Рио-де-Жанейрода Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты

0
266

Бразилияның Рио-де Жанейро қаласында төртжылдықтың басты додасы  – XXXI Жазғы Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты басталды деп хабарлайды«ҚазАқпарат».

ФОТО: VESTI.KZ

Міне, төрткүл дүниені дүрліктіріп, дүниені думан мен ән-күйге бөлейтін Олимпиада ойындары да келіп жетті.

Көне инкілердің, ацтек пен үнділердің жерінде бұлқынып жатқан, әні бірліктің аясында тоғысқан, сан ғасырлық тарихы бар, табанды тағдыры мен таным көкжиегінің кеңдігінің арқасында әлем шыңын бағындырған Бразилия талайдың арманына айналған Олимпиада алауын тұтатып отыр.

Дегенмен Олимпиаданың ашылу салтанаты қарапайым болмақ, әрі Бейжің мен Лондонда өткен Олимпиада ойындарының деңгейімен салыстыруға келмейді. Бразилиялық шоу шулы, сән-салтанатты өтпейтіндігін ұйымдастырушылар о бастан-ақ ескерткен еді. Шамамен алғанда, «Маракана» стадионындағы шоуға 20 миллион доллар жұмсалмақ.

Бұл – Лондон Олимпиадасында осы шараға жұмсалған сомадан екі есе аз. Бұның алдында ғана Риода өтетін Олимпиада ойындарының ашылу салтанатының атқарушы продюсері Марко Балич шоудың қарапайым әрі Бейжің мен Лондонда өткен Олимпиада ойындарының деңгейімен салыстыруға болмайтындай өтетінін мәлімдеген.

«Бразилияда болған жағдайға байланысты біздің Бейжіңдегідей аса зәулімділік, Афиныдағы арнайы эффектілер мен Лондондағы жаңа технологиялық жаңартулар болмайды. Қарапайым, бірақ заманауи шара болады. Бұл Бразилияда өмір сүрудің қаншалықты керемет екенін көрсету емес», – деп атап өтті Балич.

Салтанатты шараға атақты бразилиялық әнші және композитор Каэтану Велозу қатысады деп күтілуде. Сонымен қатар, «Грэмми» сыйлығының бірнеше дүркін иегерімен бірге 2003-2008 жылдары Бразилияның мәдениет министрі болған музыкант Жилберту Жил мен әнші Анитта бір сахнаға шығады.

Жалпы, үш сағатқа созылатын салтанатты шараның спорттық марафонын ұйымдастыруды бразилиялық карнавал шеберлері қолға алыпты. Негізі, төрт жылда бір өтетін байрақты бәсекенің иесі атанған әрбір мемлекет салтанатты ашылуда ел тарихынан сыр шертетін қойылымдарды қоюға тырысады.

Бразилия елі де бұл дәстүрден тыс қалмайтыны анық. Сонау үнді халқынан бері тамыр жайып келе жатқан іргелі елдің тарихы өте бай. Бразилия бұрыннан-ақ бидің отаны. Шоудың самба, ламбада секілді танымал билермен басталуы да заңдылық. Негізінен ашылу салтанатында барынша ұлттық ерекшеліктер ескерілмек.

Жалпы шеру кезінде 12 мың спортшы мен команда өкілдері жүріп өтеді. Қатысушылар соңында барлығы бір-бір ағаштан отырғызып, олимпиадалық саябақтың көркеюіне үлес қоспақ.

Спортшылар шеруі аяқталғаннан соң, салтанатты шара соңында дәстүр бойынша Олимпиада алауы тұтанады.

Айта кетейік, 79 мыңдық «Маракана» стадионында өтіп жатқан айтулы оқиғаны «Хабар», «Қазақстан» және «KazSport» телеарналары тікелей эфирде көрсетіп жатыр.

Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өтетін жазғы Ойындарға әлемнің түкпір-түкпірінен  207 елден  10,5 мың спортшы қатысады. Олар спорттың 33 түрі бойынша бақ сынасады. Рио Олимпиадасында барлығы 306 медаль жиынтығы сарапқа салынбақ.

Олимпиадаға ең көп спортшы апаратын ел – АҚШ болмақ. Рио Ойындары жолдамасын жеңіп алған америкалық спортшылар саны – 555. Олимпиадаға қатысатын спортшыларының саны жөнінен екінші орында Бразилия тұр. Ойындар қожайыны 462 жолдамаға қол жеткізіпті. Риоға Германиядан – 425, Қытайдан 416 спортшы аттанды. Осылардың арасында, мысалы, Қытай құрамасы сапында 35 Олимпиада чемпионы бар.

Қазақстан Рио Олимпиадасына спорттың 26 түрі бойынша 104 спортшыны аттандырды. Спортшыларымыздың төртеуі Лондон Олимпиадасының жүлдегерлері: Ольга Рыпакова (алтын), Әділбек Ниязымбетов (күміс), Иван Дычко (қола) және Гузель Манюрова (қола).

 

Дереккөз: ИА «Казинформ»

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз