Қызылордада дәрігерлердің жетіспеуінен науқас көз жұмды

0
436

Өткен аптада Қызылорда қаласының тұрғыны, бірнеше жылдан бері ауыр дертке шалдыққан Ұлмекен Смағұлова есімді тұрғын қайтыс болды. Марқұмның балалары анасының өліміне дәрігерлер тікелей жауапты деп отыр.

Қызылордада дәрігерлердің жетіспеуінен науқас көз жұмды

Бұл туралы өңірдегі NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

«Медициналық көмек өз уақытында көрсетілгенде, мұндай қайғылы жағдай болмас еді», – дейді олар.

«Менің анама о баста диагноз қате қойылды. Кейіннен емдеу барысында қандай аурумен ауыратындығы белгілі болды. Үнемі емхана мен аурухананың арасында сабылып жүрдік. Осы соңғы уақытта анамның жағдайы тіптен нашарлай бастады. Емханаға барсақ ұзын-сонар кезек, дәрігерлер дұрыс қараған жоқ. Ауруханаға жатуға квота ала алмадық. Нәтижесінде анамыздан айырылып қалдық», – дейді ұлы Ғани Смағұлов.

Ғанидің анасы 2008 жылдан бері бауыры ауырып, есепке алынған екен. Дәрігерлердің жазып берген дәрілерін қабылдапты. Одан айтарлықтай нәтиже болмағандықтан, халықтық емге де көшкенін мойындайды.

Мәселенің мәнісін білу үшін Тасбөгет кентінде орналасқан №4 емханаға барғанымызда бас дәрігер медициналық мекемедегі бірқатар проблемаларды айтып қалды.

Қызылордада дәрігерлердің жетіспеуінен науқас көз жұмды

«Менің бұл қызметке келгеніме бар-жоғы 6 ай ғана болды. Осы уақытқа дейін емханаға қарасты 7 аумақта дәрігер болмаған. Жүргізілген жұмыстардың арқасында бүгінде дәрігері жоқ 3 аумақ қана қалды. Ұлмекен Смағұлова тұратын аумақта біраз жыл дәрігер болмағанын мойындаймын. Қазірдің өзінде біздің емханада онколог-дәрігер жоқ. Сондай–ақ, ауыр дертке шалдыққан науқастарды қарайтын мамандар өте аз. Дәрігерлердің қызметін медбикелер атқаруда», – дейді бас дәрігер Шакизада Исағалиева.

Табөгет кентінде орналасқан №4 емханаға қаралатын науқастардың саны күн өткен сайын өсіп келеді. Бұған демографиялық өсімнің  артқандығы себеп. «3 аумақ қана дәрігерлермен қамтамасыз етілмей отыр», деген бас дәрігерлер бұл жерлерде де ауыр сырқатқа шалдыққан жандардың тұратынын мойындайды.

Ал Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының қызметкерлері болса, жас мамандар жұмысқа тартылып жатыр дегеннен әрі аса алмай отыр.

 

 Дереккөз: Nur.kz

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз