БАҚЫТБЕК НЕГЕ АУЫТ КЕТТІ…

0
607

Бақытбек Смағұл

 

Кеше телеарнаны теріп  қарап отырып,  Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұлдың бір ұсынысын  көзіміз шалып қалып,   шайымызға  шашалып қалдық.  Себебі,  кеше  ғана  улап-шулап жүріп, қарсыласқандардың үнін өшіре отырып, құрылған Еуразиялық Экономикалық одақтың өмірге келген  күні  29 мамырды   «Еуразиялық ықпалдастық күні» ретінде Мерекелер тізіміне енгізуді сұрап отыр  ғой депутат.

Біріншіден, дәл осы күнді,  құрылғаны кеше ғана болған, баяндылығы  сенімсіз, Елбасымыз үлкен үмітпен одақтың құрылуына бастамашы болса да, қазақ экономикасын әлсіретіп келе жатқан   ЕЭО күнін мерекеге айналдыруды  ұсыныс жасайды деп депутаттардан ешкім күткен жоқ.  Дәл қазір бұл Одақтан Ресейден басқа елдердің бәрі зиян шегіп жатқаны анық. Белоруссияның батыр президенті Лукашенконың “Бұндай зиянкес одағыңның керегі жоқ, шығамын”-деп шала бүлінгені кеше ғана емес…

Екіншіден,  бұндай  ұлттық тәуелсіздігімізге күш беретін емес, күмән  тудыра бастаған  күнді  мереке етуді  басқа-басқа емес, өзі ақын болғандықтан жанымызға жақын тартатын  Бақытбек Смағұл бауырымыз жасайды деп тіпті, үш ұйықтасақ, түсімізге кірген жоқ…

Үшіншіден, Еуразиялық Экономикалық одақтан талай жыл бұрын құрылып, бұрын бір-біріне бодан болмаған тең (!) мемлекеттердің  құрылған күнін осы елдердің қайсысы алақайлап, мерекеге айналдырғанын естімеппін?!. Мерекелемек түгілі ЕурОдақтағы ең беделді ел Ұлыбтритания одақтан шығуға шешім қабылдады. Үлгі аларлық үрдіс.

Төртіншіден,  енді ел сенген, тілі, ділі қазақы  депутатымыз  осындай ұсыныс жасап отырса, онда ертең  тілі түгіл тегін дұрыс қазақша жаза алмайтын бір депутатымыз  Кеңес одағының құрылған күнін,  Кеңестік Қызыл Армияның  күні – 23 ақпанды, Комсомолдар күні -29 қазанды (жақындап қалыпты, бекер айттым-ау деймін) мерекелеуді «қайта қалпына келтіре салайық, ақыр сол қызыл империя тілімен сөйлеп жүрміз, Кеңес одағы болмағанда неміз қалды»-деп шықпасына кім кепіл?

Біз, тіпті, Тұңғыш Президент күнін 23 жылдан соң, кеше ған енгізген жоқпыз ба мерекелер тізіімне… Екі жыл енді болған Еуразиялық экономикалық  одақ күнін мерекелейтіндей жанымызға не көрінді Бақытбек мырза!..  Егер сізге біреу осындай ұсыныс жасап, көндірсе, ондай «досыңыз» болса, жаудың керегі жоқ сізге де, елге де… Ауыт

«Бақсақ, бақа екен» дегендей, бұл қайдан шықты десек,  Абай.кз сайтында Нұргелді інім  “Бақытбек нені былықтырып жүр?”-деп,   шырылдағандай,  Ауыт Мұқибек 18 қарашаны «Ұлттық көші-қон» күні етуді сұрап келіп, оны Бақытбек Смағұл мырза Үкімет басшысына жолдапты.  Өте дұрыс! Жасай беріңіз, Бақытбек мырза! Ау, бірақ Ауыттың  айтқанынан ауыт кетудің,  ауып кетудің не керегі болды? Ел ішінде әжептәуір абыройыңыз бар, беделіңіз бар  депутат, қалам ұстаған қайраткер емес пе едіңіз?

Бұған енді не дейміз?

Бұдан кейін депутаттар сауал жасаса, қорқып отыратын болдық…

 

Қазыбек ИСА

Qazaquni.kz

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз