«ОВ» пен – «ЕВ»-ке құлдық ұру қашан тыйылады?

3
144

Қазіргі таңда қай жерге бара қалсаңыз да еліміздегі қоғамдық мәселелер аясында пікір алысулар болып жатады. Өз ойларын білдірушілердің көбі жалпы халықтық, мемлекеттік мәселелерді қозғайды. Бұндай белсенділік еліміз егемендігін алғалы бергі жылдарда қоғамымыздың мүшелерінің санасының күрт өзгергенін, өскенін айқындайды. Бұл, әрине, өте қуантарлық жағдай. Себебі, қоғам мүшелерінің санасы қандай болса қоғам да сондай болмақ. Қоғам мүшелерінің санасы биік болған сайын олардың белсенділігі де күшейіп, келелі мәселелер өркениеттік мәдени деңгейде шешіліп, мемлекет өзінің дамуының жоғарғы сатысына осылайша көтеріледі.
Дегенмен, пікір білдірушілер арасында жалпы сөзбен айызын қандырып алып, келесі отырысқа дейін ештеңе ойламай жүре беретіндердің баршылық екені де рас. «Олай істеу керек, былай шешу керек» деп оңды-солды сөйлеп қасындағыларға кезек бермейтіндер, басқалардан талап еткенімен өздерінің мойнына жауапкершілік алғысы келмейді. Әр азамат өзінің қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінбегендіктен қоғамның да дамуы тежеле беретіні бесенеден белгілі жәйт.
Сөзбен істің алшақтылығы, әсіресе азаматтардың өз тегін-фамилиясын ресми құжаттарда рәсімдеуде көрініп жатады. Жұрт ортасында отырғанда жиналғандарды аузына қаратқысы келетіндердің көпшілігінің фамилиясын сұрай қалсаңыз әлі күнге дейін «ОВ» не «ЕВ» болып жазылғанын көресіз. Ондайларға «қазақ, қазақ» деп сөйлейсіз, ал, өзіңіздің тегіңізді әлі «ОВ» деп жазып жүруіңіздің себебі неде, деп сұрасаңыз, ұрыс-керіс шығып кетуі әбден мүмкін. Себебі мемлекетімізді аузымен ғана көркейткісі келетіндердің көбісі егемендіктің тұғыры нық болуының бір ұшы азаматтардың өз тектеріндегі «ОВ»-тың алынып тасталуына барып тірелетінін әлі түсінбей келеді. Қай газет-журналды, кітапты, оқулықтарды қарасаңыз да, теледидарды тамашаласаңыз да «ОВ»-«ОВА», «ЕВ»-«ЕВА» дегеннен аяқ алып жүргісіз.
Бұл жөнінде әңгіме бастай қалсаңыз, ешқашан ойыңызға келмейтін небір себептерді естисіз… Кешегі КСРО билік құрып тұрған кезде Қазақстанның тұрғындарының барлығы дерлік фамилияларын орыс халқы сияқты «ОВ» деген жалғаумен жазатын. Ол кезде көпшілік КСРО-ның идеологиялық машинасының шынжыр табанының күшіне мойынсұнып кеткен еді. Бірақ барлық кезде бұлай болған жоқ. Қазақтар өз фамилияларын «ҰЛЫ», «ҚЫЗЫ» деп жазған.
Міржақып Дулатұлының қызы Гүлнәр апайымыз өзінің «Алаштың сөнбес жұлдыздары» атты кітабында 1925 жылы бауыры Әлібектің туғаны туралы айта келіп: Куәлікті әкем араб әріптерімен және орысша жазып өз қолымен толтырған» дей келіп: «Бұл құжат менің қолымда сақтаулы» деп жазады. Осы құжаттағы: «Әкесі» деген сұрақтың тұсында – «Міржақып Дулатұлы – 40 жаста» деп жазылған.
Қызылорда қаласында 1929 жылы шақырылған Бүкілодақтық ғылыми-орфографиялық конференциясының стеннограммасында: «Сөз жолдас Жұбанұлына беріледі» деп жазылған. Бұл бүгінде фамилиясы кітап пен мақалаларда «Жұбанов» деп жазылып жүрген музыка зертеушісінің ол кезде атасы Жұбанның атымен Құдайберген Жұбанұлы болып жазылғанын дәлелдейді.
Сәбит Мұқанұлы 1932 жылы жарық көрген «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті» атты еңбегінде сол кезгі ақын-жазушылар туралы жазып, оларды: Байтұрсынұлы Ахмет, Дулатұлы Міржақып, Қарашұлы Омар, Жұмабайұлы Мағжан, Торайғырұлы Сұлтанмахмұт, Дөнентайұлы Сәбит, Күлейұлы Бернияз, Әуезұлы Мұхтар, Аймауытұлы Жүсіпбек, деп көрсеткен. Бұл кітап сол күйінде 2008 жылы «Атамұра» баспасынан 1000 дана болып жарық көрді.
Мұхтар Әуезұлы 1930 жылы Ташкент қаласында тұтқындалды. Тергеу 1932 жылы 20 көкек күні аяқталып, қылмыс кодексінің 58/7,10,11-баптары бойынша айыпталып, үш жыл концлагерьде тұтқында ұстау үкімі шықты. Бұдан ары не болатыны түсінікті еді. Бірақ М.Әуезұлы «Социалды Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарық көрген хатын жазды. Хат оның өмір сүруінің кепілі еді. Екі жыл түрмеде отырған жазушы Кеңес билігінен кешірім сұрап, бұдан былай саясатқа араласпай тек ағартушылық жолын таңдады. М.Әуезұлының өзінің фамилиясын әлі Әуезов деп жазбай тұрғаны туралы 1932 жылы жарық көрген «Әуезұлының сөзі» атты мақаласының болғаны растайды.
1932 жылы ақын Ілияс Жансүгірұлы Қазақстан Кеңес Жазушы одағы өлкелік ұйымдастыру комтеттінің 1-пленумында жасаған баяндамасында «…Әуезұлы Мұхтар өзінің көп жылдан бері ұлтшылдық пікірде болып, енді ол пікірден, ол жолынан қайтып…» деп жазған. 1935 жылғы 23 наурыз күні «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған мақалада: «Марттың 16-күні қазақтың атақты жазушысы Әуезұлы Мұхтар жолдас…» деп жазылған.
1936 жылы қазақ әдебиетінің басы-қасында жүргендер мысалы: С.Сейфоллаұлы, С.Мұқанұлы, М.Әуезұлы, Ә.Тәжібайұлы ол кезде фамилияларын «ОВ» емес «ҰЛЫ» деп жазған. Бүгінде көп адам білетін Сәкен Сейфулиннің «Тар жол тайға кешу» романы 1927 жылы Қызылорда қаласында жеке кітап болып басылып, автордың аты Сейфуллаұлы Сәкен деп жазылғанын білмейді. Сол жылы жарық көрген: «…Ел әдебиетінен жинақ» атты кітаптың авторы І.Жансүгірұлы деп көрсетілген. 1930 жылғы «Жаңа ауыл: Бастауыш мектептің 2-жылы үшін жұмыс кітапты» жазған Жүсіпбек Аймауытұлы. Бұл кітапты түзетіп, толықтырған Ғ.Мүсірепұлы.
Ол кездердегі саяси жағдайдың қандай болғанын қазір кім білмейді? Кеңес мемлекетінің басшылығы «халық жаулары» деп көптеген азаматтарды атты, түрмеге қамады, алыс жерлерге жер аударды. Тірі қалғандар амалы жоқтықтан биліктің дегеніне көнді. Бүкіл ел фамилиясын «ҰЛЫ», «ҚЫЗЫ» деп жазғанды қойып «ОВ», «ЕВ» деп жазды.
Иә, осылай болған… Осы жерде айта кететін бір жәйт, жоғарыда аты аталған қазақтың қаймақтары: Байтұрсынұлы Ахмет, Дулатұлы Міржақып, Қарашұлы Омар, Жұмабайұлы Мағжан, Торайғырұлы Сұлтанмахмұт, Дөнентайұлы Сәбит, Күлейұлы Бернияз, Әуезұлы Мұхтар, Аймауытұлы Жүсіпбек және басқалар бүгінде көзі тірі болса, еліміз тәуелсіздік алған кезден бастап фамилияларын «Ұлы» деп қазақшалап жазар еді!
«ОВ»-пен «Ев»-ке қарсы тұрып басқалардың сана-сезімінің өсуіне ықпал ете білген тұлғалар да болды. Солардың бірі Халық ҚаҺарманы, батыр, жазушы Бауыржан Момышұлы еді. Ұлы Отан соғысының нағыз бел ортасында 1943 жылы шыққан «Волоколамск тас жолы» кітабында Б.Момышұлы туралы мынадай бір оқиға суерттеледі: жазушы Александр Бек Бауыржан Момышұлымен танысқанда батыр бабамыз өз аты жөнін: Бауыржан Момыш-Ұлы, – деп айтады. Түсінбеген жазушы: – Кешіріңіз, фамилияңыз қалай жазылады? – деп қайта сұрайды. Сонда Бауыржан Момышұлы: – Менде фамилия жоқ. – деп қысқа қайырады да: – Бұл менің әкемнің аты, – дейді. Батырдың бұнысы басқа ұлттың өкіліне қазақ деген халықтың аты-жөнді жазу дәстүрі орыстардыкінен мүлдем өзіндік мәдениеті бар екенін түсіндіргені еді. Ол осылайша КСРО-ның билік басындағылардың барлық ұлттарды «ОВ» деп жазып бәрін бір совет халқы етіп жіберуіне өзінше қарсылығын білдірген болатын.
Оңтүстік өңірінің Ергөбек, Құлыншақ, Майлықожа, Мәделіқожа, Молда Мұса сынды ақындардың жыр мұраларын жинап зерттеумен айналысқан, ұлы Мұхтар Әуезұлының өзі таңдап алған соңғы аспиранты, генерал Сабыр Рақымовтың ұлты қазақ екенін алғаш жариялаған ғалым, менің әкем Әсілхан Оспанұлы да өте ұлтжанды, елім деген азамат еді. Ол өзіне «ОВ» деп жазылып берілген төлқұжатты төрт рет әдейі жоғалтқан. Паспорт беретін мекемеге «паспортымды жоғалттым» деп «Оспанов» демей «Оспанұлы» деп қағаз толтырып, арыз жазып бара берген соң, ресми орындағы қызметкерлер әкемнің төлқұжатына «Оспанұлы» деп жазып беруге мәжбүр болған. Енді бірде, партия билеттерін ауыстырып жаңасын алған кезде қараса өзінің фамилиясы «Оспанұлы» емес «Оспанов» деп жазылғанын байқап, «Оспанұлы» деп дұрыс жазылуын талап етеді. Аудандық партия комитетіндегілер басшылардан ұрыс еститін болдық, деп қорқып, әкеме осы күйінде алыңызшы, деп өтініш айтады. Бірақ әкем бұған келіспейді. Сол кезде Тілепов деген қызметтесі: Әсеке ала берсеңізші, неңіз кетеді, дейді. Сонда әкем: Осыларды мойнымызға мінгізіп қойған сен сияқтылар, дейді қатуланып.
Бүгіндері қай қазақпен әңгімелесе қалсаңыз да Қазақстанның басқа өркениетті елдерден кем болмай, Ұлыбритания, Франция, Алмания, Жапония, АҚШ сияқты дамыған ел болуын қалайтынын айтады. Бірақ ол елдердің азаматтары өз тегін құжатына жазғанда орыстық «ОВ» дегенін есепке алмай жазады ғой. Францзудар Депардие, Саркази, Жан Марэ, Мирей Матье деп, ал ағылшындар Черчиль, Тетчер, Холмс, Уатсон деп, алмандар болса Шмидт, Вайс, Мюллер, Штирлиц деп өзінше жазады. Қытайлар, жапондар, кәрістер, мексикандықтар, италияндықтар, бәрі-бәрі өз тегіне орыстың «ОВ» дегенін қоспайды. Қазақтар ғана «ОВ» пен «ЕВ»-тен айрылғысы жоқ.
Бұл мәселе сөз бола қалса «неге елбасы өзі бірінші болып тегін өзгертпейді» деген сөздер де айтылып жатады. Бұл сұраққа Нұрсұлтан Әбішұлы баяғыда жауап беріп қойған. Ол кісі теледидардан сөйлеген бір сөзінде: «Өз кезегінде мен де фамилиямды Назарбай деп жазамын. Әзірше бұның мүмкін болмай тұруының басты себебі мен мемлекет басшысы ретінде көптеген елдермен қарым-қатынастық ресми қағаздарға қол қойдым» деді. Егер елбасымыз фамилиясындағы «ОВ» деген жалғауды алып тастаса, мемлекетіміздің басшысы ретінде бүгінгі күнге дейінгі қол қойған мемлекетаралық келісімдер бір сәтте күшін жоятыны түсінікті.
Қазіргі таңда фамилиядағы КСРО билігі тұсынан келе жатқан сарқыншақтың белгісі «ОВ»-пен «ЕВ»-ті өзгертудің еш қиындығы жоқ. Ресми орынға барып керекті құжаттарды рәсімдесеңіз болды. Бұл мемлекеттік деңгейде шешілген мәселе. Бірақ, неге екені белгісіз отанымыз егемендік алғанына жиырма жылдан астам уақыт өтсе де қандастарымыз «ОВ» пен «ЕВ»-ке жабысуын қоймай келеді. Бүгінде ұлты қазақ, «сексеннің сеңгіріне шықтым» деген жасы үлкен азаматтардың, орта жастан асқан буын өкілдерінің, олардың соңын алып келе жатқан студенттердің, мектеп жасындағылардың, тіпті жаңа туған сәбилердің де тегінің «ОВ» болып жазылуы бүгінгі ұлтымызға үлкен сын. «ОВ» және «ЕВ»-пен аяқталатын фамилиялардың көп екенін көріп-біліп жүрген басқа ұлт өкілдері: қазақтардың ата-тегін жазуда өзіндік мәдениеті болмағаны ма, деген сұраққа жауап іздеуін кім орынсыз дей алады?! Бұдан соң өз тектерін дұрыс жаза алмағандардың тілін үйреніп керегі не деп айтуы да әбден мүмкін нәрсе.
Үлкен ұяттың бірі қазақтың бәрі білетін ағалар мен апалардың өздерінің фамилияларын орысша жазуы. Көпшілік қашанда атақты азаматтардан, билік басындағылардан, ақын-жазушылардан үлгі алып отырған, соларға ұқсағысы келген. Әсіресе сахна жұлдыздары өздерінің тегін қалай жазғанына көңіл аударса жақсы болар еді. Егерде еліміздің белгілі де беделді тұлғалары, мемлекет қайраткерлері, мәжіліс депутаттары, ақын-жазушылар, кино артистері, суретшілер, әншілер, мысалы, қазақ тілінің жағдайын көп айтатын Мұхтар Шаханов бас болып Ермек Серкебаев, Мақпал Жүнісова, Роза Рымбаева және тағы басқа да атақты адамдар бүгіннен бастап фамилиясындағы «ОВ»-«ЕВ»-терді алып тастаймыз деп барлық қазақ газет-журналдар мен теледидарлар арқылы қазақ халқына үндеу жолдаса, көптеген қазақтар ертесіне-ақ фамилиясын қазақша жазуға әрекет жасар еді.
Әттең, әзірше қазақтар бұл мәселеде екіге бөлініп тұр. Бір жағы баяғыда-ақ тегін қазақшалап жазғандар, ал екінші жақ «ОВ»-пен «ЕВ»-тен айрылғысы келмей жүргендер. Осы екі жақтың қайсысы жеңер екен деп бақылап отырғандардың бар екені де шындық.
Ендігі жерде Бауыржан Момышұлының: «Әр адамның мінезі – астындағы тұлпары», деген нақыл сөзіне құлақ асып, өзін қазақпын деп білетін әр азаматтың бұл мәселеде мінезді болатын кезі жетті.

Бердалы ОСПАН.
Мәдениеттанушы.

3 ПІКІРЛЕР

  1. Қызық халықпыз, ағайын түрік халқында қызы болсын, ұлы болсын, «оглы» деген жалғауы болады. Ұлым дүниеге келгенде оның тегін СҰЛТАНҰЛЫ деп бергім келген, болмайды деді тек Ов немесе СҰЛТАН болады екен. СҰЛТАН АҚЫНЖАН, АҚЫНЖАН СҰЛТАН, ажыратып көріңіз, аты қайсы, тегі қайсы? Заңды қарау керек

  2. Өте жақсы жазылған екен! Құрғақ сөз ғана емес, тарихи дәйектермен дәлелді жазыпсыз! Расында, бұл мәселеге қырын қарамауымыз керек. «Ов» пен «Ев»-тен арылу үшін әрқайсымыз оны тәрк етуіміз керек! Бердалы ағамызға үн қосайық!

  3. Қазіргі таңда өз ата тегін қазақша жазамын десе ешкім,ешқандай мекеме қарсы тұрмайды.Барлығы өзімізге байланысты. Жолдастарымның арасында әзіл-шыны аралас мақтана айтып жүретін бір жайт. Мен сол «»ев»-тан 1991 жылы қыркүйек айында алғашқылардың бірі болып құтылғанмын.Аудандық паспорт бөліміне барып бөлім бастығымен сөйлесіп,шаруамды айттым.Басында қарсылық білдіріп,келіспеген-ді.Ізін суытпай қайта-қайта бара берген соң ,мың болғыр апайымыз төлқұжат деректерінің барлығын қазақша толтырып берді. Кейіннен 1992-93 жылдар аралығында ауылдық Кеңесте Төраға қызыметінде жүргенде сол аймақта туған балалардың барлығының ата тегіндегі «ов»,»ев»тарды алып тастап, Қазақша нұсқада жаздыруға ықпал еттім.
    Осы мақалада айтылғандай ел алдында жүрген аға-апаларымыз да мақалаға үн қосып,қолдау білдіргенін қалар едім.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз