Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар

0
609

Осы аптада Қазақстан өңірлерінде бірқатар компаниялар бойынша ауыс-түйістер болды. «ҚазАқпарат» Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындауларға шолуды назарларыңызға ұсынады.

Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар

Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті

Сонымен, аптаның басында Қазақстан Жоғарғы Сотының төрағасы Қайрат Мәми Жоғарғы Соттың судьялары мен аппаратына Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің жаңа басшысын таныстырды.

Аталған департаментке жаңа басшысы ретінде Абай Тоқсаба келді. Тоқсаба 1960 жылы дүниеге келген. Алматы халық шаруашылығы институтын, Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін тәмамдаған. Экономист, заңгер, экономика ғылымдарының кандидаты.

Жоғарғы Кеңес Аппаратының Қаржы-шаруашылық істері басқармасының сектор меңгерушісі, Сенат аппаратының Өңірлік даму және жергілікті өзін-өзі басқару комитетімен өзара байланыс жасау бөлімінің, Әкімшілік бөлімінің меңгерушісі, Аппарат басшысының орынбасары, Ұйымдастыру-бақылау және кадр, Редакциялық-баспа бөлімдерінің меңгерушісі болып қызмет атқарған.

Инвестициялар және даму министрінiң кеңесшiсi және қоғаммен байланыс бөлiмiнiң меңгерушiсi

Бұдан бөлек, Берік Уәли Инвестициялар және даму министрінiң кеңесшiсi және қоғаммен байланыс бөлiмiнiң меңгерушiсi болып тағайындалды. Бұл туралы министр Жеңіс Қасымбек Фейсбуктегі парақшасында жария етті.

«Танымал тележурналист, қоғам белсендiсi Берік Уәли Инвестициялар және даму министрлігiне жұмысқа келiп жатыр. Берiк Уәли бүгiннен бастап, министрдiң кеңесшiсi әрi қоғаммен байланыс бөлiмiнiң меңгерушiсi болып тағайындалды», деп жазды Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Фейсбуктегі парақшасында.

Оның айтуынша, министрлiкте Ақпараттық қамтамасыз етумен айналысатын арнайы департамент құрылуда. Алдағы уақытта министрлiк осы департамент арқылы қоғаммен байланысты күшейтудi көздеп отыр.

Аптаның басында Алматыда кадрлық ауыс-түйістер орын алғаны белгілі болды.

Алматы қаласының Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары

Алматы қаласының Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары болып Ермек Салдаров тағайындалды.

Салдаров 1988 жылы 28 наурызда Оңтүстік Қазақстан облысының Мырзакент кентінде туған. Жоғары білімі бар: 2010 жылы Оксфорд бизнес-колледжін, ал 2015 жылы Уэльс университетін бітірген.

Іскерлік әкімшілік саласының магистрі. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде еркін сөйлейді. Тағайындалғанға дейін премьер-министрдің кеңсесінде, СІМ және Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінде түрлі қызмет атқарған.

Ұлттық экономика министрлігінің Тұтынушылар құқығын қорғау жөніндегі комитетінің Алматы қаласы бойынша департаменті басшылығы

Ұлттық экономика министрлігінің Тұтынушылар құқығын қорғау жөніндегі комитетінің Алматы қаласы бойынша департаменті басшылығына Қайрат Баймұхамбетов тағайындалды.

Ол 1964 жылы Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданында  туған. 1991 жылы Қарағанды медициналық институтын бітірген. 2006 жылы Шығыс Қазақстан өңірлік университетінде заңгер мамандығын алған.

2015 жылы президент жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясының мемлекеттік қызметшілерге қосымша білім беру Институтында біліктілігін арттыру курсынан өтті. Қазақстаның халық шаруашылығы салаларында 35 жылдық еңбек өтілі бар.

«Алматыэнергосбыт» ЖШС Бас директоры

Мұнымен қоса, «Алматыэнергосбыт» ЖШС Бас директоры болып Абылай Исаев тағайындалды.

Ол 1974 жылы Талдықорған қаласында туған. 1995 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын экономист мамандығы бойынша тамамдаған. Ал 2005 жылы Қазақ көлік-жол университетінде инженер мамандығын алған.

Тағайындалғанға дейін, банк жүйесіндегі түрлі жауапты қызметтерде, «Ақтау халықаралық теңіз сауда порты» мемлекеттік мекеме басшылығында жауапты қызмете, сондай-ақ, Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары комитетінің «Қазсушар» РМК бас директорының орынбасары қызметін атқарған.

«Алматыжылукоммунэнерго» ЖШС бас директорының орынбасары

«Алматыжылукоммунэнерго» ЖШС бас директорының орынбасары болып Сүйіндік Ахметов тағайындалды. Ахметов 1974 жылы туған. 1991 жылы Алматы менеджерлер мектебін және 2000 жылы Еуразия нарық институтын бітірген.

Соңғы жылдары «Алматы су холдингі» МКК-де қызмет еткен. «Лашын» жобалау-құрылыс компаниясы» ЖШС директорының орынбасары қызметін атқарды.

Павлодар облысы Успен ауданының жаңа әкімі

Өтіп бара жатқан осы аптаның ортасында Павлодар облысы Успен ауданының жаңа әкімі болып Сергей Саламацкий тағайындалды. Әкімді аудан тұрғындарына облыс басшысы Болат Бақауаов таныстырды.

Сергей Саламацкий 1964 жылдың 16 тамызында Успен ауданының Успен ауылында дүниеге келген. 1989 жылы Целиноград ауыл шаруашылығы институтын инженер-механик мамандығы бойынша бітірген. Өзінің еңбек жолын 1989 жылы К.Маркс атындағы ұжымшарда бас инженер болып бастаған.

2014 жылғы 30 маусымнан бастап, Успен ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарып келді.

Орал қаласы әкімінің орынбасары

Бұл аптада Батыс Қазақстан облысында екі тағайындау болды. Атап айтқанда «Болашақ» түлегі Алтынбек Кеңесұлы Қайсағалиев Орал қаласы әкімінің орынбасары болып тағайындалды.

Қала әкімдігінен түскен мәліметке қарағанда, Алтынбек Қайсағалиев кәсіпкерлік, өнеркәсіп, құрылыс, сәулет және қала құрылысы, қаланы абаттандыру мәселелерімен айналысатын болады.

Алтынбек Қайсағалиев бұған дейін Алматы қаласы кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарды. Өнеркәсіп, индустриалды-инновациялық даму және инвестиция тарту мәселелерімен шұғылданды.

Алтынбек Қайсағалиев Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің сәулет-құрылыс факультетін тәмамдаған. «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты, Бат университетінің (Ұлыбритания) инновация және технология менеджменті саласы бойынша жаратылыстану ғылымдарының магистрі.

Батыс Қазақстан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы

Сонымен қатар, Конкурстық негізде және Мәдениет және спорт министрлігінің келісімімен Батыс Қазақстан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы болып Тимур Әбсағатұлы Шаяхметов тағайындалды.

Шаяхметов 1979 жылы дүниеге келген, білімі жоғары, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін дене шынықтыру және спорт мамандығы бойынша бітірген. Ө.А.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетін экономика және менеджмент мамандығы бойынша, Қарағанды экономикалық университетін құқықтану мамандығы бойынша үздік бітірген.

Шаяхметов 2001-2007 жылдары Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігі Спорт істері жөніндегі комитеті халықаралық байланыс басқармасы, туристік қызметті үйлестіру бөлімінің, спорт инфрақұрылымы бөлімінің жетекші және бас маманы болып істеген.

2007 жылдан 2016 жылға дейін Астана дене шынықтыру және спорт басқармасының «Футбол бойынша мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі» мемлекеттік мекемесінің директоры, «Астана батыры» жекпе-жек клубы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының директоры қызметтерін атқарған.

ШҚО Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы

Ал осы аптаның ортасында Шығыс Қазақстан облысында Ринат Мұратұлы Омаров Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы болып тағайындалды.

Ринат Омаров 1973 жылдың 14 ақпанында дүниеге келген. 1998 жылы Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін «Экономист-бухгалтер» мамандығы бойынша, 2014 жылы «Электроэнергетика» мамандығы бойынша Д. Қонаев атындағы Көлік және құқық гуманитарлық университетінің магистратурасын бітірген.

Еңбек жолын Алматы облыстық статистика басқармасының бюджеттердің статистикасы бөлімінің экономисті ретінде бастады.  Коммерциялық секторда жұмыс тәжірибесі бар.

Оңтүстік Қазақстан облысы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы

Аптаның соңына қарай Оңтүстік Қазақстан облысы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы лауазымына Рақымберді Жанысбекұлы Мулкеманов тағайындалғаны хабарланды.

Мулкеманов 1975 жылы туған, білімі жоғары, мамандығы мал шикізатын тауарлаушы инженер, қаржы және кредит, құқықтану бакалавры. Еңбек жолын 1997 жылы «Қырғызмұнайзат» МАҚ-ның Токмак мұнай базасының экономист-менеджері ретінде бастаған.

«ҚазТрансОйлға» жаңа бас директор

«ҚазТрансОйлға» жаңа бас директор сайланды. Бұл қызметке Димаш Досанов келді.

«ҚазТрансОйл» АҚ Директорлар кеңесінің 2016 жылғы 5 тамыздағы шешімімен «ҚазТрансОйл» АҚ Бас директоры Нұртас Шмановтың 2016 жылғы 1 тамыздан бастап, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мұнай тасымалдау бойынша аға вице-президенті болып тағайындалуына байланысты оның өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды.

Директорлар кеңесінің жоғарыда көрсетілген шешімімен 2016 жылғы 6 тамыздан бастап, «ҚазТрансОйл» АҚ бас директоры болып Димаш Досанов сайланды» делінген хабарламада.

 

Дереккөз: ИА «Казинформ»

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз