол ықыласты «Ықылас» сүресінен іздеп жүргеніміз айып емес, қайта дінге бір табан жақындығымыз. Дәл қазіргі сәтте әлемде діни қақтығыстар өзге соғыстан әлдеқайда қасіретке толы болып тұр. Отан үшін не ел үшін не ұлт үшін емес, «жиһад» сөзі үшін ғана өздерін жарып, нақақтан нақақ қан төгуі, зина жасаудың өзін дін жолындағы керек дүние деп түсініп алған жандардың әрекеті, өз дінін сыйлап, өзге дінді жек көру сынды құрметсіздік пен астамшылдықтан бәрі туып отыр. Осындайда «Уағыз» тыңдау абзал дейміз. Бірақ кімді, кімнің уағызын тыңдаймыз оған жауап жоқ. Уағыздары уатылып кеткен, у секілді. Бәрі деуден аулақпыз, бірақ бәрі сол удың жетегінде жүрген жоқ па.
Алты құрлық алтауын ала қылып, ауыздағыны кетірді де төртеуін біріктіріп төбедегілерін келтіре алмады. Бұл ендігі шешімі жоқ дүние секілді. Жалғыз жауапты діннен іздеуге тура келеді. Өйткені, адамды өлтірмеуге, адаммен дос болуға, сыйлауға шақыратын жалғыз иман. Ал сол іздеп жүрген иманның өзінен «иван» жасап алған болсақ, харамнан халалға өтуді проблема көрсек онда шешім біреу ғана – ақырзаман. Ақырзаманның болары хақ! Оған шүбә келтірудің қажеті де жоқ. Сол ақырзаман белгілі бір үлкен белгілерден кейін ғана болады делінген дінде. Бірақ кейде жердің бетін тазалап алуға осы бір заманның ақыры тез келсе екен деп те тілейтін болдық. Аңдымай жазып ауырмай өлетін шығармыз, тілеп жүріп тілеуімізді де асықтырып алармыз, бірақ ақырзаманның уақытысынан бұрын қалап жүрмесек те соны шақыруға әрекет жасап жүргеніміз тағы өтірік емес.

Біз жасап отырған қоғам бір қорап сіріңке деп ойлайықшы. Біреу тек олардың жанып кетпеуін қадағалап отыр. Бірақ бүгінгі күні біреудің өзі шырпының шетін тұтатып алды да енді өшіре алмай әлек болып отыр. шырпы жанып келеді, жанып келеді. Оны тоқтату мүмкін емес әрине. Амалы біреу ғана. Қатар тұрған қалың шырпыға от тигізбеу үшін ішінен біреу суырылып шығып, басын төмен түсіру керек. Яғни, өзге шырпының өмірі үшін өзін құрбан ету емес, қайта төмендеуі жеткіліткі. Ал сол төмендікті үлкен құрмет деп санайтын шырпы кім, АҚШ? Қытай? Ресей? Еуропа? Бұлар паңдықты сүйетін елдер ғой. Ендеше оны істейтін мұсылман елі болу керек. Ал мұсылманның басын төмен түсіргенін күтіп отырған осылар. Тап беруге шақ. Ердоғанның да «есіріп» отырғаны сол. Әйтпесе, НАТО-да әскери күш жағынан екінші орында тұрған түріктің әскерлері өз еліне өзі шабуыл жасар ма еді. Тіпті енді келіп Еуропа оларды мойынаудан бас тартқысы келіп отыр. (НАТО). Бұл деген тағы да саясат.

Айналып келгенде біздегі және өзге елдегі қазір болып жатқан кері жағдайлардың сюжеті бір. Ошақ біреу. Ал ошақты бәрі мұсылмандар деп кінәлайды. Жоқ! Кінәлі кінә артушылардың өздері. Тек біз олардың өздері екенін беттеріне айтуға, не дәлелдеуге қауқарсызбыз. Күш бар, бірлік жоқ.

Заманның ақыры құдайдың қалауымен ғана болады. Алланың қалауын асықтырмайық десек, алауыздықтан абай болайық. Көзбен көріп тұрып көз жұму, біліп тұрып мыңқ етпеу, өзің үшін қорқып еліңді еңірету барып тұрған – қорқаудың ісі. Жазаның ауыры болмақ!

Марғұлан Ақан

#

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз