Алматылық тұрғын ұлының туу туралы куәлігінде жазылған әлемде жоқ ұлт атауынан құтыла алмай жүр

0
212

 

  • Алматылық тұрғын ұлының туу туралы куәлігінде жазылған әлемде жоқ ұлт атауынан құтыла алмай жүр 

Алматылық тұрғын ұлының туу туралы куәлігінде жазылған әлемде жоқ ұлт атауынан құтыла алмай жүр. 2005 жылы Алматының Жетісу аудандық азаматтардың хал-актілерін тіркеу мекемесі құжатқа ұлты деген тұсқа «КНР» деп жазып жіберген. Өрескел қателікке намыстанған тұрғын 3 ай бұрын куәлікті қайта ауыстырмақ болады. Алайда мекеме қызметкерлері жер бетінде жоқ ұлттың атауын «қазақ» деп өзгертуді тым қиындатып жіберген екен.
11 жасар ұлым Нұрсұлтан «ұлтым кім» десе, жауап беруге қиналамын деген азамат туу туралы куәліктегі ұлтымды ауыстыра алмай үш ай жүгірдім дейді. 2002 жылы Қытайдан көшіп келген тұрғын 2005 жылы дүниеге келген ұлына құжат алады. Алайда АХАТ қызметкерлері туған жылын қате жазып жіберген. Жуырда куәлікті қайта рәсімдегенде ұлты «КНР» күйінде қалған. Намыстанған азамат мекеме қызметкерлерінің сауатсыздығына ренжиді.
Н.РАХМЕТОЛЛА, Алматы тұрғыны:

– Сауатсыздығы күшті болып тұр. Жер бетінде жоқ ұлтты мойнымызға таңып берді. Жоқ ұлттан «қазақ» болу үшін осыншама құжат жиып жүрдім. Бұл енді ұят, елімізге ұят. «КНР» деген ұлт жер бетінде бар ма, осыны Жетісу аудандық ЗАГС дәлелдеп берсе екен деп талап етемін.
Қызметіме зияны тиеді деп бейнесін көрсетпеуді сұраған тұрғынмен бірге АХАТ мекемесіне түсіру тобы да кірді. Тілшілерді күтпеген қызметкерлер алғашында ешқандай пікір білдірмей, түсінік беруге қарсы болған. Алайда аудандық әкімдік өкілдері араласып, жағдайды түсіндіруге тырысты. АХАТ меңгерушісі куәлікте кеткен қателік 2005 жылы жұмыс істеген қызметкерлердің кінәсі дейді.
ГАУҺАР ЕРҒОЖА, Жетісу аудандық АХАТ бөлімінің меңгерушісі:

– Енді «ұлты» деген жерде «Қытай халық республикасы» деп жазылып кеткен. Қате болған. Оны жөндеуге болады. Заңды жолдары бар. Жөндеу үшін тиісті құжаттарды жинау керек. Ол кісіге айтылған, кеңес берілген. Қандай тізімді жинауды айттық. Соны жинап беріп, сол кісі арыз жазу керек еді.
Неге біреудің қатесі үшін басқа адам сандалуы керек деместен, куәліктегі әлемде жоқ ұлт атауынан арылғысы келген азамат үш ай жүріп тиісті құжаттарды жинапты. Өзінің қазақ екенін дәлелдеу үшін талай есікті қаққан ол АХАТ бөліміне арыз да жазды. Үлкен айқай-шу мен 31 арнаның араласуынан ұлты «қазақ» деген куәлік бір сағатқа жетпей дайын болды. Бұл баршаға сабақ боларлық жағдай.
Жарас Ниязбек, Данияр Жүсіпов.
31.kz

http://alashainasy.kz/tuit/almatyilyik-turgyin-ulyinyin-tuu-turalyi-kualgnde-jazyilgan-alemde-jok-ult-86015/

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз