ОҚО-да жемқор ректор пара алып, тендерді өз пайдасына шешпек болған

1
280

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің басшысына қатысты жайсыз хабар таралды деп жазады Замана басылымы.

ӘУЕЗОВ АТЫНДАҒЫ УНИВЕРСИТЕТ. ФОТО. REACTOR.INFORM.KZ

Мұхтар Әуезов атындағы ОҚМУ-дің ректоры Жұмахан Мірхалықовқа қатысты қызмет бабын асыра пайдаланды деген күдікпен қылмыстық іс қаралуда. 2016-жылдың 28-маусымында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі Ұлттық бюроға Тараз қаласының тұрғынынан арыз түскен.

Онда ОҚМУ-дің ректоры мен тағы басқа адамдар өз қызметтерін асыра пайдалану арқылы тендердің қорытындысын оң шешіп беру үшін жеке және заңды тұлғалардан 2012 – 2016-жылдар аралығында пара алған, сонымен бірге университеттің жатақханасын заңсыз жекешелендіру арқылы мемлекет мүлкін талан-таражға салған деп айтылады,

Бүгінде бұл іске қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр екен. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Ұлттық бюроның облыс департаментіндегі жауапты мамандар ақпарат беруден бас тартты.

Бірақ ол жердегілердің бірі: «Тергеу құпиясына байланысты бұл мәселе туралы әзірге ештеңе айта алмаймыз», – деді, өз есімін атамауды өтінді.

Тіпті әлеуметтік желілерде жүрген мәліметтің ресми еместігін айтып, оны жіберілген хаттарға жауап беру барысында тарап кеткен мәлімет деген сыңай білдірді.

Ал біз байланысқан университет қызметкерлері өздері хабарлас­қанымен басшыларының телефонды көтермей жүргенін айтты, оның қазір қамауда еместігіне сенімді екендіктерін жасырмады.

«Ол кісі ондай ұсақ-түйекке баратын адам емес еді, кім біледі, сыртынан біреулер бірнәрсе ұйымдастырып жүрмесе…» – дегенді де айтып қалды.

 

Дереккөз: Zamana.kz

1 Пікір

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз