Марченконың әйелдер әжетханасынан басқа әңгімесі қалмаған ба?

3
239

Ұлттық банк ол иістен қашан арылады?

          Әңгімесін сапсиған сақалынан бастайтын Ұлттық банк төрағасы Григорий Марченко енді әжетханаға бір-ақ түсті… Иә, кәдімгі әжетханаға. Әжетхана болғанда да, ерлердің емес… әйелдердің әжетханасы…

      – Біздің  Ұлттық банкте басшылық қызметтегілердің 53 пайызы әйелдер. Жалпы еңбек ұжымының 67 пайызын әйелдер қауымы құрайды. Еңбекте ерлерден еш қалыспайтын әйелдерге жалақы да бізде тең дәрежеде беріледі. Ал, Ұлттық банктегі әйелдердің әжетханасы ерлердікінен екі есе үлкен (ерекшелеген ред.). Жүкті әйелдер мен әйелдердің жүктілігіне байланысты берілетін демалыстағы қызметкерлер де бізде 16 пайызға артық, оған бола әйелдерді қызметінен босатып, еңбекақысын шектеп жатқан ешкім жоқ. Ұлттық банкте гендерлік сәйкестік қатаң сақталады және құрметтеледі. Сондықтан бізде әйелдердің зейнетке шығатын жасын ерлермен бірдей етіп теңестіруді бәрі қолдайды, – деп соғады Марченко мырза.

Ал керек болса! Бұл біздің мемлекетіміздің маңдайға басқан Ұлттық банкінің мемлекеттік  тілді менсінбейтін төрағасының сөзі… Өзін-өзі жарнамалаудан алдына жан салмайтын, шалағайлықтарымен үлескерлердің де көз жасы мен ызасына  қалып отырған  Марченко мырза кейінгі кезде Ұлттық банкінің жұмысын  ұлттық деңгейге көтерудің орнына әйелдердің жасын  ерлермен теңестіруді жанын  сала көтеріп жүр. Онысы тегін емес және себебі де көп…

Ең басты себебі – кезінде өзі бас болып, жанын сала қорғап, енгізген зейнетақы реформасы ақталмауда. Өзін-өзі қаржыландырып, мемлекетке салмақ түспейді деген зейнетақы реформасы шатқаяқтап, мемлекет қазынасына ауырлық түсе бастады… Енді оның есесін байғұс әйелдердің азабымен көтергісі келеді. Әрине, бас банкте істеген ат төбеліндей ханымдар жапырып істеп жатпаса да, опырып жеп жатқасын зейнет жасын қайтсын. 63-ке дейін емес, өмір бойы.. мәңгілік істегісі келеді олар. Банктің ішінде құлап қалғанда шығатын шығар… Ал басқа қарапайым зейнет жасына қашан жетемін деп, күнін санап жүрген  миллиондаған қарапайым әйелдер ше? Бұл туралы осыдан екі ай бұрын «Жас қазақ үні» газетінде«Мәселені халық есебінен шешу  немесе зейнеткерлік туралы миы толық Марченконың сандырағы келе ме?» атты  мақала да жарық көрген еді… (www.qazaquni.kz)

Марченко бұл ұсынысымен әйелдер қауымына ғана емес, қоғамға, мемлекетке зиян келтіргісі келе ме? Өйткені 63 жас түгілі 55 жастан кейін  ауыр жұмыстағыларды айтпағанда, мектеп, аурухана, кеңсе секілді жерлерде істейтін әйелдердің өзінің денсаулықтары сыр беріп, жұмыс сапасы нашарлай бастайтыны анықталып жүр. Жұмыс сапасының нашарлығы –нашар өнім, нашар оқушы, нашар көрсеткіш, т.б., яғни – нашар мемлекет… Сонда біздің мемлекетіміз неге Марченконың кәсіби  қателігін жабу үшін ғана нәсіби жетістігінен бас тартуы керек?!. Бас банкіміздің табысы көбеймесе де, тайраңы көбейген «мәңгілік» төраға бұл  шолжаңдығын қазақтан басқа елге көрсете алмайтынын өзі де жақсы біледі. Сондықтан жалғанды жалпағынан басып қалуда…

Айтпақшы, Ұлттық банк төрағасы Марченко мырза әйелдер әжетханасында неғып жүр?  Ұлттық банк ол иістен енді қашан қашан арылады екен?..

                                                               Қазыбек ИСА

 

 

3 ПІКІРЛЕР

  1. Марченконы өзі аңдып жүрген әйелдер әжетханасына қарауыл етіп, Ұлттық банкті ұлттық қаны бар бір марғасқамызға беру керек қой…

  2. МАРЧЕНКОНЫҢ ӘЙЕЛДЕР ӘЖЕТХАНАСЫНАН БАСҚА ӘҢГІМЕСІ ҚАЛМАҒАН БА? Ұлттық банк ол иістен қашан арылады?

  3. Бул адамнын болжамдары курдымга кеткен , сонгы кездердег! белер! ееер!п журген сукбаттарымен жекелеген анг!мелер! , каржы маселес!нен кет!п , не болсаныздар ол болыныздар дегенн!н ымыранын корсет!п баккандыктарында …

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз