Арыстанбек Мұхамедиұлы екінші сотқа дайындалуда. Онсыз да отандық режиссерлармен дауласып жатқан Мәдениет министрі енді өзін «қырындады» деп айыптаған бойжеткенмен сотта жолықпақшы.
АРЫСТАНБЕК МҰХАМЕДИҰЛЫ
Шенеуніктің құқығын қорғайтын адвокат та белгілі деп хабарлайды КТКарнасы.
Мұхамедиұлының жақын күндері соттан қолы босамайтын сияқты. Өйткені, министр қатарынан екі бірдей процеске қатысуға мәжбүр болады. Бұған дейін ол өзін «ақша бопсалады» деп айыптаған кинорежиссермен сотта кездесіп жүрген болса, енді оған бұрынғы студенті қосылды. Мәдениет министрінің қос бірдей ісімен бір адвокат айналысады.
Шенеуніктен кезекті тапсырма алған заңгер сотқа түсіретін шағымын да әзірлеп қойыпты. Министрді қорғаудан мол тәжірибе жинақтаған Ескендір Әлімбаев қазір жалғыз лингвистикалық сараптама нәтижесін күтіп отыр екен.
«Филолог мамандар қазір видеоны көріп, оған өз сараптасын береді. Соның нәтижесі бойынша шешім қабылдаймыз», – дейді Арыстанбек Мұхамедиұлының адвокаты Ескендір Әлімбаев.
Еске сала кетейік, Еңлік Сыдықова есімді бойжеткен Арыстанбек Мұхамедиұлы Өнер академиясының ректоры қызметін атқарған кезде оқуға түсуге келген қыздан 3 мың долларға тең пара сұрап, онымен жақындасқысы келгенін айтқан. Елді шулатқан мәлімдемеге Мәдениет министрінің өзі жауап берген болатын.