ОҚО-да қызының өліміне сене алмай отырған ата-ана құдаларын сотқа берді

0
454

Осыдан 7-8 жыл бұрын оңтүстікке келін болып түсіп, кенеттен көз жұмған Гүлбағым Есжанованың төркіні құдаларымен соттаспақ ниетте деп хабарлайды NUR.KZ порталы жергілікті ТВК арнасына сілтеме жасап.

Туыстарының айтуынша, талай рет күйеуінен жәбір көрген азаматша үйіне де қашып барған. Алайда жұбайы артынан іздеп барып, жалынып жалбарынып алып кеткен. Бұзақылығын тыя алмаған ол бұл жолы жер жастандырды дейді Гүлбағымның туыстары.

«Балалы үйдің ұрлығы жатпайды, сіңілімнің баласы: «Мамамды папам ұрды, папамнан қашам деп құлады», – деп естігенін айтты дейді Гүлбағымның әпкесі.

Ол кісінің ойынша, Гүлбағым жерге құлап басынан соққы алған, мойнында қолдың ізі бар, денесі тырналған.

Гүлбағымның жақындары сот-медициналық сараптамаға сай Гүлбағымның талма ауруынан қайтыс болды деген қортындысымен келісе алмай отыр.

«27 жасқа дейін бір рет талып ауырып көрмеген қыз. Осы қағазды жазып берген ақ халаттыларға қарсымын. Өз істеріне жауап берсін», – дейді қайтыс болған келіншектің әпкесі.

Ал күйеу жігіттің туыстары келіндерінің талма ауруынан көз жұмғанын айтуда.

«Екі баласымен шашын алдырам деп шыққан, жолда талмасы ұстаған. Сөйтіп жедел жәрдем шақырған. Ол уақытылы келмегеннен кейін сол жерде адамдар көмек көрсеткен. Таксиге мінгізіп апарған. Бірақ, емханаға жеткенше келініміз Гүлбағым қайтыс боп кетті», – дейді қайын жұрты.

Ал Есжановтар болса, бұған сенгісі келмейді. Олар қыздарының денесінде соққының ізі тайға таңба басқандай тұрғанын айтады.

Қазіргі таңда Гүлбағымның туыстары полицейлерге арыз-шағым түсірген. Сондай-ақ медициналық сараптама тағайындауды сұрап отыр.

Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі істер департаментінің ресми өкілі Салтанат Қаракөзованың айтуынша, бүгінгі таңда сараптама тағайындалған. Оның қорытындысы бойынша Қаратау полиция бөлімінің тергеушілері шешім шығаруы тиіс.

Дереккөз: Nur.kz

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз