Халықаралық қатынас, қорғаныс және қауіпсіздік бойынша сенат комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева Қазақстан билігіне экстремизм мен терроризмге қарсы күрес үшін көбірек ден қою керектігін ескертті.
ДАРИҒА НАЗАРБАЕВА. ФОТО: AZATTYQ.ORG
Ол бүгінде терроризмді алдын алудың орнына оның тек салдарымен күрес жүріп жатқанын алға тартты деп жазады «Азаттық Радиосы».
«Дін және азаматтық қоғамды дамыту істері бойынша министрлік құрылды. Мен бұл жайт мемлекеттің бүгінде терроризм және діни экстремизммен күреске барынша көңіл бөлгендігін аңдатады деп ойлаймын», – дейді Дариға Назарбаева.
«Мәселе біздің қандай мемлекет құрғымыз келіп отырғанында: зайырлы ма, әлде діни ме? Олардың ара-қатынасындағы тепе-теңдік қайда? Келесі мәселе: жат жерден келген діни канондар біздің зайырлы заңнамамызға қаншалықты сәйкес келеді?», – деп сауалдар тастады ол Астанадағы дөңгелек үстелде.
Назарбаева бұл сұрақтарға жауап табудың маңыздылығын айтып өтті.
«Егер біз бұл сұрақтарға жауап таба алсақ, одан әрі тұщымды шешімдер қабылдау жеңілірек болады. Бүгінде ұсынылып отырғандарды, әрине істеу қажет. Дегенмен бұл басты себепті түптамырымен жоя алмайды. Себебі, бүгінгі таңда біз тек салдарымен ғана күресіп келеміз», – дейді Назарбаева.
Дариға Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері терроризм қаупін білмей келгендігіне баса назар аударды. Оның ойынша, Қазақстанның қарулы күштері өз міндетін жақсы атқарып келеді. Алайда «Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында мүмкін болған» тұрақтылық пен тыныштыққа толы жылдар қазақстандық қоғам мен қарулы құрылымдарды босаңсытып жіберді дейді ол.
«Біз осы жылдарға дейін бейбіт өңірде тұрып келдік, әлем бойынша жүріп жатқан террорлық актілер мен адам өлімдері бізден алыс, бізге жетпейді деп ойлап келдік. Бұл үлкен қателік болды. Ал бүгінде бұл індет бізге де келіп жеткенін, біздің балаларымызға, бейбіт халыққа қауіп төндіріп тұрғанын ұғына бастадық. Бүгінгі таңда балалар бақшасы, мектептер, мәдениет, спорт нысандары, темір жол станциялары, әуежай мен автовокзалдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге өзгеше көзқараспен мән беруіміз керек», – дейді Дариға Назарбаева.
Сенат депутаты қарулы күштерге оқыс жағдайларда белсенді әрекет ете алатындай үлкен өкілеттік берілуі тиіс деген пікірде.
Дереккөз: Nur.kz