Алматыдағы атыста көз жұмған полицейдің үйленгеніне бір ай да толмаған (фото)

3
496

Алматыда орын алған атыс оқиғада жараланып, ауруханада көз жұмған полицей Мейрамбек Рахматуллаевты туыстары ақтық сапарға шығарып салды. Жерлеу рәсімі құқық қорғау қызметкерінің туған жері Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданы, Қарабастау ауылында өтті, деп хабарлайды NUR.KZтілшісі.

ФОТО: NUR.KZ

Шілде айының 18-інде Алматы қаласында орын алған сұмдық оқиға барысында қаруланған бұзақы 8 адамды жаралып, 8 адамның өмірін қиды. Соның бірі – оңтүстікқазақстандық полиция лейтенанты Мейрамбек Нұридиллаұлы Рахматуллаев.

Ол қанды оқиға орын алған күні ішкі істер бөлімінде кезекшілікте болған. Баса көктеп кірген азаматты заң бойынша кіруге болмайтындығын ескертіп, жолын бөгегені үшін бұзақы қалтасынан қолдан жасаған суық қаруымен оны атып салған. Сөйтіп полицейдің «Калашников» автоматын алып, сыртқа қарай қашып кетеді.

Басынан жараланған Мейрамбек ауруханаға түсті. Екі аптадай ауруханаға жатқан полицей есін жимастан өмірден өтті.

Полицейді бүгін барша туыс-таныстары, әріптестері ақтық сапарға шығарып салды. Жерлеу рәсіміне Оңтүстік Қазақстан облысы мен Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері де қатысты.

Жас полицейдің сыныптастары да достарының енді араларына жоқ екеніне сенбейді.

«Мейрамбекпен он бір жыл бір сыныпта оқыдым. Бір партада отырдым. Бала күнінен өте мейірімді, айналасына өте қамқор болды. Бұл хабарды естігенімізде төбемізден жай түскендей күй кештік. Досымыз енді жоқ дегенге сене алар емеспіз. Құдды бір қорқынышты түс секілді», – деп күрсінді марқұмның сыныптасы Досбол Садыбаев.

Марқұмның әкесі Нұрділдә Танағұлов ұлынан бір сәтте айырылып қалғанына әлі сене алар емес.

«Балам өте мейірімді еді. Бұл салаға өз қалауымен барды. Биыл ғана қолына дипломын алып, елге қызмет етемін деп жұмысқа орналасты. Жақында үйлендіріп едім. Бұл қайғы жаныма өте ауыр тиді», – деді Мейрамбек Рахматуллаевтың әкесі.

Мейрамбек Рахматуллаев 1992 жылы дүниеге келген. Қарабастау жалпы орта мектебін 2009 жылы бітірген. Қазақстан Республикасы Ішкі Істер министрлігінің Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының түлегі. Мамандығы – заңгер.

Еңбек жолын Алматы қаласы Алмалық аудандық ішкі істер бөлімінде учаскелік инспектор болып бастаған. Үйдің ортаншы перзенті. Артынан бір әпкесі мен інісі және де аяғы ауыр жары Әйгерім қалды.

Айта кетейік, жас тәртіп сақшысының шаңырақ көтергеніне көп уақыт өте қоймаған. Шілденің 10-нында қолына құсын қондырған ол 13-і күні қайта жұмысына кіріседі. Бір аптадан соң қаскөйдің қолынан жарақат алып, бақилық болды.

Билік тарапы қанды оқиғада қаза болған полицейдің отбасына материалдық тұрғыда, атап айтқанда, Алматы қаласы әкімдігі 15 млн, ОҚО әкімдігі 5 млн теңге көлемінде көмек берді. Сонымен қатар республикадағы ішкі істер органдарының барлық қызметкерлері қанды оқиғада қаза тапқан және жараланғандар мен олардың отбасыларына көмек ретінде бір күндік жалақаларын аударды.

Алматыдағы атыста көз жұмған полицейдің үйленгеніне бір ай да толмаған (фото)

Алматыдағы атыста көз жұмған полицейдің үйленгеніне бір ай да толмаған (фото)

Айта кетерлігі, Мейрамбек Рахматуллаев қызмет кезінде қаскөйдің қолынан қаза тапқан қазығұрттық екінші полицей. Осыдан төрт жыл бұрын Алматы қаласында қанды оқиға орын алып, салдарынан дәл осы ауылдан шыққан тағы бір полицей қылмыскердің қолынан қаза тапқан екен.

 

Дереккөз: Nur.kz

3 ПІКІРЛЕР

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз