Сағыздың сазайын тартқызған Ертісбаев бүлінген кәстөмінің кегін қайтарды…

7
265


Сағыз жайлы аңыз

Ал президент сағызды сынағанда, сағыздарын жұтып жібергендер не істеп жүр екен?

   Сағыз қазір біздің елде  ең басты мәселеге айналды… Кәдімгі күнде шайнап  жүрген, кез келген жерде сатылатын сағыз. Неге десеңіз ол… анау-мынау майда-шүйделердің немесе сатушы мен дәрігерлерлердің кеңес-ескертпелерінде емес… мемлекет басшысының баяндамасындағы басты тақырып болды…  Қазақстан Халқы Ассамблеясында жасаған баяндамасында Елбасымыз  еліміздегі ұлтаралық татулық пен бірлікті, маңызды да, күрделі мәселелерді  әлемдік ауқымда қарастырып жатып… кенеттен сағызға ауысып кетті… Отырғандар түкке түсінбесе де, әдеттегідей орындарынан өре түрегеліп, ұзақ ду қол шапалақтады. Сағыздай созылған жиналыста сағызын шайнап отырғандар ауыздарынан алып үлгере алмай… түгел жұтып жіберді…

Иә, мемлекет басшысы тазалық сақтау туралы өте дұрыс айтады. Сағызын шайнап болған соң, қоқыс салғышқа апарып тастайтын адам 1 пайыз да, шырт түкіріп кете беретіндер 99 пайыз шығар… Кейбіреулер тастағаның былай тұрсын… орындыққа, қабырғаларға, т.б. жерлерге жабыстырып кете салады… Сағыз бен сана мәселесін қосып қарастыру осыдан шығады…

Бұл сағыз мәселесі барлық баспасөзде жазылды. Әйгілі оппозициялық басылымдар «Бізде сағыздан басқа мәселе құрып қалды ма? Баяндаманы кімдер дайындаған?» – деп, айызы қанғанша… сағыздай шайнап тұрып сынады. Билік басылымдары, әрине, «Ойбай, баяғыдан бері біз неге байқамағанбыз? Елбасының көрегендігі болмаса, тазалықты да ұмытып кетіппіз, сағыздың атасына нәлет» – деп, бірнеше сандарын сағыздай созып… сағызға соғыс жариялады. Ал полиция сағызбен амалсыз қоштасып… сағызын шайнап-шайнап… түкіре салған тәртіпсіздерді президент баяндамасы баспасөзде жарияланбай жатып, жазалауға жаппай кірісіп кетті…

Әрине, тазалыққа не жетсін! Ол (сағыз емес… тазалық) ең алдымен денсаулық кепілі екенін ұмытып кетеміз. Сағыз туралы да аңыз көп екен… Сағызымызды шайнап отырып, ғаламтордан осыны байқадық. Біреулер денсаулыққа пайдалы дейді. Енді біреулер сағыз ақылды азайтады екен деп мәлімдейді. Бірақ, бір анығы сағызды жұтып қою… денсаулыққа түк те зиян емес екен… Сондықтан, Қазақстан Халқы Ассамблеясындағы жиналысқа қатысқан шенеуніктер сағыздарын жұтып қойғандары үшін… үрейленбеулеріне әбден болады… Уайымдарынан арылтар анықтама берген еңбегіміз  үшін айтар алғыстары болса,  қабылдауға дайынбыз…

Хош, сонымен, сағыз жайлы аңыз неден шықты? Осыған келейік. Президент әкімшілігі бар, Үкіметі бар, Парламенті болса да, үлкен кеңселердің кең дәліздерінде ертелі-кеш ерсілі-қарсылы жосып жүретіндер де, есікті іштен жауып алып, есінеп, сағыз шайнап отыратындар да Президенттің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі Ермұхамед Ертісбаевты көрсе сезіктене қарайтын болыпты бүгінде… Оның себебі де бар сияқты… Сағыздай созып, саясат айтатындарға сенсек… Ерекеңнің үш мың долларлық италиялық кәстөміне сағыз жабысып қалып… жарамсыз етіпті… Бұл сағыздың да жүрмейтін жері жоқ, президент әкімшілігінде несі бар десейші… Содан президент баяндамасын дайындап отырған Ерекең де ер екен, сағыз тастағыштар туралы тарауды қосып кеп жіберген көрінеді… Күйіп кеткен ғой, қайтсін енді… Міне, сағыз мәселесінің басы қайда жатыр?

Бұның рас-өтірігін бір құдай білер, бірақ бұдан әрине, еліміз ұтылған жоқ. Тазалық науқаны басталды да кетті… Сол үшін Елбасымен бірге, Ерекеңе де рахмет айтуымыз керек. Тазалық, яғни  денсаулық үшін бір қымбат кәстөм құрбан болса, болады да… «Ден сау болса, болғаны, бола берер қалғаны» деп әндетеді ғой біздің шымкенттіктер, солар бір нәрсе біледі…

Тек біздің білмейтініміз бар екен… Ол үшін, яғни, Президенттің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі сағыздай мәселелер жөніндегі кеңесшіге айналып кеткенін қанша жылдан бері сезбей келгеніміз үшін Ерекеңнен кешірім сұрауымыз керек шығар…

Сағыздарыңызды  тастамаңыздар, мырзалар мен ханымдар!..

Қазыбек ИСА

сурет: http://jasqazaq.kz

7 ПІКІРЛЕР

  1. БҮГІНГІ ЗАМАННЫҢ НАҒЫЗ САЯСИ САТИРАСЫ! ИРТЫШБАЕВТЫ МАҚТАМЕН БАУЫЗДАПТЫ ҚАЗЫБЕК БАУЫРЫМ, РАХМЕТ.

  2. Сағыз негізі Ертісбаевтың шалбарына жабысыпты… Содан ашуланған екен ол…

  3. Сағыз денсаулыққа зиян, САғызды жұтып қойсаныз неше түрлі ауруларға ұшыратады, сағызды тамақтан соң 5 мин шайнап,қоқысқа салу қажет, сонан сон ауызды сумен шаю қажет

  4. Не істерін білмейді Мәуленбай таз! мәтел бар , ұят ұят, шал алжығанба?

  5. журсин сол сағыздарын шайнап,, басқа жұмыс жоқ ед айтатын

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз