Қазыбек Иса. АҚЫНДЫҒЫН АЙТПАЙТЫН АЗАМАТ

0
983

 

Азат 1А

 

Осыдан екі жыл бұрын, 2014 жылы күзде  маған Ресейдің Халықаралық Сергей Есенин атындағы сыйлығы – “Алтын Күз” ордені берілді.  Сыйлықты  Алматыдағы Ұлттық кітапханада өткен жиында   Мәскеудегі Халықаралық Жазушылар одақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары, жазушы Владимир Середин  тапсырды.  Қазақтың көрнекті қаламгерлері  Дулат Исабеков, Темірхан Медетбек, Әлібек Асқаров, Бақыт Сарбалаев, Аманхан Әлім және т.б. зиялы қауым қатысып отырған жиында “Ақ жол” партиясы төрағасы, Мәжіліс депутаты  Азат Перуашев та  сөз сөйледі.

Мәскеулік қадірлі  қонаққа  қарата сөйлеген саясаткердің сөзі ақын-жазушылардан кем болмай,  көпшілік  ризашылықпен қол соғып, қошемет білдірді. 

“Мен   нәзік те, талғампаз әдеби әлемнен алыстау жүрген адаммын, өйткені саясат дегеніңіз күнделікті нақты істерді талап етеді. Халықаралық Жазушылар одақтары қауымдастығының  біздің қадірлі Қазыбек Жарылқасынұлына тапсырған марапаты  бүгінгі қазақ поэзиясындағы  оның орнына лайық деп  санаймын. Бұл белгілі әдеби сыйлықты   Қазақстанда тұңғыш рет алып отырған лирик ақын Қазыбек Исаға шығармашылық табыс тілеймін.

Мен  әдебиеттен алыс болсам да, өзімді аударма саласында сынап,  Қазыбек Исаның  “Құлай сүйгенім” деген өлеңін орысша аударып   көрдім.  Ал қазір біз бұл аударманың сапасын тексеріп көрейік”дегенде,  аң-таң болған әдеби қауым дүр ете қалды…

Азекең  алдымен маған өлеңнің  өзін оқытып алды:

Құлай сүйгенім… қайдасың, Құралай мүсін…
Құлаған ақын көңілін сұрамаймысың?..
Қарақат көзің қадалса, қанат бітеді…
Ұмытар Асан қайғы да… сірә қайғысын…

Ай келбет ару, Күн шырай, Құралай мүсін…

 

Шабыт шалғанда шарықтап шабамын да айға,
Шақырады ылғи төсіне дала мұндайда…
Сен неге бәрін жаным-ау, жайып салмайсың…
Сезген соң сезім сәулесін жауабың қайда?

Жауабың қайда, жаным-ау, жауабың қайда?

 

Өзіңе емес… Өлеңге батылы бардың,
Жүрегін түсін…
Жүдей ме ақының әр күн?
Мәжнүн боп кетпей тұрғанда шала есті шайыр…
Барлығын жиып қойғын да, шақырып алғын!..
Шалқысын әлем шайырмен… Шақырып алғын!

Содан соң өзі орыс тіліндегі аудармасын нәшіне келтіріп тұрып оқи жөнелді:

 

Предчувствие любви

 

Где ты, кого я так любил,

со станом тонким,

Поэта, впавшего в хандру,

о нём не спросишь…

Одним лишь взглядом

окрыляешь только,

Да так, что горе и печаль

навек уносишь.

Лицом луна, светла как день,

со станом тонким…

И вознесёт к ночному небу

вдохновенье,

И позовёт в степную даль,

вслед за собою…

Так почему ж ты не

отринешь все сомненья,

Почуяв жар моих лучей,

излитых болью…

Где твой ответ на голос мой,

где твой ответ?

Нет, не тебе…

Стихам повелеваю.

Почувствуй сердце,

что страдает тяжко…

Пока мой разум не

дошёл ещё до края –

Забудь про всё

И позови однажды!

И захлебнётся мир

моей любовью…

Kazyibek-Isa-Esenin-ordeni-2

 

Азат Перуашевтың  айшықты аудармасына ел қатты разы болып, дуылдата қол соқты.  “Ақын ғой мынау” -деді риза болып, ешнәрсе таңдандыра қоймайтын, таяуда ғана Лондондағы  Корольдік  театрда пьесасын тамашалап келген  тарлан  Дулат Исабеков.  “Мықты екен!”-деді көк түріктің көрнекті ақыны Темірхан Медетбек. “Күшті аударыпты”- деді өзінен басқа  ешкімге көңілі толмай жүретін  Аманхан көкем.  “Лирично!”-деді мәскеулік Владимир Середин. «Более эротично»-деді жиынды жүргізіп отырған жазушы Әлібек Асқаров мәз болып…

Тағы бір қызығы – Ұлттық кітапханада  Жазушылар одағының 80 жылдығына көрме ұйымдастырылған екен.  Көрмеге қойылған әр жылдардағы басылымдарды қарап жүріп, Азат Перуашев “Простор” журналынан өзінің 1990 жылғы өлеңін тауып алды. Бұл да біз үшін тың жаңалық болды.

Жаңалықтың көкесін кейін көрдік – сол жылы Азат Перуашевтың  “Живу в последний раз” атты жыр жинағы “Тұран” баспасынан 15 баспа табақ болып басылып шықты. “Когда строку диктует чувство… (о поэзии Азата Перуашева)”  атты  филология ғылымы докторы Е.Тұрсынов пен филология ғылымы кандидаты К.Жаңабаевтың алғысөздері көп нәрсеге көз жеткізеді екен. (Журнал «Литературный Казахстан», № 4, 2009 г.)  Сөйтсек, Азекеңнің өлеңдері бұрын “Простор” журналында (1990 ж.) , “Күміс күйме” жинағында (2001 ж.), “Аманат” альманахында (2003 ж.) басылып жүріпті… Оны айтасыз, тіпті, 2000 жылы халықаралық “Сорос” қоры өтізген «Литературный Казахстан» ұлттық байқауының лауреаты да болған екен!

Бұның бәрінің белгісіз болып келуі, кітаптың аннотациясында жазылғандай,  Азекеңнің  шығармашылықты  басты мақсат етіп қоймағанында, яғни,  өзін кәсіпкер, экономист, кейде саясаткер санауынан, бірақ ешуақытта өзін ақынмын деп есептемегенінен  болса керек…

Күнделікті күйбең тірлікпен жүріп, Азекеңнің осы жыр кітабына терең үңілудің сәті түспепті. Енді байқап қарасам, ағысы тереңде жатқан алабұртқан сезімдер мен азаматтығы қатар қанат қаққан жыр әлеміне кіріп кетеді екенсің… Әрине, бұл басқа бір әңгіменің өзегі.

Менің айтайын дегенім, кітаптағы бір өлең туралы.   “Я – смуглый мальчик из аула”-деген жырды оқи отырып, одан мен өзімді көрдім. Мен ғана емес, оқыған әр ауыл баласы өзін көретіндігіне сенімдімін! Қалай аудара жөнелгенімді, еш қиналмай еркін құйылып түскеніне өзім қайран қалдым. Яғни, ол өлеңдегі ауыл баласы – мен болғаным ғой…

Шыдамай, Арман Сқабылұлына телефон соғып, оқып беріп едім, үні шықпай біраз отырып қалды… “Ұнамады ма, немене?”-деп ойлай бергенімде: “Туу-Қазеке, адамды толқытып жібердіңіз ғой. Күшті жыр екен!”- деп, көңілімді бір көтеріп тастады.

Енді кезек маған келді, Азеке!  Сіздер де оқырман қауым, менің аудармамды сынап көріңіздер. Алдымен Азат ақынның  өзін сөйлетейік:

 

Я – смуглый мальчик из аула

1 год после смерти папы

Я – смуглый мальчик из аула.

На мне немодная одежда,

отцовский ношеный пиджак.

Но каждый шов на дне карманов

я нежно пальцами ласкаю,

и нити швов мне греют руки,

как грела их ладонью мать.

 

Я неухожен, непричёсан,

я на чешуйке тротуара

и робко вглядываюсь в лица,

страшась поддержки не найти.

Но я чужой для сотен встречных,

для взглядов, что меня не видят,

для жестов, что меня стирают

с их торопливого пути.

 

Я сельский мальчик, я запуган,

в огромном городе-надежде,

в холодном городе-враге

мне долго не найти приюта.

И сто рублей, зашитых мамой

в изнанку новых школьных брюк

мне будут долго сладко сниться,

как дымной родины письмо.

Я смуглый мальчик из аула.

Мне восемнадцать, двадцать, тридцать…

Но память вновь меня бросает

на узкий мокрый тротуар.

 

И ты меня сегодня встретишь

в мальчишке с робкими глазами:

я сам себя доныне вижу

в любом ребёнке из села.

 

На мне немодная одежда,

отцовский ношеный пиджак,

но каждый шов на дне карманов

я нежно пальцами ласкаю,

и нити швов мне греют руки,

как грела их ладонью мать.

г. Алматы, 1995 г.

 

Енді менің аудармамды оқыңыздар:

 

МЕН – АУЫЛДЫҢ БАЛАСЫ

Әкем  дүниеден өткенннен кейінгі бір жыл…

 

Мен – ауылдың қараторы баласы

Киімімім де сәнді емес…

Әкем киген  пиджагыма қарашы,

Бейнесі оның  мәңгі елес…

 

Саусағыммен қалтасының тігісін

Аялаймын ақырын.

Жібін сипап,  ашылады тынысым,

 Тіккен оны ең аяулы жақыным…

 

Күтінбегем, таралмаған шашым да,

Соқпақ  жолмен келемін.

Әркімнен  мен жасқанамын расында,

Көре алмай бір  демеуін…

 

Жүргіншілер үшін иә, бөтенмін,

Елемейді мүлде олар.

Жолдан мені шетке қағып өтер мың,

Асығысқан түрде олар…

 

Мен – ауылдың  жасқаншақтау баласы,

Үлкен қала  үмітімді үрлей ме?

Үрейлісін, суықтығын қарашы,

Баспанасыз , қорғансызбын бір бейне…

 

Анам тіккен астарына шалбардың

Жүз сомдықты қоям жаймен сипалап.

Оны  ауылдың  хаты көріп,  алдандым-

Түсіме енер  бойға тәтті  күй тарап…

 

Мен ауылдың  қараторы баласы,

Тас қалада берілемін бар мұңға…

Соқпақ жолым,  қайда тартып барасың,

Не күтіп тұр алдымда?

 

Сен де мені кездестіріп қаласың,

Жасқаншақтау жанарында – өлеңі…

Көрген кезде   әр ауылдың  баласын,

Мен өзімді көремін..

 

Мен – ауылдың қараторы баласы

Киімімім де сәнді емес…

Әкем киген  пиджагыма қарашы,

Бейнесі  оның мәңгі елес…

 

Саусағыммен қалтасының тігісін

Аялаймын ақырын.

Жібін сипап,  ашылады тынысым,

Тіккен оны ең аяулы жақыным…

                  Алматы қаласы, 1995 жыл

 

Азат Перуашев ақын ба, ақын емес пе,  анығын оқырман қауым айта жатар.  Әрине, атасы Перуаш Кәрімұлы 1937 жылы Алаш идеясы үшін тұтқындалып, түрмеден “Мен де аман келермін” деп, күзетшілер көзіне түспеу үшін киімдерін ораған газетке сүтпен өлең жазғанына қарағанда, ақын болмауы да мүмкін емес шығар… Сол кезде ол өлеңді жатқа айтқан  14 жасар жетім қызды тергеп, түрмеге сүйрелегенде, ел болып құтқарып қалған екен. 2014 жылы Перуаш Кәрімұлының  жүз жылдығын атап өткенде, сол тоқсандағы кейуана Бикүл Мұқанқызын  тауып алып, өлеңді айтып беруін сұрағанда, “Түрмеге алып кетпей ме тағы да ?”- деп үрке қарағанда, сексен жылдан бері кетпеген 37-нің ызғарынан біз де қалтырап кеттік…

Азекең, ең бастысы, елі үшін жаны күйіп, жанталасып жүретін жайсаң мінезді,  жарқын ойлы Азамат!

Бүгінде қазақ үшін қадірлі мүшел жастан мүдірмей шығып жатқан Азат Тұрлыбекұлына аламан өмірде Ақ жол тілейміз!

Қазыбек ИСА,

“Қазақ үні” газеті

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз