Алып қашудың құрбаны болған қыз жантүршігерлік апаттың қалай болғанын айтып берді

0
902

Алматы облысында қыз алып қашып келе жатқанда болған жантүршігерлік жол апатынан аман қалған қыз тілге келді. Бүгін Әлия Ошақбаева болған оқиғаны өз аузымен айтып берді.

Алып қашудың құрбаны болған қыз жантүршігерлік апаттың қалай болғанын айтып бердіСКРИНШОТ КТК АРНАСЫНАН

Бұл туралы КТК арнасы хабарлайды.

 

Айта кетсек, бірер күн бұрын қыз алып қашудың арты 4 адамның өлімімен аяқталған еді. Яғни, келін түсіруге асыққан көлік қарсы бағытта жүйткіп, жүк көлігімен соғысқан болатын. Машинадағы қалыңдықтан басқалары сол жерде тіл тартпай кетті.

Басында той болады деп, өкінішке қарай, арты жаназамен аяқталған оқиға Алматы-Көкпек-Көктал тас жолында орын алды. Қыз алып қашып келе жатқан көлік қарсы бағытта жүйткіп, жүк көлігіне соқтығысқан. Күйеу жігіт пен жолдастарының өмірі сол жерде қыршыннан қиылды.

Жалғыз аман қалған Әлия Ошақбаева ауруханаға ауыр хәлде жеткізілген. Басында оны жігіттер келісіммен алып қашқан деген ақпарат тараған еді. Бірақ Әлия соны теріске шығарып отыр.

«Алдап шығарып алды, көмек сұрап. Басқа жаққа кетіп бара жатқаннан кейін сұрадым «Қайда барамыз?» деп. Содан кейін, «Алып қашу деген осы болады» деді де, бұлар. Біреуі үйіне хабарласты. «Көнбей келе жатыр» деді. Онда «Үйге тез жетіңдер» деді. Бұлар жылдамдықты көбейтті», – дейді Әлия.

Жол апатынан 22 жастағы қыздың қол-аяғы, жамбасы мен омыртқасы сынған. Аудандық аурухана дәрігерлері оны бүгін ғана жан сақтау бөлімінен шығарды.

Отбасын құрамын деп қыз алып қашқан 28 жастағы жігіт те, оның жолдастары да кеше жер қойнына тапсырылды. Қара жамылғандар Әлияның жақындарынан кешірім сұрап келіпті. Ал сынбаған жері қалмаған қыздың жақындарының тек бір ғана талабы бар.

«Ол кісілерден талап ететінім: қарындасым қалай болды аварияға түспей тұрып, қалай жүрді, сондай қалпына әкеліп берсін. Жерлеп біткеннен кейін ертесі барамыз больницаға деген. Ол значит бүгін. Бүгін ешкім келген жоқ», – дейді Әлияның ағасы Әлижан Ошақбаев.

Қазір соңы орны толмас қайғымен аяқталған оқиғаға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Арнайы сараптама да тағайындалған.

Ал, жантүршігерлік апаттан денесінің сау-тамтығы қалмаған қыз бұл ауруханада дүйсенбіге дейін болмақ. Бірақ бұл Әлия Ошақбаева құлан таза айығып кетті деген сөз емес. Науқасқа әлі бірнеше рет ота жасалуы тиіс. Сондықтан, ол енді қалалық дәрігерлердің бақылауына ауыстырылады.

 

Дереккөз: КТК арнасы

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз