Сәлафтар ақшаны қайдан алады?

0
533

 

  • Сәлафтар ақшаны қайдан алады? 

Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті Батыс Қазақстан мен Ақтөбе облыстарының аумағында радикалды үш топтың жолын кескенін хабарлады. Бұл тамыздың 12-сі мен 30-ы аралығында жүзеге асырылған. Шара нәтижесінде «чекистер» күдіктілердің тәртіп сақшыларына шабуылдау мен ел аумағында жарылыс ұйымдастыру жоспарларын іске асырмай тастады. Радикалды топ мүшелерінің үйін тінту кезінде қару-жарақ пен оқ дәрі, қолдан жасалған жарылғыш заттар тәркіленіпті. Оған қоса экстремистік мазмұндағы аудио және баспа материалдар мен халықаралық содырлар ұйымының рәміздері, жалған ашқа және оны жасайтын қондырғылар табылған.
Соңғы кезде «террорист» дегенге тітіркене қарап, «содыр» дегенге сақалдылардан секем аламыз. Еске өздерін «сәлафпыз» деп атайтын қысқа балақ, қаба сақалдылар түседі. Ақтөбе мен Алматыдағы оқиғалардан кейін елімізде сәлафия ағымына тыйым салу туралы айтылып жүр. Алайда, билік ондай қадамға баруға асығатын емес. Әсілі, олардың кім екенін қайдан келіп жатқанын, қаржыландыру көзін зерттеп алғысы келген болар. Ал, дінтанушылар уахабизм-салафизм туралы сараптаманы сарқымай-ақ салып жатыр БАҚ беттеріне. Тіпті, Қазақстан аумағында сол ағымды ұстанушылардың ошақтарын да көрсетіп беріп жатыр. Ал, олардың қатары көбейіп келеді. Неге?
Бастапқыда бұл топ мүшелері елге танымал қоғам белсенділерін, спортшы, әншілерді, тіпті қылмыстық топ серкелерін өз қатарына тартуға талпынған. Олардың бұл әрекеті нәтиже берді де. Айналаңызға қарасаңыз, кезінде биліктің ұстанымын ұнатпай жүрген қандастарымыз бен көшеде бедел жинап жүрген бауырларымыздың иегіне сақал қойып, намазхан бола бастағанын байқайсыз. Осылайша радикалды ұйым өздерінен қоғам ішінен алдымен үгіттеушілерді дайындап алды. Олар өзгелерді қатарға кіргізу үшін керек. Қылмыстық топ жетекшілері «жауынгерлік бригада командирлерінің» қызметін атқарады. «Пайғамбарымыз да керуен тонаған» деген сылтаумен бұрынғы баукеспелерді баурап, қалталы азаматтарды бопсалауға жұмсап отырады. Қантөгіске қатысты шаралар да солардың қолымен ұйымдастырылады. Соңғы бірнеше жылда бұл ағым Қазақстандағы жұмыс тәсілін түбегейлі өзгертпегенімен, қоғамда болып жатқан кей құбылыстарды өздерінің пайдасына бағыттауға әрекеттеніп жүр.
Дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында: «Сəлəфилер жылт еткен əнші, ақын, спортшы, журналист, аналитик, т.б танымал адам көрсе, қалтасы қалың кəсіпкерді көздері шалса, оларды мақсатты түрде өз қатарларына қосуға тырысады. Оларды қаратса, оларға еліктеген қалың жастарды оңай қанжығаларына байлайтындықтарын жақсы түсінеді. Олармен жұмыс істеудің түрлі жолдарын меңгерген. Сəйгүлік мінгізіп, бүркіт сыйлайды. Сəлəфи сеніміндегі əдемі қызбен үйлендіреді. Жұмыссыз жүргендерін айлыққа байлайды. Жұмысқа тұрғызады. Əлеуметтік желіде жарнамасын жасап, көңілдерін қош етеді. Сайт ашып береді. Құрығы ұзын, жоғарғы жақтағы билік өкілдері немесе қалтасы қалың кəсіпкерлері арқылы арзан бағамен баспана мəселесін шешіп тастайды. Тендер алып береді. Спортшыға спортшыны, əншіге əншіні, кəсіпкерге кəсіпкерді, журналистке журналисті салады. Тіпті есерсоқтарды да тиімді пайдаланып, ұнамағандарына айдап салып, қоқан-лоқы жасатып отырады»-деп жазады.
Соңғы кезде сәлафиттік ағым белсенділері өз қатарын көбейтуде елімізде қалыптасқан әлеуметтік-экономикалық ахуалды ұтымды пайдаланып қалғысы келіп жүр. Кітап оқуға уақыт қимайтын жастардың көбеюі мен экономиканың нашарлауы – санадағы теріс ойларды «өсіруге» таптырмас жағдай. Радикалды ұйымдар елдегі әлеуеті төмен топтардың арасында үгіт жүргізіп, дінмен бүркемеленген идеяларды санасы қабылдамағандарды ақшамен арбауға кіріскен. Аты-жөнін айтпауды өтінген бір азаматша жуырда такси жүргузішісінің «біздің» дінімізді қабылдасаң, ай сайын қомақты ақша алып отырасың» деп үгіттегенін айтып берді. Бұл не қылған батпан құйрық десеңізші.
Сонда бұлар өз бірадарларына беретін қаржыны қайдан алады? Қазір саудасы қайнаған кез келген жерге бара қалсаңыз, сақалын ұзартып, балағын қысқартып алғандарды байқайсыз. Рас, олардың барлығын бірдей радикаллды ұйым мүшесі деуге келмейді. Арасында, сүниттік соқпақты берік ұстанып, сақал қоюды сүннет санап жүргендері де бар. Дегенмен көпшілігі өздерін «сәлафтар салған сара жолды» ұстанушыларға жатқызады. Оларды, әсіресе, қоғамдық қызмет көрсету орындарында: базарда, ұялы телефон жөндеу және сату орындарында көп кездестіруге болады. Саудамен айналысу ешқандай да қылмыс емес. Дегенмен, қолданыста болған ұялы телефондарды сататын «сақалдылардың» әккі әрекеті байқалған. Олардан сатып алынған байланыс құралынан экстремистік мағынадағы аудио және бейнежазбалар табылған. Оны тыңдаған діннен аса хабары жоқ адам айтылғанның бәрін Алланың ақиқаты деп қабылдауы мүмкін. Бұл жағдайда сатушының қылмысын дәлелдеу қиын. Ол да телефонды басқа біреуден сатып алды. Осы сауданың мағынасына үңілгендер оны желілік маркетингке ұқсатады. Ал, сол қаражат күн сайын қатары көбейіп келе жатқан ұйымды қаржыландыруға қаншалықты жетеді?
Жетуі неғайбыл. Тауарды жеткізуге кететін шығын, сатушының жалақысы, тағы сол сияқтылармен ол саудадан келетін таза пайда ұйымның қызметіне толық жете қоймайды. Бұл жағын әлі де зерттей түсу керек. Демек, оларда өзге де қаржы көзі бар. Ол қайда және Қазақстанға қандай жолмен келеді? Міне мұны қазір құзырлы органдардың анықтап жатқанына шүбә жоқ. «Тек бұл тым күрделі» дейді білетіндер. Олардың қатарына кіру бар да сол ұйым серкелерінің сеніміне кіру бар. Жаңа мүшені қатарына қабылдаған бұл ұйымдар оны зерттеуге жылдарын жұмсайды. Жатса, тұрса қасына жүретін біреуін оған «дос» етіп тағайындап қояды. Қатарға енді қосылған тұлғаның немен тыныстап, тіпті не ойлайтынына дейін білуге тырысады. Сондықтан, ол ұйымның жоғары жағында тұрғандармен сырттан кірген кез келген адам байланыса алмайды. Кезінде «сәлафтар жолын» ұстанушылармен айналысқан ҰҚК бір қызметкерінің айтуынша, олардың арасында жедел шараларды жүргізе алатын сауаттылар жетерлік. Техниканың соңғы үлгілерін керемет меңгерген, із кесуді және артынан аңдушыны адастырудың тәсілін жетік білетін, адам психологиясын жақсы зерттеген және жекпе-жек шеберлері – осының бәрі бір бойынан табылатындар жеткілікті екен.
Қазір екінің бірі жағдайды осындай деңгейге жеткізген билік пен дінбасыларды кіналайды. Уақыттан ұтылғанымыз рас. Кезінде бірді-екілі кірген сол идеяның ұстанушылары бүгінде биліктің жоғары сатыларынан дос тапқан. Тым еркінсіп кеткені де содан. Енді олармен күресуді дұрыс жолға қою жағы айтыла бастады. Және сол күресте ешкімнің де ашу-ызасын тудырмаған жөн. Өйткені, ашулы адамның құлағына сөз қонбайды. Ал өзі ызамен бірдеңені бүлдіреді. Қазір қит етсе «сақалды» дегенге дәнігіп алдық. Алдымен қоғамға сақалдының бәрі сәлафит емес екенін түсіндіру керек. Одан қалды, мектептерге теология пәнін ертерек енгізіп, енгізгенде де «сабақ өтілсе болды» деген есеп үшін емес, жастардың ақ-қараны айыра білуіне бар күшті бағыттау керек. Бұл орайда «маман тапшы» деген мәселе көтерілуі мүмкін. Егер сабақ кестесін дұрыс түзіп, білікті теологтардың уақытын тиімді ұйымдастыруға билік те атсалысса, мұны да реттеуге болады.
Айтпақшы, Дулат Исабеков бастаған зиялылар мен белсенділер «салафизмге» тыйым салу туралы Елбасыға хат жолдапты. «Ширек ғасырлық даңқты тарихқа ие тәуелсіздігіміздің тұғырлану кезеңі Сіздің дара тұлғаңызбен астасып, ерен еңбегіңізбен ерекшеленетіні – баршаға аян ақиқат. Сан ұлтты бауырына басып, тілі мен дінін, тарихы мен танымын асыл аманатындай сақтаған Қазақ елінің бүгінде бейбітшілік мекені, келісім кеңістігі ретінде әлемге аты танылды. Сындарлы шақтардан сүрінбей өткен еліміздің еңсесі тіктеліп, әл-ауқаты артып, алты алаштың мақтанына айналды. Бірақ осы толағай еңбекпен қол жеткен тәуелсіз мемлекеттің, табысты тұрмыстың, баға жетпес бейбітшіліктің шырқын бұзып, лаңкестік әрекеттердің орын ала бастауы өкінішті салдарларға соқтырып отыр. Мемлекет азаматтарының өмірін қиған лаңкестік әрекеттер ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіріп, ішкі тұрақтылықтың тұғырын шайқалтып қана қоймай, тәуелсіз Қазақстанның әлемдік аренадағы асқақ беделіне де нұқсан келтіре бастады. Өзіңіз орынды түрде атап көрсеткендей, Ақтөбеден басталып, Алматыға ұласқан бұл қанқұйлы лаңкестік әрекеттердің соңында салафилік ағым өкілдері тұр», – деп келетін үшбу хат – «Салафилікке тыйым салу зайырлы мемлекетіміздің негізгі құндылықтарын – мемлекет азаматтарының өмірін, бостандықтары мен құқықтарын, ұлттық қауіпсіздікті, ішкі тұрақтылықты, халықтың рухани-мәдени құндылықтарын сақтау мен нығайтуға бағытталған сарабдал саясат, сара шешім болмақ» деген ұсыныспен аяқталады.
Радикалды ұйымның әрекетін тоқтатудың радикалды жолы. Бұл орайда бір мәселені ескерген жөн. Салафизмге заң тұрғысынан тыйым салу уахабизм ресми идеология саналатын Сауд Арабиясымен қарым-қатынасқа нұқсан келтіруі мүмкін. Сондықтан бұл тұрғыда жеті өлшеп бір кесу керек. Адамды сенімінен айыру оңай шаруа емес. Ал, сенімнен айырылған соң ол шайтанға айналуы мүмкін. Соңғысы – метафора. Тек, бүгінде қаншама адам ұстанып отырған бұл ағымға шара қолдану керек-ақ. Тек, ол уақыт оздырмайтын әрі дұрыс тәсіл болғаны абзал деп ойлаймыз.
www.korr.kz  

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз