Қасымов айуандықпен өлтірілген ағайындылардың ісіне түсініктеме берді

0
500
  • Қасымов айуандықпен өлтірілген ағайындылардың ісіне түсініктеме берді

Мал сатпақ болған ағайындыларды өлтірген қылмыскерлер тұтқындалды. Бұл туралы бүгін үкімет отырысында  Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов мәлім етті деп хабарлайды Қазақпарат.

 

Қасымов айуандықпен өлтірілген ағайындылардың ісіне түсініктеме берді
ҚАЛМҰХАНБЕТ ҚАСЫМОВ. ФОТО: ORTCOM.KZ

«Жұмысымызды бастамас бұрын, Ішкі істер министріне бір сауалым бар. Қалмұханбет Нұрмұханбетұлы, халықтың арасында Алматы облысында болған жантүршігерлік оқиға көп айтылып, талқыланып жатыр. Қазір біліп отырмыз, қылмыскерлер ұсталды. Қажетті тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Осыған байланысты, халықтың алаңдаушылығы көп болғандықтан мәлімет беріп өтсеңіз», – деді үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовқа қарата.
Өз кезегінде министр 20 қыркүйек күні Алматыға мал сатамыз деп барған 3 азаматтың жоғалып кетуіне байланысты ішкі істер органдарына арыз түскенін, аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын атап өтті.
«Олар 2 көлікпен 41 мал басты Алматы облысына сату үшін барған. Біз 21 қыркүйек күні бірінші көлікті және 23-і күні екінші көлікті таптық. Мұнан ары, жергілікті тұрғындардың аталған көліктердің жүргізушілеріне көмек бергенін анықтадық. Олар батпаққа тұрып қалған. Мұнан кейін Жамбыл ауданының тұрғындары олардың кім екендерін айтты. Осы тұлғалардың көмегімен біз қылмыскерлерді, Жамбыл ауданының екі тұрғынын анықтадық. Олар базарда жапа шегушілерге келіп, барлық малды көтерме бағамен сатып алуды ұсынған. Оларды алдап тау арасына алып шығып, сол жерде үшеуін де өлтірген. Мал мен мүрделерді алып келе жатқан кезде көліктері батпаққа тұрып қалған. Мұнан соң жергілікті тұрғындардан көмек сұраған. Қазіргі уақытта қылмыскерлер ұсталды. Қылмыс жасалған қару тәркіленді. Қылмыскерлер өз еркімен мүрделердің көмілген жерін көрсетуге ниет білдіріп, біз зардап шеккендердің мәйіттері көмілген жерге бардық. Қажетті сараптамалар тағайындалды. Бүгін аталған ауылдарда жерлеу рәсімдері өтеді. 35 бас мал алынды. Алматы облыстық ІІД тергеу амалдарын жүргізуде. Қысқа мерзім ішінде тергеу аяқтап, сотқа жолдаймыз деп ойлаймын. Біз бұл істі өз бақылауымызға аламыз», – деді Қасымов.
Осы ретте Бақытжан Сағынтаев министрге тергеу барысын жеке бақылауға алуды тапсырды. «Қоғамдық қауіпсіздік және қылмыспен күрес бұл маңызды міндет. Біз мұны үкіметтің жеке отырысында қараймыз», – деп атап өтті премьер-министр.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз