МУСИН ПРЕЗИДЕНТ ӘКІМШІЛІГІНЕН КЕТІП, СЕНАТОР БОЛА МА?

0
144

«Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиев тұтқындалды» деген ақпарат қазақстандық медиа кеңістікті дүр сілкіндірді. Бірнеше жылдан бері «тағында» тапжылмай отырған Рысқалиевтің басынан бағы бір – ақ күнде тайды. Бұған дейін де Бергейдің атына түрлі сыни пікірлер айтылған еді. Президенттің өзі телекөпір кезінде Атырау мен Ақтөбені салыстырып, Ақтөбе әкімін мақтап, Атыраудың басшысын жерден алып, жерге салғанын көрді дүйім жұрт. Сол кезде ақ «Бергей Рысқалиев Атырау әкімі тағынан кетеді екен» деген гу – гу әңгіме тарап кетті. Бірақ, Бергей Атырау облысының тізгінін ешкім де бермеді. Білетіндер, мұның себебін Аслан Мусиннің биліктегі ықпалымен түсіндірді. Себебі, Мусиннің Атырауды да, Ақтөбені де «ашса алақанында, жұмса жұдырығында» ұстайтынын жұрт жақсы біледі.
«Суға салса батпайтын, отқа салса күймейтін» көрінген Бергей Рысқалиев енді, міне, биліктің кәріне ілігіп отыр. Оны қызметінен босатып, орнына Оралдың бұрынғы әкімі Ізмұхамбетовті тағайындағанда, «Бергей Рысқалиев басқа қызметке ауысуына байланысты орнынан кетті» деген ақпарат тарады. Екінші күні «денсаулығына байланысты қызметті босатты» деді. Ал одан соң «Бергей Рысқалиев тұтқындалды» деген хабар тарады. Түрлі ақпараттарға сенсек, Рысқалиевтің тұтқындалғаны да, одан кейін босап шыққаны да рас көрінеді. Қазір ол Бурабайда демалып жатыр, ал 30 тамыз күні Бергей Рысқалиевті Ақордаға «кездесуге» шақырды дейді білгіштер.
Бергей Рысқалиевтің қызметтен кетіп, кейін тұтқындалуы оның «қожасы» Аслан Мусиннің басына бұлт үйрілгенін айқын көрсетеді. Бірқатар ақпараттарға сүйенсек, алдағы күзде болатын ауыс-түйістерден соң Аслан Мусин президент әкімшілігі жетекшісі қызметінен босатылмақ. Биліктегі ең үлкен орындардың бірінде ұзақ отырып, өзінің саяси ықпалын барынша күшейткен Мусинді «тақтан» тайдыруды көздеп отырған топтар да аз емес билікте. Қазіргі «майданда» оған қарсы Тимур Құлыбаев, Иманғали Тасмағамбетов және ҰҚК төрағасы Нұртай Әбіқаев «еңбектеніп» жатқан көрінеді. Бергей Рысқалиевті құлатуға да осы үшеуі атсалысты дейді биліктегі бірқатар ақпарат көздері.
Мусинді биліктен кетіруге президент келісе ме? Бір жағынан, оның қызметтен кетуі мемлекет басшысына да тиімді тәрізді. Неге? Біріншіден, Жаңаөзендегі қырғыннан соң халық арасында биліктің «қанішер», «қаніпезер» образы қалыптаса бастады. Полицияға еш қарсылық көрсетпеген, оның өміріне қауіп төндірмеген халықты қарулы қызметкерлердің қуып, арттарынан оқ жаудырып, құлағандарын соққының астына алғанын бүкіл әлем көрді. Мұндай әрекеттерге соңғы кездері Бирма, Қытай тәрізді тоталитарлы әрі диктаторлық мемлекеттер де бармайды. Әрі кетсе, ұрады, тоқпақтайды, жазалайды, түрмеге қамайды. Ал Қазақстан билігі осындай қанды қадамға барды. Осыдан соң биліктің «өркениеттілігіне», «халықшылдығына» кім сенеді? Ешкім де сенбейді. Осы себептен ел арасында «Берия» деп аталып кеткен адамның биліктен кетуі Ақордаға тиімді болып көрінбек. Оның отставкасын бірқатар беделді қоғам қайраткерлері де талап еткен еді. Естеріңізде болса, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Төлеген Жүкеев желтоқсан айында атышулы мәлімдеме жасап, Аслан Мусинді биліктегі ең қатал әрі қаніпезер саясаткер деп ашық айыптады. Сондықтан, «Жаңаөзен қырғынына жауапты адамдардың бірі биліктен кетті» деп ел арасына сөз тастауға да жақсы қадам бұл. Екіншіден, бүгінгі билік «терроризммен күрес» шеңберінде және Жаңаөзен оқиғасын негізге алып, барлық «гайкаларды» бұрап тастады. Мұндай саясатты қолдап отырған адам ретінде де Аслан Мусиннің аты жиі аталады. Қатал саясатты босаңдатуды қалайтын қоғам үшін де Мусиннің биліктен кетуі тиімді болып көрінері хақ. Үшіншіден, Мусиннің президенттен кейінгі биліктегі ең ықпалды қызметте ұзақ отыруы Назарбаев айналасындағы бірқатар топтардың арасында да наразылық тудырарғаны анық. Себебі, Мусиннен басқа да шенеуніктердің өз амбициясы, өз көздеген мақсаты бар. Оның үстіне, Мусиннің Құлыбаевпен де, Тасмағамбетовпен де, Әбіқаевпен де қарым-қатынасы жақсы емес деген әңгімелер айтылады. Осы мәселелерді ескерсек, Аслан Мусиннің алдағы күзде биліктен кетуі – оның өзінен басқалардың бәріне тиімді шешім болып көрінуі мүмкін.
Әрине, Мусин президент әкімшілігі қызметінен кеткенімен, ол биліктен мүлдем аластатылмайды. Себебі, оның білетін құпиясы да, қаржысы да мол. Егер қолында бар ресурстарды Ақордаға қарсы бағыттаса, ешкімге де оңай тимесі анық. Оның үстіне, Мусин «қатарларыңа қосыламын» деп, шетелде өрген Әлиев пен Әблязовке барса, олар оны құшағын жайып қарсы алары айқын. Сондықтан, Ақорда мұндай үлкен қателікке бармас. Биліктегі бірқатар ақпарат көздеріне сенсек, Мусин лауазымды қызметінен босатылып, сенаторлық қызметке жайғасуы мүмкін. Бұл сөздердің рас – өтірігін алдағы уақытта көре жатармыз.

Азамат ЕРКІНҰЛЫ
Janaozen.net
**Тақырып өзгертілді

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз