Мақпал ЖҮНІСОВА: Мен күйеуге шығам десем, жетіп келейін деп жүргендер баршылық…

63
1136

«Әйгілі әнші Мақпал шетелге көшкелі жатыр» деген хабар газет бетіне шыққан күннен бері редакция телефонында дамыл болмады. Өзге өнер адамдары шетке кетіп жатқан кезде, дәл осылай алаңдаушылық білдіріп, мазасы кеткендерді көрмеп едік. Біз газетіміздің өткен санында оқырманға берген уәдемізде тұрып, әйгілі әншіден мән-жайды білдік. Сонымен бірге Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Мақпал ЖҮНІСОВА көптен бері көкейінде жүрген біраз ойды «Сәрсенбінің сәтінде» жайып салды. Біз де Мақпал әншінің айтқанын қаз-қалпында газет бетіне көшірдік.

 

Демеушілік жасаймын деп, небір оймен келетіндер бар…

 

– Газеттен «Әйгілі әнші Мақпал шетелге көшкелі жатыр» деген хабарды оқыған шығарсыз…

– Оқыдым… Бірақ бір түрлі көңіл-күйде болдым. «Шынымен де шетелге кетіп қалсам, не болар еді?» деген ой келді басыма. Осы хабар газетке шыққаннан кейін таныс, бейтаныстардың бәрі телефон соғып, мені іздеп, алаңдап жатыр. Менің шетелге көшкенімді қалайтын бірде-біреу болмады…

– Сонда… расымен-ақ көшіп кетпек пе едіңіз?

– Жоғ-ә-ә! Ойымда ондай пиғыл жоқ. Өз елімнен ешқайда кетпейтінім айдан анық мәселе. Өз жеріңде өз халқыңның еркесі болып жүргенге не жетсін, шіркін! Шетелге шақырып, ұсыныс айтып жатқандар бар. Түркиядан мемлекеттік мәдениет шенеуніктері «келіңіз, үй береміз, еңбек етіңіз» деп ұсыныс жасады. Алайда олардың қойған шарты: «бізбен келісім-шартқа отырасыз, елу де елу пайыз, түрікше-қазақша өлең айтасыз», – деді.

Түрік тіліндегі әндерді жаттау аса қиын емес, түбі бір түрікпіз ғой, ал бара қалған күннің өзінде ондай шартпен ешуақытта келіспес едім.

Қытай еліндегі бай-қуатты қазақ азаматтары да өз ұсыныстарын бірнеше рет айтты: «Сізді аңсаған, сізді көргісі келетін қазақ жұрты көп, біздің ортамызда жүрсеңізші», – деп. Мен ешкімге де келісім берген жоқпын. «Қызым мектепте оқиды, өзі мектебін жақсы көреді, ешқайда ауысқысы келмейді, ұстаздарын, достарын қимайды, сондықтан ешқайда бармаймыз» – деп, әрең құтылған жайым бар.

– Сонда бұл қайдан шыққан лақап деп ойлайсыз?

– Мені шетке шақырғандардан шыққан әңгіме болуы әбден мүмкін. «Дәм-тұз айдаса, кетіп қалуымыз да мүмкін…» деген қалжыңымды тура түсінгендерден шыққан лақап деп ойлаймын. Шет мемлекеттерге гастрольдік сапарға барған кезімде: «Шақырып жатсаңыздар, келіп қалуымыз да мүмкін, ойланайық», – деп айтқаным бар. Бәлкім, бәз біреулер шетелге кеткенімді қалайтын шығар, кімнің аузына қақпақ қоярсыз.

– Осы хабарды естіген кезде біз де сенер-сенерімізді білмедік. Бір жағынан намысы биік Мақпал қыз қашанда «кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген қағидаға берік екеніне шәк келтірмейтінбіз. Тағы бір алдампаз түйсік іштей «көшпегенде қайтсін, бүгінгі қазақ қоғамының қатыгездігінен түңілген шығар» деп сыбырлайды. Дегенмен, екі ұдай ойыңыз жоқ па?

– Зәкең қаза болғаннан кейінгі бір екі жылда сондай ой болғаны рас. Қорқыныш пен үрей бойымды билеп, кетіп қалсам ба екен деп, іштей алай-дүлей жүрген кездер көп болды ғой… Бірақ сонда да жұртқа жария етіп, «мен елімнен кетемін» демеп едім. Қызымның арқасында мені қадағалап, қолдап, демеп, тілеулес болған қазағымның сенімін таптағым келген жоқ. Ой болды, әрине. Кетіп қалсаң, ел не дейді, елін, жерін тастап кетті дейтін қалың ел бар емес пе? Туған-туысқандарым менің таңдауымнан аса алмайтыны белгілі, келісер еді ғой… Бірақ мен ондай кезеңнен өттім, Мерейімнің әр қадамына қуанып, өсіп келе жатқанын көріп, ақыл тоқтатып, сабырға келген түрім бар. Атақ-даңқты өз елімнен алдым, құрметке осы елде бөлендім, сондай жақсылықты қалай таптап кетемін!

– Жөн екен! Газет оқырмандарын, өзіңізді сүйетін қазағыңыздың көңілін орнына түсірдіңіз. Ендеше концерттік шығармашылықты сөз етейік: естуімізше биылғы маусым айына жоспарланған ән кешінің уақыты кейінге шегеріліпті. Оған нендей себеп болды?

– Концерттің кейінге шегерілуіне Республика сарайының жалдама ақысы қымбаттауы себеп болды: 3,5 миллион теңге сұрап отыр. Менің концертімді ұйымдастырушы, белгілі композитор Қалдыбек Құрманәлі сарай басшылығымен келіссөз жүргізген соң: «Осы соманы төлеуіміз керек екен…» деген-ді. Отыз бес мың долларға жуық қаржыны қайдан табам: «Айналайын, өзім жыл бойы дамыл таппай еңбек етем, халықтың маған берген несібесін үкіметке апарып тапсыруым керек пе?!» – дедім. Қызым болса өсіп келеді, қор жинауға да мүмкіндігім жоқ. Заман болса қиын – қымбатшылық. Концерттен өзіме пайда түсе ме десем, өзімді тақырға отырғызар түрі бар. Ал жалдау ақысын азайту үшін, әкімшілікке барып, хат жазып, «мен осындай атақ-дәрежесі бар әнші едім» деп, жалбарынып, сорлы болып, сұрауым керек екен. Мен ондайға барғым келмейді. «Жұлдыз» ауруымен ауырып отыр деп қалмаңыз, әуел басынан сарайдың жалдау ақысын белгіленген кезде, Қазақстандағы саусақпен санарлық Халық әртісі атағы бар өнер иелері концерт қоятын болса, елу пайызын төлесін деген тәртіп енгізуге болар еді ғой. Енді кабинет-кабинеттің есігін қағып, жалынып жүруіміз керек пе?

– Алматы сияқты ірі мегаполисте қалалық әкімшілік бір сарайды қазыналық мекеме ретінде мемлекеттік меншікте ұстап отыра алмаса, ол әкімдіктің әдірәм қалғаны десеңізші…

– Мұндай қиындықты туғызған кім болса – ол болсын! Менің жалынуға намысым жібермейді! Бізді еңбектетіп қойғылары келеді! Өлердегі сөзімді айтып, өтінсем, аренда төленер еді, бірақ менің жалынғым келмейді. Билікке айтарым: Халық әртістерінен осындай ақша сұрау – масқара ғой! Ондай жағдайда бір билеттің құны 100 доллардан кем болмауы керек. Мәскеуден келгендердің концертінің билеті 20 мың теңгеден жоғары. Біздікі ең қымбат дегенде 5 мың теңге. Қарапайым қазақтардың қалтасы көтере ме, бір сәт қара қазақты да ойлау керек қой?!

– Өткенде тағы бір басылымнан Мақпалдың Астанадағы концертіне әлдебір кәсіпкер азамат демеуші болды дегенді оқыған едік. Республика сарайы жалдау ақысына әкесінің құнын сұрап отырса, Алматыдағы концертіңізге де бір жомарт демеуші табылмады ма?

– Демеуші табылады, бірақ мен іздеген жоқпын. Кезінде менің жеке концерттеріме Болат Әбілев, Өмірзақ Сәрсенов, Болат Өтемұратов сияқты азаматтар демеу көрсетті. Ал биылғы Астанадағы концертіме қаржы табу біраз қиындық туғызды, аннан-мұннан сұрауға тура келді. Бір тойда Болат ағамен кездесіп қалғаным бар – кезінде Зәкеңнің қамқорлығын көрген жігіт қой – өзі жағдайымды сұрап, қандай көмек қажет деді. «Жоғымыз көп қой, қайсыбірін айтайын…», деген жұмбақтаған сөзім әсер етті ме: «Концерт қойсаң, көмек керек болса, ертең кел, Роза Рымбаеваға да көмектесіп жатырмын», – деген соң, ешбір қысылмастан бардым. Жанымдағы музыканттардың жол шығыны, басқа да қажеттерін төлеу үшін, он мың доллар сұрап едім, жиырма мың доллар берді. Туғаның емес, ыңғайсыздандым, қалай қайтарам деп, сасып қалдым. «Алладан қайтсын!» деп, рахметімді айттым.

Демеушілік жасаймын деп, небір оймен келетіндер бар: бір ауыз сөзінен не қалап тұрғаны белгілі болып қалады. Біреулерге 10 мың доллардың құны он мың теңгедей-ақ шығар. Ресторанға шақырып, көмектесейік дейтіндер де бар. Бірден ымды түсіне қоятын әйел емеспін бе, өзімнің ішкі түйсігім алдамайды, барсаң айтқанына көну керек, сондықтан көп ретте ондай «демеушіліктен» бас тартамын.

Елге, тыңдарманға жақсы әндеріңді жеткізгің келеді. Өмір бақи дауысың өз қалпында тұрмайды ғой, дер кезінде, бабыңда тұрғанда концерттік бағдарлама беру керек, қазақ әні артымызда өсіп келе жатқан ұрпақ үшін, ел үшін керек. Қазақтың ұлы композиторларының әндерін, халық әндерін ұрпақ игілігін қалдыруымыз керек. Көрші Ресей өздерін «Великая Россия» деп бекер айтпайды, сол деңгейге жетпесек те, сорлы болмауымыз керек. Жұлдыздары өзінің жеке ұшағымен сайраңдайды. Ал біз болсақ, тойға барып, ең көп дегенде 2–3 мың доллар үшін ән салып, ақша табамыз.

– Сарайды сөз етеміз деп, өнердің өлкесінен ауып кеткен екенбіз: Мақпалдың бүгінгі репертуарында не жаңалық бар?

– Концерт беру – өз алдына бір мәселе болса, әндерімді жаңартып, жаңаша еңбектену – ең басты мәселе. Жаңа әндерім көп. Көп әндерім таспаға түспей, телеарналарға ілінбей қалады. Ал «Қазақстан» арнасы мен «Шалқар» радиосы жаңа әнімді бірден таспаға түсіріп, эфирге жібереді, тіпті алтын қорға өтіп кетеді. Концертте үнемі жаңа ән салсаң да, қызық болмай қалады, елдің қалаған әндері, ретро әндері бар дегендей. Жуырда Астанадағы концертімді «Қазақстан» ұлттық арнасы тегін түсіріп берді. Арна басшысы Нұржан Жалауқызы өтінішімді жерге тастамады, бірден монтаждап, эфирден көрсетті. Жомарттығы басым ер азаматтар, өнерге жанашыр осындай қыздар көмектерін аямайды. Достық, сыйластық қарым-қатынас ақшаға сатылмайды. Біз күнде концерт бермейміз ғой. Адамдармен арадағы қатынасты ішкі дүние байлығы жарастырады.

– Қазақстанның сахнасында өріп жүрген «жұлдызсымақтар» нағыз өнердің қадірін кетірген жоқ па?

– Осындай сұрақты барлық журналистер қояды. Отырып алып, әншілерді жамандасаң, өзің су ішкен құдығыңа түкіргендей боласың… Негізгі сыншы халықтың өзі ғой. Сахнаға шығып жатыр – дарындысы, арасында – орташасы, тіпті мұрнына әннің исі бармайтындары да бар. Айдай сұлу, әдемі қыздар да бар. Алайда сол қыздар ақшасы барын көрсеткісі келе ме, әлде сұлулығын экранға шығарып, танымал болсам дей ме, тіпті хоббиі сахнаға шығу ма – ол жағын білмедім – өнердің қадірін кетіреді. Әрине. бағасын беріп, өнерін саралайтын – халық. Кезінде қаншама ақша төгіп, сахнаға шыққан әншілер болды. Солар бірер жылдан кейін көзден ғайып болды, әні де, өзі де ұмыт қалғандары бар. Көбі өздеріне ғана емес, қазақ өнеріне обал жасайды, елді шатастырады. Қазақтың әнін еуропаша айтып, әуенін өзгертіп, тілін бұрап, халық әніне қиянат жасайды. Дауысыңа сеніп, сахнаға шықтың ба, елдің көңілінде әдемі әнмен қалуға тырыс!

 

Жаңаөзен  қасіреті тағы да үнсіз қалды.

Заманбекті де атып өлтірген қазақтың осындай үнсіздігі деп санаймын.

 

– Мақпал, өнер деген жарықтық қоғамның тірлік-тынысынан бөлек емес қой. Мәселен, қазақтың қаны төгілген Жаңаөзен қасіреті өнер жолында жүргендерді айналып өткен сияқты. Бірде-бір өнер адамы қайырымдылық концерт өткізіп, батыстағы қазаққа демеу көрсете алмады. Осының себебі неде?

– Ақтау мен Атыраудағы концерттерге қатысып, жаңаөзендіктерге өз атымнан көңіл айттым. Ал менің әншілігім осы жылы концертсіз, тек тоймен ғана өтіп жатыр. Астана, Семей, Өскемен, Жамбыл қалаларында ғана концерт қойдым. Ал мұндай қайырымдылық шарасын мәдениет мекемелері ұйымдастыруы керек қой. Жеке әнші саясаты басым жерде қайырымдылық концертін қойып, береке таппайды. Оның үстіне мұндай мәселеде тыйым да көп жасалады. Өткен жылы Қасым Аманжоловтың 100 жылдығы құрметіне деп ел араладық, сондай кезде саясатты айтпаңдар деп алдын ала ескертеді. Мен өз ойымды ашық айтсам, қалған жиырма әртіс аузын жауып, үнсіз тұрады. Қоғамнан еріксіз тыс қалатынымыздың себебі мен үшін түсінікті жайт екені сіздерге мәлім.

Жаңаөзен қазақ үшін қасірет болды! Қазақ қазаққа от атты. Ол мәселе тағы да үнсіз қалды. Заманбекті де атып өлтірген қазақтың осындай үнсіздігі деп санаймын. Міне, тағы да қаншама отбасының шаңырағы қайғыға батты. Оның шындығы тағы да айтылған жоқ. Қазақ осылайша мыңқиып жүре берсе, әлі талай қасіретті басынан кешеді…

– Бұл тек сізге ғана қойылған сұрақ емес, қоғамдағы қорқыныштың ызғарына өнердің тәуелсіз тұлғалары қарсы тұра алмаса, қарапайым қазақтан не қайыр, не үміт күтуге болады деген жалпы жұртты алаңдататын мәселе ғой, Мақпал!

– Мен қорқудан қалған адаммын. Біздің қазақтың жөн-жосықсыз қырылып жатқаны – дұрыс саясат жасай алмай отырғандардың кесірі. Өздеріңіз ортасында жүрген оппозицияны да ыдыратып жатыр. Кезінде оппозицияны қолдаймыз дегендердің қатары көп болған. Бәрінен хабардармыз. Тоқтар ағамызды да түсінбей қалдық. Халықты көшеге алып шықсақ, босқа қан төгіле ме деп қорқамыз! Дегенмен, түбінде халық өзі шығады, оны айдап шығара алмайсыз. Ұлағатты сөз айтатын, аталы ақыл қосатын тұлғалар сөйлесе, дұрыс болар еді! Заманбек пен Алтынбекті атқанда да қазақ үндеген жоқ….

– Жаныңызды жұбатар Мерейіңіз өсіп қалған шығар: нешінші сыныпқа келді?

– Мерей төртінші сыныпқа көшті. Кеше Ұлттық арнадан Мерей қатысқан қойылымды көрсетті. «Қыздар, шаштарыңа ақ бантик тағып, дұрыс киініңдер!» – деп, мектеп директорының рөлін ойнады. Сыныбында үлгілі оқушы. Тәртібі де жақсы. Спортпен айналысады. Өскен сайын таңдауы да құбылып тұрады екен, қазір ипподромға апарып жүрмін, кәдімгі шабандоздай аттың құлағында ойнайды.

– Әкесін әлі есіне ала ма?

– Есінен шығармайды, күнде суретіне қарап сөйлеп қояды… Мені ешкімге қимайтыны да содан болар. Қонаққа барғанда ер адамдар құшақтап амандасса, жақтырмай қарайды. «Ол – сенің ағаң, оның отбасы, бала-шағасы бар…» деген соң ғана, беті бері қарайды.

– Жабырқау жүрген сәттерде Мерей мамасын қалай жұбатады?

– Баяғыдай босаңсыған кезден өттім ғой… Зәкеңнің қазасынан соң, көрсетпейін десем де, көзім қызарып, дауысым дірілдеп, жылағанымды білдіріп қоятынмын. Сол кезде: «Мама, жылама, мен бармын, сен әдемі болуың керек», – дейтін Мерейімнің аяушылық білдіргенін естіген сайын, жылағым келетін. Мен өзім аяныш білдіргенді ұнатпаймын. Қазір жыламаймын, құдай енді жылатпасын! Жүректе қатқан тоңның жылитын күнін күтіп жүрміз…

Мерей екеуміз құрбылар сияқтымыз, мен онымен ақылдасып отырамын. Артық айтсам, кешірім сұраймын. «Мен үшін сен ең қымбат адамсың!» деп, көңілімді марқайтады. «Барма!» деген жеріне бармаймын. «Мен сенің күйеуіңмін!» дейтіні тағы бар. Бір тойдан жарты сағатқа кешіксем, телефон соғып: «Сіз қайдасыз, күйеуіңіз күтіп отыр!» – дейді. Менсіз ұйықтамайды, сондықтан гастрольге де бір-екі күнге ғана шығамын. Өскен сайын қылығы да, әдеті де өзгеруде, әр қадамы маған қуаныш сыйлайды. Басқан ізіңді, айтқан сөзіңді қадағалап отырады. Ол отырғанда жан-жағыма қарап, аңдап сөйлеуге тырысам. Мінезіме сай қатты күліп жіберсем, тағы да сөзге қалам ба деп, сақтанып отыратын болдым. Осылайша бір-бірімізге демеу болып, бір-бірімізді тәрбиелеп, күн кешіп жатқан жағдай бар…

 

«Күйеу» мәселесі  қайда барсам да, алдымнан  шығады…

 

– Біз бұдан басқа да бір жағдай естідік: өткенде тағы бір интернет-сайттан Мақпал күйеуге тигелі жүр деген қауесет оқыған едік…

– Ойбай, Мерей естіп қоймасын, жанымды шығарады…(өзінің ашық әдетімен күліп алды)! Осы бір «күйеу» мәселесі басы бос әйелдерге қатысты айтылғанда, бір басылмайтын тақырып болды!.. Қайда барсам да, алдымнан осы сұрақ шығады…

– Енді ше?! Әлі басыңыз жас, көрер қызық – алдыда… Репрессия жылдарында атылып кеткен алаш арыстарының әйелдері де кейіннен екі түгілі, үш күйеуге тиген жоқ па?!

– Біріншіден, жүрегін жұлып әкеп, алдыма тастаған ешкім жоқ. Екіншіден, мен ер адамның басынан Зәкеңдей мәрттік іздеймін. Бір өкініштісі – күні бүгінге дейін ондай мәрт адам алдымнан шықпады. Зәкең сияқты адам екінші рет тумайды ғой деймін… Зәкең – ұмытылмайтын қасиетті сезім… Ал енді біреу табылып жатса, ең алдымен сіздерге келіп сұхбат беремін (тағы да күліп алды)…

– Уәде ғой? Эксклюзивтің құқын біздің газетке бересіз ғой?

– Уәде! Уәде! Бірақ сол уәдеге негіз болатын мәселе құрғыр орындалмайтын шығар… Әзірге тұрмысқа шығар ойым жоқ. Біреулер сырттай ұнатып, интернетке қауесет таратса, оған енді не дейін?! Қонаққа барғанда, кейбір дос-жарандар: «Жалғыздық Құдайға жарасқан, осылай жүре бересің бе, оң-солыңа көз қырыңды салсаңшы» деушілер бар. Ол – бір Алладан келетін бұйрық қой.

Бір күні Мерейге: «Давай поженимся» деген хабарға қатысайын ба, жақсы хабар екен, елдер жұптарын тауып жатыр, мүмкін, маған да бір жақсы адам кездесер», – дедім. Мерей сол сәтте сурет салып отырған, басын жұлып алып, ала көзбен қарап: «Ойыңнан өшір!» – демесі бар ма. Ашуланған түрін көріп, шошып кеттім де: «Қалжыңым ғой, қызым-ау!» – деп, әрең уаттым.

Зәкең де сыртымнан бағып, қарап тұрған сияқты сезімде жүремін. Әйел болған соң, әртүрлі ойға батасың. Мен күйеуге шығам десем, бір жігіттің табылары анық. Ишара білдірсем болды, жетіп келейін деп жүргендер баршылық…

– «Неке – құдайдан» деген нақыл сөз бар дегендей…

– Иә, дәл айттыңыз. Ғашықтық деген өліп-талып, күйіп-жану ғой, ол енді орындалмайтын арман. Сырттай ұнатып, ғашық болу жүрегіңді жылытып тұрады. Біреуді аңсау, жақсы көру – көңілге, жүрекке жақсы, бірақ жүректі мәңгілік қайғыға батырып қоюға болмайды.

– Дегенмен, осы сөзіңізді оқыған сізден көңілі бар азаматтар «Мақпал мені айтып отыр екен» деп дәмеленетін болды. Талай жігітті алаңдататын болдыңыз…

– Ойласын, алаңдасын! Атын атап, түрін түстесем, әйелдерінен маза кетеді ғой: «Ойбу-у, мына қыз күйеуімді айналдырып алып кетер ме екен?» деп, мені жек көріп қалулары мүмкін. Сондықтан бәрі ішімде қалсын!

Жуырда Өскемен – Семей өңірін аралап, концерт қойып қайттым. Ұлан ауданының азаматтары маған құндыз тон сыйлады, әкеліп, жүргізуші көмекшімнің келіншегіне кигіздім. Менімен бірге жүргендердің отбасы да қуансын деген ниетім ғой. Өзім үн түнсіз қалған жоқпын, Ұландағы жігіттерге телефон соғып: «Ренжімеңдер, тонды шопырымның әйеліне кигіздім, мен киді деп санаңдар», – деп айтып қойдым. Шопырым үй салып жатыр еді, көмегім болсын, кисе киер, кимесе сатып, қажеттеріне жаратсын дедім.

Жоғалтқан қымбат әшекей бұйымдарым да көп, жуырда Зәкеңнің өзі қолыма салған гауһар жүзіктің екеуін жоғалттым, қалай, қайда жоғалғанын да білемін… Амал қанша, сұраса да берер едім. Құдайдың берер несібесі таусылған жоқ. Елді аралап, концерттік сапарда жүргенде, талай сексен-тоқсанға келген әжелер сахнаға шығып, қанша қымбат жүзік салды қолыма, өзім де жүрген жерімде қолымнан суырып, талай жүзік-сырғаны сыйлап кеттім.

– Әзілі бар, шыны бар – біраз мәселеге тоқталдық. Енді сізді алаңдатып, өзіңізді іштей мазалап жүрген нендей ойларыңыз бар?

– Жанымды жай таптырмайтын бір ғана мәселе бары белгілі ғой. Зәкең туралы жақсы хабар күтіп жүрмін. Әрине, жүректе қалған ызғар бар. Оған жасалған қастандықтың шындығы қашан ашылар екен деген ой ешуақытта санамнан кеткен емес. Ауылындағы өзі оқыған мектебін мұражай ашамыз деп шешіпті. Құдай қаласа, қыркүйекте – жаңа оқу жылының басында қайырымдылық концертін беруді жоспарлап отырмын. Зәкеңнің суреттерін, кітаптарын, деректі киносын өз қолыммен табыстаймын.

Алла қаласа, екі жылдан соң Зәкеңнің 70 жылдығы. Үлкен ас берсем деймін. Қызметте жүрген кезінде Албанның небір азаматарын көтерді, солар асқа дайындалсын, ел екенін көрсетсін! Осы күнге дейін олар бір көшенің атын да алып бермеді. «Аты Алматының қақ ортасынан болмаса да, бір шетіне бұйыратын шығар, еліне жасаған еңбегі бар емес пе?» – деп, өзімді уатып жүрмін. Шарапаты тигендер сол асты ұйымдастыруға қатысады деген үмітім бар. Бұл менің қайын жұртқа деген назым деп білсін. Жалғыз әйел басыммен мен не жасаймын?!

Бүгінгі мұражайы менің өз қолыммен жасалған еңбек, түтінін түтетіп, жыл сайын асын беріп отырмын. Биыл тойдан тапқан табысымды мұражайын жөндеуге жұмсадым. Бұл Зәкеңнің аруағына деген менің жеке тірлігім. Ал Зәкең мен үшін емес, елі үшін, халқы үшін қаза болған жоқ па?! Менің Албан ағайындарға ренжитін жөнім бар: әлі күнге дейін бір көшеге аты берілмеді, кезінде өзінің қолымен ашылған «Албан» деген дүкендер желісі қаншама?! Бәрі өліп қалған Зәкеңнен қорқып, тығылып отыр! Алтынбектің бауырлары ауылында мектебін ашып, көшеге атын бергізді. Ал Алтекеңнің ағасы Заманбек неге ұмыт қалды?! Екі арыстың атын бір көшенің екі жағына неге бөліп бермеді?! Менің көңілімде жүрген ренішім – осы! Алтынбектің аты аталып, Заманбек ұмыт қалғанын естігенде, Мерейге көрсетпей, өкіріп жыладым. Сонда мен алғаш рет қатындығыма – әйел болып туғаныма налыдым. Еркек болсам, талайлардың таңын айырар едім, бәлем! Мерейімді өсіріп алайын, содан соң етегімді ышқырға тығып, қонармын мен де атқа!

– Түсінеміз, Мақпал, базына болсын деп айтқан сөзіңіз жетер әлі жетелі құлақтарға. Заманбек ағаны жалғыз албан ғана емес, жалпақ қазақ жабыла жоқтайтын кез әлі келер деп ойлаймыз. Ашық та, ащы айтқан сұхбатыңызға рахмет!

Бақытгүл МӘКІМБАЙ,

«Дат» газеті

*Тақырып өзгертіліп,

тақырыпшалар қосылды.

63 ПІКІРЛЕР

  1. Мақпал ЖҮНІСОВА: Мен күйеуге шығам десем, жетіп келейін деп жүргендер баршылық…Демеушілік жасаймын деп, небір оймен келетіндер бар… Ал Жаңаөзен қасіреті тағы да үнсіз қалды.
    Заманбекті де атып өлтірген қазақтың осындай үнсіздігі деп санаймын.

  2. Қазақтың әр руында Заманбектей батыры бар. Сол батырларды біріктіретін уақыт жеткендей болып тұр. Үш жүзге бөлінбейік. Көп рулығымыздың жемісін көрейік ағайын!!!

  3. ЕРТЕҢ ОЛ КӨРІНДЕ ӨКІРЕДІ ЖАРАЙСЫҢ СІҢІЛІМ ЕКІ АПТАЛДАЙ АЗАМАТТЫҢ ҚАНЫ ЖІБЕРЕ ҚОЙМАС

  4. Мақпал,құрдасым,сен не көрмедің,әлі де шыда,Закеңдей асылды өлімге қиған сұмырай алдыңа келіп бас иер күнде алыс емес деп ойлаймын. өйткені ар азабы адамды жындандырады ,сол кезде өзі келіп бас иеді саған.
    Мерейтайыңның әр қызығына тоймай жүре бер» Біз сен і ,64- тер әркез мақтан тұтамыз.

  5. Кетіп жатырсаң жолың болсын Мақпал! Қазақ семіз қатынсыз да күнін көрер. Тойынған шығарсың. Заманбектен құтылып оңдың ғой.

  6. Мақпал әр ана баласы үшін өмір сүреді. Мерейіңнің қызығын көруді жазсын Алла! Жаңаөзеннің қасіретіне үнсіз қалған өнер адамдарынан көңілім қалса да өзіңіздің өнеріңізді құрметтеймін. Арысыңызды атқандар екі дүниенің азабын тартады әлі.

  7. Атпалдай азаматты отбасынан, бала-шағасынан айырып, басын айналдырып, тиіп едіңіз, заманында куә болдық барлық жүріс-тұрысыңызғы… Ол отбасында да сіздің Мерейіңіздей балапандары қалды көздері жәудіреп. Жалпы баланың көз жасы деген жауапсыз қалмайды ғой қашанда. Зардабын қор болған Заманбек тартты, жетім қалған балдар тартты. Сіздің неңіз кетсін, Мақпал. Заманбектің жесірімін деп ауыз толтырып жүрсіз қазір.

  8. Мен Мақпал апамыздың әндерін сүйіп тыңдаймын.Қазақта оындай өнер жұлдызы барына мақтанамын.

  9. Мен Мақпал апамыздың әндерін сүйіп тыңдаймын.Қазақта оындай өнер жұлдызы барына мақтанамын.

  10. Жарайсың Мақпал қызым ! Сен әндерді шырқағанда нағыз әсер аламын қай әндерді
    шырқасаңызда бір түрлі құбылыс пайда болады , мысалы зарла әуен , мұңды құбылыс,
    марш екпінінде шырқасаңыз да өз мәнерінде айта аласыз .. Менің әндерім көпшілігі
    вальс , зарлы , мұңды болып келеді . Өтініш сізден әндерімді шырқап көресіз бе ?
    Мекен жайым Ордабасы ауданы , Темірлан елді мекені , Т. Айбергенов көшесі , № 10 .
    Сізден жауап күтемін .

    АУЫЛ АРУЛАРЫ .
    Баяулата Сөзі , әні .
    Серікбай Маханұлынікі .

    Ауыл түні жұлдыздарын шашқандай ,
    Неткен ғажап қыз – келіншек мақпалдай .
    Көрген жандар таңырқайды тамсанып
    Қызғалдақтар ағып келе жатқандай .

    Қайырмасы :
    Көктем күні , қыз – келіншек ауылдың ,
    Құтты болсын , нұрға толған Наурызың .
    Сұлулықта табылады бәріңнен
    Мінезінен аулақ болсаң дауылдың !

    Таң нұрынан қызыл шәлі жамылып ,
    Жарық Айдан сәукелесін тағынып .
    Ару қыздар күлімдейді қол бұлғап
    Махаббатын ақ қайыңнан сағынып .

    Қайырмасы :
    Қабағынан жүрек сырын аңғарар ,
    Бұл қазақтың әйеліне таңғалар .
    Келбетімен ерлеріне нұр құйған
    Асыл жандар сағынышты ән салар .

    Қайырмасы :

  11. Мақпал сізе ең алдымен зор денсаулық, табыс. Және кішкентай Мерейіңіз әр кез қасыңыздан табылсын

  12. Мақпал бізің отбасы сізді өте жақсы көреміз. Әр кез жарқырып, жүре беріңіз. Бақытты болыңыз

  13. Атынызга Затыныз сай Макпалсыз Озимиз жануямызбен сиздин концертинизди кунде берсе кунде тындаймыз Сизге узак гумыр берсин Алла тил козден сактасын

  14. Мен сізден жауап күтудемін .
    Тағы бір ән жіберемін .

    АҚҚУЫМ .

    Сөзі , әні .
    Көңілді Серікбай Маханұлынікі .

    Көк жүзіне көлбеп ұшқан Аққуым ,
    Аппақ мүсін өзім сүйген Аруым .
    Сырласайық айдыныңа кеп қоншы
    Өмірімде армандаған Алтыным .

    Қайырмасы :
    Желбіреген қанатың ,
    Ақ қауырсын болатын .
    Келді кезің Аққуым
    Айдыныңа қонатын
    Аруым боп Алтыным
    Әнім болдың салатын .

    Жылы лепте самал соқты маужырап ,
    Айнадайын айдын жатыр жарқырап .
    Айналайын көктен күткен Аққуым
    Алтыным боп Аруым бол – бал сұрап .

    Қайырмасы :

    Көк теңізге қанат қақтың малынып ,
    Келіп тұрмын жағалауға сағынып .
    Аққу аппақ Алтынымсың – Аруым
    Қала көрме бағытыңнан жаңылып .

    Қайырмасы :

  15. Осылай адеми болып журе бериниз Мереидин кызыгын кориниз

  16. Осылай адеми болып журе бериниз Мереидин кызыгын кориниз

  17. Мақпал қызым сен неге оқымайсың жазған пікірлерді оқы сосын жауап бер . ШАРДАРА АҚ ТАҢЫ .
    Жеңілдетіп . Әні мен сөзі
    Серікбай Маханұлынікі .

    Шардараның жарқырайды ақ таңы ,
    Кең даладан сулар толқып аққаны .
    Мұнар құмдар , сағым қуған айдын боп
    Көк жиектен нұрлы күннің атқаны .

    Қайырмасы :
    Толқыған теңіз тербеліс ,
    Еңбекпен ерлер жеңген іс .
    Айдының бүгін Шардара
    Неткен бір ғажап өзгеріс .

    Нұр сәуледен шашылады шашулар ,
    Сыр бойынан қалықтайды Аққулар .
    Жарқыраған шам –шырағым Шардара
    Жағаңда жүр әнін салып Арулар .

    Қайырмасы :
    Маржан тізген ақ күріштен Шардара ,
    Әйгілісің ақ алтынды нар қала .
    Қызыл құмның шөлдеріне өң беріп
    Гүл оранып тербелесің бар дала .

    Қайырмасы :

  18. Макпал апай мен сиздин олендеринзди суйип тындаймын.Кандай киындык болсада еш мойыманыз,Мерейдин кызыгын кызыктап,бакытты омир суринз!

  19. пікір білдіргендер арасында қазақ ұлы деген азаматтың пікіріне болайын, сонымен қатар қазақ ұлы деген аттан садаға кет! Мақпалдың МАҚПАЛ екендігін сен мойындамасаңда ел мойындап бас иеді. Мерейіңіз үстем, жұлдызыңыз жоғары болсын Мақпал әпке!

  20. Макпал апке мен сизди жаксы коремин,андеринизди оте керемет,Сиз шетелге кетуши болманыз,буны тек мен гана каламаймын букил казак баласын пикири солай,себеби сиз Казактын мандайына биткен,Казактын ерке анши кызсыз,Сиздин омирге деген козкарасы3,соншалыкты мыктылыгыныз мына келешек биз сиякты казак балаларына улги,онеге.омириниз алда,ешкашан мунайманыз,журттын не бир создерине де ман бермениз,ешкайсысын аузына какпак коя алмайсыз,мине МЕРИ кызыныз бой жеткелип жатыр,сонын кызыгын корип бакытты болын.Мен сиздин онерини3ге бас иемин Макпал апке.

  21. Мақпал Жүнісова Сіздің өлеңдеріңізді сүйіп тыңдаймыз. Басқа әншілердің концерттеріне барсаң сол ескі өледерін қайталай береді сіздің концерттерінізден рахаттана ләззат алып қайтасын сіздің киім үлгілеріңізде қатты ұнайды. Кейбір әншілер жарассын жараспасын киіп алады киім талғамыңыз да жақсы рахмет сізге бақытты болыңыз.

  22. Қазақ ұлы деген кім албасты сен өзі өнердің не екенің білесін ба? Жүрген бір топас надан адам шығарсын. Керемет болып жатсан аты жонинди жазшы корейк ким екенинди? Лидия апай сізге айтарым әр адамның тағдыры әр түрлі әр адам бақытты болуға міндетті қандай жолмен болса да. Заманбек өзінің өалауы Мақпал болса не шара

  23. Макпал апай сиз жаксы аншисиз унайсыз мен сиздин Мерей кызынызбен курдаспын туылган кунимизде бир кунде. Ракмет

  24. КҮЗ САРҒАЙЫП .
    Кеттің бе күзім сарғайып .
    Барамыз біздер қартайып ?
    Жасыма дейсің ой салып
    Жатыр –ау өмір ортайып !

    Жап – жасыл тұрған тал еді ,
    Жарасқан күнім «бал» еді .
    Өзіңмен тұрған сөйлесіп
    Қартайған жігіт шал еді .

    Енді жоқ жаздың ыстығы ,
    Басталар қыстың суығы .
    Әніңе салма жылауық
    Долы жел соққан былтырғы ?

    Көңілсіз неге жасыл бақ ? ,
    Бояуын қайда жасырмақ .
    Шашылды қоқыс күл болып
    Өртеніп жатыр жапырақ !

    Дүркіреп бұлттар өтеді ,
    Жаңбыр мен құйын кезеді .
    Құлазып дала абыржып
    Алыстан сәуле өшеді .

    Табиғат көзі тіршілік .
    Тағдырға еттім шүкірлік .
    Мезгілмен есік ашылды
    Тек қана ұқпас бір шірік .*

    Қартайма көңіл қартайма,
    Өтті деп өмір мұңайма ?
    Сарғайған күзде өлең көп
    Шабытым әсте ортайма ? !

    КҮН СЫРЫ .
    Сыйғыздырып құшағына аспанды ,
    Орап алып , кім жұбатар адамды ?
    Күннің көзі көк жүзінен тік қарап
    Бар әлемді жылытады , бар маңды

    Қара жерге қадағанда кірпігін ,
    Мұңға батып толғанасың Күн бүгін .
    Көк — көгілдір кеңістікке жайғасып
    Адамдардың байқайсың ба тірлігін ?

    Күн айтасың ызғарымды төккенім ,
    Жер – Ананың арызына жетпедің ?!
    Мезгілімен жердің көркін өзгертіп
    Тіршілікке сәуле шашып өткердің !

    Шуағымнан тыныс алса жүрегің ,
    Барлық елге мен боламын тірегің .
    Ардан безіп Алла атын жамылып
    Жүргендердің жек көремін қорегін !

    Деп осылай сілкінгенде Күн көзі ,
    Парыз тұтып , тәуіп етпес кім өзі ?
    Айналайын жарығыңды төге түс
    Арман етіп күтудеміз Күн сені !

  25. Жоғарыда Мақпалды-өз әншісін, өз елінің қызын дәріптеп, мақтап жатқан жандарға мың алғыс! «Болар елдің баласы бірін-бірі батыр дейді, тозар елдің баласы бірін-бірі қатын дейді». Рахмет, осылайша қолдайық өнер адамдарымызды. Мақпал десе Мақпал! Әрбір әні керемет! Біздің отбасы және таныстарымыздың бәрі дерлік Мақпалды сүйіп тыңдайды. Нақышына келтіріп, Роза Бағлановадай шырқатады. Роза Бағланова да ғажап әнші еді ғой, әрбір әнге жан бітіретін. Мақпал да сондай ғажап әнші. Сұлу бейнеңмен әніңді шырқай бер! Сен ер мінезді жансың! Сөйлеген ауыз сөйлей берсін, оларға қақапақ бола алмаймыз. Айтады ғой: «Если собаки лают, то ты на коне» деп. Ит үреді, керуен көшеді.

  26. Мақпалдың мақпалдай дауысынан өз басым лаззат аламын.Осындай қазақтың біртуар әнші қызының болғанына қуанамын.Әніне сәні келіскен,керемет.Жасай бер Мақпалжан,мойыма,сен қазақтың батыр қызысың.Сенің әніңнен дертіме дауа табамын.Дұшпандар не демейді.
    Ит үреде,керуен көшеді.

  27. Мақпал сен қазақтың әншісісің. Ең бірінші қазаққа керексің. сен туралы өсектерге сенбеймін. сенің ән салмауың мүмкін емес.

  28. Аса қадірменді Мақпал тәте! Сіздей ең керемет аншіміз бар Аллаға мыңдабір шүкіршілік етемін! Қазақтың ерке қызысыз оған сіз абден лайықсыз! Адамды адам еткен еңбек демекші сіздің еңбекқорлығынызға, адамгершілігінізге, сыпайыда, сымбаттылығынызға ризамын! Ешкім ешкімнен қорқып өмір сұрмейді! Ел аңгімені кімге айтады өмірсұріп еңбектеніп қоғамда орны бар адамға айтады,сондықтанда сіздің қоғамда алар орныңыз мен үшін бір төбе деп білемін! Қызыңыздың қызығына тоймай ұзақққ өмір сүруінізге шын жүрегіммен тілекшімін!

  29. Жер басып өмір сүріп жургенімізге біріншіден Аллаға шүкіршілік етемін! Менде осы пікірлерді оқып отырып өз ойымды білдіргім келді.Өмірде қанша адам өмір сүрсе сонша пікір болатыны хақ. Әр адамнын өз пікірі ,өз жолы болады,бірақ ,ойымды айтамын деп артық кетуге болмайды. Өмір болған сон қуаныш пен қайғы қатар жүреді соның бәріне төзіп сабырлық қылған мұратына жетеді.Мен қазақ сахнасындағы өнер адамдарын жоғары бағалаймын. соның ішінде жанымызға жақын, жарқын мінезді,ашық ,шыншыл,нағыз қазақ қызы деген атқа лайық адамды Мақпал Жүнісова дер едім.Кейінгі кезде телеарналардан мүлдем көрсетпей кеткен Мақпал апайымызды іздейміз.Қандай себеп болсада қазақ халқының ерке қызын кім ренжітті? Көре алмай, аяқтан шалуды қашан қоямыз? Мен барлық қазақ азаматтарына және де телеарналарға өтінішім осы аяулы қазақтың ерке қызы Мақпал Жүнісованы неліктен еш жерден көрсетпей кеткенінің себебін айтуларыңызды сұраймын, Халқымыздың әнші қызын халықтың ортасында ,өз елінен , биік сахнаның төрінен көргіміз келеді.

  30. Мақпал апай, 50 жасыңызбен құттықтаймын, алла сізге тағы 50 жас беріп Мерейіңіздің қорғаны болып жүре беріңіз!!!!!!! сіз саханаға шығуға тиім салды дегенде қарадай құлазып, өнер әлемі бос қалғандай сезіндім, «айтылмаған әңгімеден» көргенде қуанышымда шек болмады, маңгі жасай беріңіз!!!!!!

  31. Макпал мерей тойың құтты болсын заманың түлкі болса тазыбоп шал түлкі заман аяғыннан шалғысы келедіғой қашанда сені қолдайды қазағың жасай бер Мақпал

  32. мақпал апа ,сізді телэкраннан көреалмай сағындық ғой.Шала әншілердің 10 -әнін жібергенше сіздің 1- әніңізді есту бір ғанибет еді

  33. Елімізге тыныштық, болашағымызға бақыт тілеймін ағайын! Армысыздар! Мен де Мақпал әпкеміздің мүлдем сахнада көрмей қатты уайымдап жүрмін.Каналдарды ауыстырып кейінгі әншілерді тыңдағым келмейді, Мақпал әпкені енді қашан көреміз неге олай тыйым салынды , біз халық әншісінің сахнада көргіміз келеді,тыйым тоқталсын біз соны талап етеміз. Не көрмедіңіз Мақпал әпке! Шыдаңыз,АЛЛА қуат берсін сізге! Халық сізбен бірге,Мен сізді жақсы көрем, бір туар қазақ қызысыз! Ұзақ ғұмыр тілеймін Мерейіңіз бақытты болсын!

  34. Макпал апай сизди туган кунинизбен куттыктаймын Сиздин Адамдар кешириндер деген олениниз катты унады Кунде тындаймын

  35. Макпал замандасым,сізге жақсылық тілеимін,сіздей мағынасы зор әнді айтатын адам жоқтын касы,айтпақшы Мейрамбек ініміз бар.Сізге саттілік тілеимін.Канқу сөзге кұлақ түрмеңіз .Ит үреді керуен кешеді.Әндеріңізбенен бізді қуантып жүріңіз.

  36. Мақпалдай әншіні қадірлеу, құрметтеу керек оның жеке өміріне емес өнеріне тәнті болуымыз керек. Сіз өнер үшін жаралған ерекше жансыз, сол үшінде бақыттысыз. Ешқандай өкінбеңіз, жақсы күндеріңіз алдыңызда.Қазақ сахнасында самғай беріңіз.

  37. Макпалдай әншімізді телеарнадан коруіміз мұң болды ғой,тыйым салган жауыздар калай жер басып жур екен.Дауысыңызды сағындық Мақпал.Қазақтың ерке қызын бүкіл қазақ елі қолдаймыз.Аман болыңыз,қызыңыздың қызығын көріңіз

  38. Менің әндерім ұнамайды ма , неге жауап бермейсіз . әлде менсімбейсіз бе ?
    БИІКТЕРДЕН КӨРЕЙІН
    (Әнші Мәнзура Сламбекқызы Есетоваға )

    Құдырет ән – шарықтатып арманды ,
    Өнер үшін , өмір болып жалғанды .
    Дүниеге үмітпенен қарайды
    Шаттықпенен нұрға бөлеп бар маңды .

    Күн мерейі – мәпелесе асылын ,
    Ай қарайды көк жүзінен ақырын .
    Салған әнің сандуғаштың сазындай
    Елестеттің көктем күнін – «жарқыным» .

    Көркі болдың гүл жайнаған бақтардың ,
    Өнер үшін талай сенім атқардың . Үнің балдай – сөзің қандай сыр ашып
    Тұла бойдан ән мен күйді ақтардың .

    Шындық демеу бір Алладан сұрайсың ,
    Өмір толқын жиегінен қарайсың .
    Нұр кеудеңнен қалықтаса асқақ ән
    Үлбіреген көркіңменен – арайсың .

    Жыйырма жыл саласында өнердің ,
    Сахынаның құрметіне бөлендің .
    Жиған – терген өмір тірек осы ғой
    Гүлдей жайнап өнеріңмен өрледің .

    Бақыт тілеп мен өзіңе сенейін ,
    Шашу шашып , өлең жазып берейін .
    Шыға алмаған асулардан аса бер
    Шыңға өрле , биіктерден көрейін

  39. Расында,асықпаңыз,Алла бәрінің есесін берер кез алыс емес…Сіз тек бүкіл ойыңызды Мерейге арнаңыз,кеудеңіздегі өкпе-ренішті лақтырып тастап,жаңа өмір бастаңыз.Сізді халқыңыз құрметтейді.Өнеріңізді тұншықтырғысы келгендер өздері тұншығып қалсын,басқа не айтуға болады мынадай әділдік жоқ заманда…

  40. Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді деген ғой, адамды білмей тұрып сыртынан айту ғайбат,

  41. Макпал апай сиз маган оте унайсыз сиздин кылыктарыныз керемет тек шашынызды кыскартпанышшы адеми макпалдай шашынызды жиберип коя берсениз жас кезинездей сосын сал ариктасаныз тамаша болар еди

  42. Жаным Мақпал біз сені жанұямызбен жақсы көреміз сенің тілеулесіңбіз Мерей бой жетіп қалды. Соның амандығын тілейік. Сен біздің сүйіктіде алтынымызсың. Еш шаршама жұлдызың жансын

  43. Күйеу кетті, не жаса-. Міне мен бұрын азарландым қашан мені күйеу іс жүзінде айтар-айтпастан кейін тойдың тастады. Қыздар, тырмаланбаппын, ғой бас-басы мәселеден шыға беріс болады. Интернетте поштасы болады [email protected], к Матвейге деген айналасыңдар және ол сендерге көмектеседі, ол керемет адам және өте күшті жадыгөй, мен ол толықтай қатынас мен күйеу қалпына келтір-, мен қарсылас серпі-.Егер бы емес ол мен нені бы білмедім мен жасадым. Үлкен рақмет

  44. Макпал сіз оте инабатты адамсыз сізді омірге əкелген анаңызга мың алғыс сіздің əндерңзді оте суиіп тыңдаймын .Мерей кызыңыздың кызыгын көріңіз.Жаңа əндер кутеміз шар каласы Жазира

  45. Мақпал апай сіз шынындада бір өз алдына өзгеше құбылыссыз, қазақ халқының маңдайына біткен жауһарысыз, Өнеріңіз өрге жүзсін, халқыңыз барда, бірер адамның айтқанына налымаңыз, Заманбек ағамыздың мәрт екенін және қазақ еліне қазаққа, халыққа жасап жатқан небір, құйтырқы әрекеттерге жүрегі ауырып ойлап, мен қарсы тұрмасам онда не үшін қызметте жүрмін не үшін өмір сүріп жүрмін деп көп айтатын естігенбіз. Елдің, Қаланың көшелеріне атын бермесе бермесін Жәннаттың төрінен орын берсе болар жасаған игі істері үшін Алла Тағала.

  46. ІЗДЕДІМ СЕНІ
    Толғанып. Сөзі, әні Серікбай Маханұлынікі.

    Іздедім сені таппадым,
    Асылдан туған аппағым.
    Биікте тұрған қол жетпес,
    Жауқазын болды жас шағым. . Қайырмасы:
    Даланы кездім шөлейтті,
    Дәлелі жоқтың көбейтті.
    Көргенде жарқын бейнеңді,
    Лүпілдеп жүрек жаңартті.
    Сұрадым жаным орманнан,
    Кезіксең кеттің қырманнан.
    Қайдасың айтшы сүйгенім,
    Көңілім болсын қорғаннан. .
    Қайырмасы:
    Сәулесін шашып оянып,
    Шығады күнім боянып.
    Барлығы соның өзің боп,
    Теңедім қалқам ойланып.
    Қайырмасы:
    АРҚАЛЫҚ ӘНІМ
    ( Қалима Әбішоваға )
    Жер боларма Арқалықтай жайнаған ,
    Әнге тербеп қызу еңбек қайнаған .
    Ырғатылып ақ бидаймен таң нұры,
    Желдей есіп сәулесімен ойанған ..
    Көркің жаңа сымбатымен тізілген,
    Арқалықты бұрын-соңды кім білген.
    Жастықпенен жүргенімде япырмай
    Кезіктірдім бір сұлуды іздеген ,
    Көңілімнен кетер емес қыз деген.
    Толқындаған сар даланың шаттығын,
    Тиеп жаттық машинаға астығын .
    Қолтықтасып ақ алтынды қырқадан
    Келем жүзіп еске алып жастығын .
    Кел құрбыжан бір болайық екеуміз,
    Арқалықтың ақ таңымен келеміз .
    Шаттықпенен бақытымды бір ойлап,
    Жүрек қылын асыл әнмен шертеміз.

  47. АУЫЛ ТҮТІНІ
    Ойланып. Сөзі,әні.Серікбай Маханұлынікі.

    Сағынып келсем алыстан,
    Ауылдан түтін жарысқан.
    Будақтап барады жол шегіп
    Көктегі бұлтпен табысқан.
    Қайырмасы:

    Киелі едің сен маған,
    Босағаң берік атанған.
    Қашаннан бері мерейлі
    Меймандос елім аталған.

    Есігін ашып ауылдың,
    Мінезін көрмей дауылдың.
    Туған жер қандай ыстықсың
    Таудағы жауған жаңбырдың.

    Қайырмасы:
    Түтіні көкке өрлеген,
    Намысын бермей тербеген.
    Анамның берген уызын
    Әлдиге салам мен деген.
    Қайырмасы:

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз