Жастар неге көп ажырасады?

0
905


Соңғы жылдары елімізде ажырасушылар саны күрт артып отыр. Бұл көрсеткіштен оңтүстіктің жастары да қалыс қалып отырған жоқ. Мысалы, 2009 жылы ажырасқан отбасылардың саны 2625 (сот шешімімен 2295) болса, 2010 жылы 3013-ті (сот шешімімен 2637) құрап отыр. Ал 2011 жылы 3167 -ге (сот шешімімен 2810) жеткен. Ағымдағы жылдың жарты жылдығының қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 1854-ті құрап отыр. Мамандардың айтуынша, соңғы 3 жылдың көрсеткішіне қарасақ, неке бұзу жағдайы 20 пайызға артып отыр. Мұндай жаға ұстатарлық жағдайға жетуімізге не себеп?

Әркім өз перзентін «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай» өсіруді қалайды. Дегенмен осы орайда ата-аналардың да тым артық кетіп қалатыны жасырын емес. Ер жеткен бозбала ұлымыз бен бойжетіп отырған қызымызды отбасылық өмірге бейімдеп, дұрыс тәрбие беріп жүрміз бе? Ұлымызды парасатты, қызымызды қылықты етіп өсірдік деп айта аламыз ба? Егер нақ солай екеніне жүз пайыздық кепілдік берер болсақ, отау құрған жастардың шаңырағы неге жиі шайқалады? Мұның себебін алыстан іздеудің қажеті жоқ. Қыздарымыз ибалылықтан ажырап, үлкенді үлкен демей, кішіні кіші демей беттен алып, төске шабуға бейім тұрса, ұлдарымыздың бетіне ешкім келмеген өжет. Осындай жайсыз мінезді жас шаңырақ иелері көп өтпей-ақ келіспей қалып жатады.
Ерінің қаталдау айтқан сөзін көтере алмаған жас келіншек күйеуінің жанын жаралайтын неше түрлі ауыр сөздер айтып жатады. Өз кезегінде әке-шешесі берген асты еркелеп отырып әзер ішетін ерке, шадыр мінезді ұл мұндай сөздерді қайдан көтерсін? Сосын жұбайымен сөз таластыруды артық санаған жас жігіт жұдырықтың көмегіне жүгінері сөзсіз. Мұның соңы келіншектің төркініне кетуімен тынып жатады. Міне, бүгінгі күннің ажырасу сценарийі шамамен осындай…
Енді отбасылық драманың екінші бөлігіне кезек берейік. Кеше ғана дүйім жұрттың көзінше аста-төк дастархан басындағы тойда бір-бірімен төс қағыстырып, құйрық-бауыр жескен құда-құдағилар енді бірін-бірі атуға оқ таппайды.
Қыздың анасы өзіне кезінде анасы айтқан ақыл-кеңестердің мүлдем өңін аударып, басқа бағытта «тәрбиелейді». Анасының: «Шыққан қыз шиден тысқары, сенің етің біздіңкі сүйегің сол елдікі. Ерің – пірің, оның қас-қабағына қарап сөйле» деген сөздерін қызына былайша ұғындырады: «Ішіме сыйған қызым сыртыма да сыяды. Күйеуіңді қазірден бастап жүгендеп алмасаң болмайды, басыңды көтере жығыл. Әзірден бастап айтқаныңа көндіріп, айдауыңа жүргіз. Бұған көнбесе, азар тегі ажырасып кетерсің. Ажырасқандардың алды-арты сен емессің». Мұндай «пайдалы кеңестен» соң жас ару қылығын анасы айтқаннан әлдеқайда арттыра түсері анық. Себебі ол өз ата-анасынан қолдау табатынына сенімді.
Ал күйеу жігіттің анасы да ұлына құдағиынан қалыспайтындай ақыл береді. Ол: «Біздей жандардың отбасымызға келін болып түскеніне қуансын, ол жалаңаяқ. Қазірден оны қатал ұстамасаң төбеңе шығып секіретін болады. Саған он қыз әперуге шамамыз келеді, жалынып артынан барушы болма» деген сияқты ұлына неше түрлі «ақылды кеңестер» береді. Осындай өсиет есітіп өскен ұл мен қыз шаңырағын шайқалтпай ұстап қалуға шамасы келе ме? Осыдан кейін жастардың ажырасып кетуіне кім себепкер деп ойлайсыз?
Қоғамымызда ері өлмей жесір, әкесі өлмей жетім атанғандардың қатарын көбейтпес үшін, «ұлға ұяда, қызға қияда» қиянат жасамайық. Қиындықта жанына сүйеу, көңілдеріне медеу боларлық ақыл айтып, шаңырақтардың шайқалмауына ықпал жасағанымыз жөн шығар. «Ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деп, ата-анамыздың біздерге берген тәрбиесіне, аманатына қиянат жасамай, жастарға дұрыс жеткізейік, ағайын.

Құндызай ҚАЛАУОВА.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз