«А.Қоразбаев пен Б.Тілеухан халықтан кешірім сұраса, әлі де кеш емес»

1
228


Қазақстан композиторлар одағының төрағасы Балнұр Қыдырбекпен сұхбат

Алтынбек Қоразбаевтың Мұратхан Егінбаев пен Марат Ілиясовтың әнін ұрлап алғаны рас па?
– Балнұр ханым, «әнімізді ұрлап алды» деп, Мұратхан Егінбаев пен Марат Ілиясовтың Алтынбек Қоразбаевты сотқа бергені белгілі. Бұған сіз басқаратын Қазақстан композиторлар одағы да араласты. Дау неден шықты? Қалай басталды? Не болды, не қойды? Жұртқа түсінікті болу үшін егжей-тегжейлі айтып беріңізші.

– Оқиға былай басталды. 2010 жылдың тамыз айында Қазақ радиосынан одаққа хат түсті. Хатта «Неге бір әнді екі бөлек сөзбен, екі бөлек адамның атымен бересіңдер?» деп тыңдармандар мазамызды алды, осының басын ашып беріңіздер» делінген. Хатқа бөлім бастығы А.Иманбаева қол қойған. Бұрын да мұндай хаттар келіп тұратын. Мәселен, біраз күй туралы дау болғаны есімде. Біреулер ол күйді «Сүгірдікі» десе, екіншілері «Төлеген Момбековтікі» деді. Сүгір 1962 жылы қайтыс болған, оның күйлері бізге әбден кейін Момбековтің орындауында жетті. Түсінбеген жерім, шу шығарғандар неге бұл мәселені Төкеңнің көзі тірісінде айтпай, өлген адамның атын қинайды?!. Сарапқа салып, «Мынау жері – Сүгірдікі, мынау жерін Төкең өзгертіп жіберіпті» деу қиын. «Сүгір-Момбеков деп айтыла берсін» деген тұжырымға келдік.
Ал мына әннің авторлары тірі, оның үстіне екеуі де одақ мүшесі. Хат Мұратхан Егінбаевтың «Аңсағаным – ауылым» және Алтынбек Қоразбаевтың «Қызым, саған айтамын» деген әндері туралы болатын. Мұратхан ағаға телефон соқтым. Ол кісі «Кімге айтарымды білмей жүр едім» деп, істі қарауға өтініш жазды. Арада екі күн өтпей, Марат Ілиясов та өтініш жазды. «Қоразбаевпен сөйлеспедіңіздер ме?» деген сұраққа, екеуі де «Мен – Қоразбаевпын! Ал сен кімсің?! Сандалмай, кет!» деп қуып шықты» деді.

– Композиторлар одағы дау болған әндерге сараптама жасады, Егінбаев пен Ілиясовтікі екенін растады. Бірақ сот бұл шешімді есепке алмады. Неге?

– Одақта ежелден шығармашылыққа байланысты мәселелерді арнайы жанр бойынша бөлініп, белгіленген комиссиялар қарайды. Бұрын-соңды болмаған жағдай екенін ескеріп, сараптау кеңесі деп бес комиссияның басын қосып, бір-ақ жинадық. Үшеуінің де әні нотаға дұрыс түсірілмеген. Ілиясов пен Егінбаевты «сауатсыз» деп кінәлап жүрген Қоразбаевтың сауаты да шамалы болып шықты. Сараптау кеңесі бірауыздан: «Ілиясов-Қоразбаев әнінің сәйкестігі – 80%, Егінбаев-Қоразбаев әнінің сәйкестігі – 70%» деген қорытынды жасады. Кейін у-шу бүкіл республикаға жайылған соң, әндердің аудиожазбасы мен ноталарын жақын шет елдегі әріптестерімізге жібердік. Алыс шет елге жіберу тіпті де ұят. Ресей композиторлар одағы мен Украина Ұлттық композиторлар одағынан сараптама келді. Олар жасаған қорытындыда әндердің өзара ұқсастығы бізден де асып түскен: 85% және 75%.
Ал енді заң жағына келсек, түсінікті тілмен айтқанда, «ала сиыр бұзаулағанда» туса да, «егін орғанда» туса да, туу туралы куәлікте қалай жазылса – адамның туған күні сол күн болып саналады. Егінбаевтың «Аңсағаным – ауылым» әні 1981 жылдың қараша айында Қазақ радиосының алтын қорына алынып, 1983 жылдың қыркүйек айында ВААП – Бүкілодақтық авторлық құқық жөніндегі агенттікте тіркелген. Ал Қоразбаевтың «Қызым, саған айтамын» әні 10 жылдан кейін 1992 жылдың шілде айында ғана тіркелген. Ілиясовтың «Сарыарқа сазы» әні 2005 жылы жазылып, 2007 жылы өткен «Елім менің» байқауында лауреат болып, сол жылы Қазақ авторлар қоғамында тіркелген. Ал Қоразбаевтың әні әлі де заңды тіркеуден өтпеген.
Біздің судьялар өте данышпан, асқан әмбебап сияқты, олар ән-күй шығаруды, музыка теориясын барлық ТМД елдерінің композиторларынан артық біледі екен! Тіпті өздерінің әріптестері тіркеген құжаттарды да түкке санамайды екен!

Алтынбек Қоразбаев неге өтірік айтып жүр?

– Балнұр ханым, сонда Алтынбек Қоразбаев өтірік айтып жүр ме?
– Қазақ «Ұрлықтың түбі – қорлық» деп бекер айтпайды. Ұрлық жасап алады да, оны жасыру үшін өтірік айтады, өтірікті дәлелдеу үшін жала жабады. Қоразбаев осы этаптың барлығынан мінсіз өтті. Өтірігі күннен күнге үдеп, көбейе түсті. Тіпті өршіп, өрбітіп, одаққа, оның мүшелеріне жала жауып, кір келтірді.
«Жұлдыздар отбасы» журналының 2011 жылғы 20 нөмірінің 26-бетінде Қоразбаев «Қызым, саған айтам» әнін «1977 жылы қызым Ақнәзікке арнап шығардым» дейді. Сол журналдың 28-бетінде Алма Аманжолова көкесін жақтап, бұл әннің шығу тарихын: «Есімде, 1991 жылы менің алғашқы гастрольдік сапарым Орал қаласында болған. Сонда Алтекең Кенжеқұл Дәулетаевтың кітабын қолтықтап жүріп, ыңылдап алғашқы куплетін, сосын қайырмасын «толғатып» жүрді» дейді.
Мараттың әнінің хикаясы тіпті қызық. Қоразбаев 2007 жылы «Елім менің» патриоттық ән конкурсында қазылар алқасының төрағасы болды. Қазылар алқасында мен де бар едім. Мараттың әні туралы қасында отырған менен «Мынау ән қалай екен?» деп сұрап еді, мұрнымды шүйіріп, «Тағы бір вальс қой» дедім. «Сен-ақ бәрін менсінбей, тыржиып отырады екенсің, тәп-тәуір ән» деп, өз қолымен екінші орын берді. Кейін Қоразбаев одақ Басқармасының отырысына келгенде өзінен «Аға, сонда «Мынау менің әнім ғой» деп неге айтпадыңыз?» деп сұрадым. «Ұқсайтын жері бар екен» деп ойладым да, қойдым» дейді. Мен – кәсіби композитормын, әр нотаға жармасып, жабысып қалған мен емен, дегенмен, шығармамды біреу иемденіп алса, мен де «мынау менің дүнием ғой» деп айқайлап шығамын. Ал, Қоразбаевқа келсек, «Өтірікшінің куәсі қасынан табылар» деген, өзіне куә тартып отыр. «Жұлдыздар отбасы» «Осы конкурста жюриде Б.Қыдырбек болды ма?» деп сұрағанда, есінен танып, «Кім болғанын ұмытып қалдым» дейді. Ал өздеріңе – «Өмір-ай газетіне берген сұхбатта «Қасымда отырған Нұрғали аға «Мынау сенің әнің ғой» деп сыбырлады» дейді. Негізі, Нұрғали Нүсіпжанов «Елім менің» конкурсының қазылар алқасында ешқашан болған емес.

Алтынбек Қоразбаев Балнұр Қыдырбекпен неге өштесіп жүр?

– Балнұр ханым, осы жерде түсінбейтін бір жай бар – әнді ұрлаған – Қоразбаев, ұрлатқан және соттасып жатқандар – Егінбаев пен Ілиясов. Бірақ Алтынбек Қоразбаев неге сізге тиісе береді?
– Оның жайы былай. Қоразбаев бастапқыда долданып, «Аналарға «қой» деп айт!» деп телефон соқты. «Екеуі де жеке тұлға, мен оларға «қой» деп айта алмаймын» деп едім, ашуланып, «Былықтарыңды білемін, сені құртамын, жоямын!» деп телефонды тастай салды. Көп кешікпей, «Жас Алаш» газетіне «Егінбаев пен Ілиясовтың мұндайға миы жетпейді, оларды айтақтап жүрген – Б.Қыдырбек. Мен оның былықтарын жақсы білемін және тиісті жерге жеткіземін» депті. Енді мен телефон соқтым: «Аға, Егінбаевпен, Ілиясовпен соттаса бер, бірақ маған тимей, аулақ жүргенің дұрыс болар. Аузымды қыздырма, әйтпесе, соттың да, масқараның да көкесін сонда көресің!» деп ескерттім. Тыңдамады. Өтірік үстіне өтірік, жалғанның үстіне жалған жамап, менің жеке басыма, композиторлар одағына, одақтың басқа мүшелерінің үстіне үйіп-төкті.

– Біз А.Қоразбаевпен сөйлескенде ол кісі «Бәрін қозғап отырған – Балнұр Қыдырбек. Кезінде мені Композиторлар одағының төрағасы етіп сайламақшы болған. Содан өштесіп жүр» деген еді. Осы сөз қаншалықты рас? Шынында да, бұл сіздердің өзара өкпе-реніштеріңізден туған нәрсе емес пе?

– Түсіндірейін. 90-жылдардың басында Қазақстан композиторлар одағы мүшелерінің жартысынан айырылып, тоқырауға ұшырады. Айналасы 4-5 жыл ішінде Қ.Қожамияров, Ғ.Жұбанова, Н.Тілендиев, К.Күмісбеков, С.Мұхамеджанов сияқты қырық шақты адам о дүниелік болып кетті. Күріш тұрмақ, күрмекке де зәру болған кезде, арам шөп қаптағандай, қазақ өнері неше түрлі сауатсыз, сапасыз, дәмі-татуы жоқ авторларға толып кетті. Бұл тек қана біз емес, барлық шығармашылық одақта болған жағдай. Солардың орнын толтыру үшін «ерекше түрде» танымал авторлар мен орындаушылардың ішінен біраз адам мүшелікке қабылданды. Сонымен бірге проблемалар да басталды. Мысалы, таласқа ұрынып жатқан автордың үшеуі де сол «ерекше түрде» одаққа 90-жылдардың соңында кіргендер.
Алтынбек Қоразбаев – кәсіби композитор емес, консерваторияны бітіріп алған мамандығы – домбырашы, яғни орындаушы. Композитор мен орындаушының айырмасы – архитектор мен құрылысшы сияқты. Мысалы, Норман Фостер Хан-Шатырын ойлап тапты, инженер, құрылысшылар оның ойын іске асырды. Фостер болмаса, Хан-Шатыры болмас еді, ал құрылысшылар өзгерсе де, түбінде нысан салынар еді.
Ал музыканың архитектурадан қай жері кем? Арнайы білім керек. Сондықтан, одақ мүшелігіне қабылдау ережесінде қойылатын талаптың негізгісі – жоғары композиторлық білімнің болуы. Мен композиторлар одағына 1978 жылы қабылдандым, яғни, ресми түрде композитор болғаныма міне, 34 жыл болды.
Қоразбаев сияқты «ерекше түрде» қабылданған әуесқойды ешкім ешқашан бұл лауазымға жақындата қоймайды. Оның үстіне айтарым, төраға съезде сайланады, ал, Қоразбаев съезге келмесе, оны кім сайлайды?! Төраға болу арманы шығар, әлде ұйықтап жатып көрген түсін шын деп қалды ма екен?
Ол тіпті өтірігін дәлелдеу үшін «Керемет» журналында әкеміз Еркеғали Рахмадиевке сілтеме жасапты. Бәлкім, бұл журналды әкей көрмейді деп ойлаған шығар. Әкейге оқып бердік. Түбінде бұдан былай Алтекең біздің әкейден алшақ жүргені дұрыс-ақ болар…

Алтынбек Қоразбаевтың әндері қандай?

– Алтынбек Қоразбаев композиторлар одағынан шығарылды. Сіз бір сұхбатыңызда «Мен мұны бұлай қалдырмаймын, керек десеңіз, бұл мәселені Елбасына да жеткіземін» деп едіңіз? Ол жағы не болды?
– Елбасының Қоразбаевтан басқа да жұмысы жетеді. Ал Қоразбаев – спекулянт, анау-мынау емес, Елбасының атын саудаға салып жүр. «Керемет» журналындағы сұхбатында «Нұрағаң 60 жылдық мерейтойын Үшқоңыр жайлауында ел-жұрт болып тойлап жатқанда «Екеуміз Үшқоңыр туралы ән жазайық» деп тапсырма берді» деп айтқан. ҚР Президенті Кеңсесінің басшысы Махмұт Қасымбеков «Егемен Қазақстан» газетінде, кейін бұл мақала «Елбасы» деген кітапқа да кірді, «Үшқоңыр» өлеңінің текстін А.Қоразбаевқа мен беріп едім» деп жазған. Мақалада жайлаудағы той да жоқ, Президенттің құшағы мен «әдемі күлкісі» де жоқ.
– Алтынбек Қоразбаевтың басқа әндері туралы не айтасыз?

– Шыны керек, «Алтекеңнің бастан-аяқ өзі шығарған әні бар ма екен?» деген күмән бар. «Қызым, саған айтамын» – Мұратхан Егінбаевтың «Аңсағаным ауылым», «Сарыарқа» – Марат Ілиясовтың «Сарыарқа сазы» әні екенін барлығы біледі. «Сағындым Алматымды» әнін ақын Қажытай Ілиясовтың «Ынтызарым» әнінен көшіріп алған. «Үшқоңыр» 70% Шәкәрім Құдайбердіұлының «Еңлік-Кебек» әнімен бірдей. «Шашбаулым» әнін «Жеңешем» атауымен 1978 жылы өзінің жерлестері Тоқтас Төлендиев пен Әмзе Қалмырзаұлы шығарған. «Қара пиманы» шығарған – Жамбыл облысы, Мерке ауданы, Тілеміс ауылының түлегі Түймебай Өмірзақов. Ал «Қара кемпір» нотаға түсіріліп, «Ана зары» атауымен 1960 жылдан бері Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияның Фольклор кабинетінің қорында жатыр.

– Теледидардан «идиот» дегеніңізге қарағанда, екеуіңіздің араңыз тіпті де нашарлап кеткен сияқты.

– Осы орайда айтарым, жақында талқыланған «Журналистік этика» туралы Заңның әлі де жоба екені өкінішті. Неге десең, КТК телеарнасының журналистері кәсіби этикадан жұрдай екен. «А.Қоразбаев одақтан шығарылды» дегенді естіп, жан-жақтан журналистер қаптап кетті. КТК-ның журналисті маған сұрақ беріп тұр, мен жауап қайтарып тұрмын. «Қоразбаев сіз туралы «Мені көре алмайды, қызғанады» деді, солай ма?» деп сұрады. «Мен, бір опера, үш балет жазған кәсіби композитор, оны көре алмайтындай ол соншама кім еді?» дедім. «Қоразбаев «Б.Қыдырбек ертеден кешке дейін тек қана мені талқылайды» деді, бұған не дейсіз?», «Одақта жымқырушылар мәселесінен де өзге жұмыс жетеді». «Қоразбаев «Балнұрдың әкесімен арамыз өте нашар еді, соның кегін алып жүр» деді»…
Осы сөзді естігенде мелшидім де қалдым. Менің әкем Балғабек Қыдырбекұлы – жазушы, журналист, мемлекет қайраткері. Ол кісі үшін қазақ композиторы деген – тек қана Мұқан Төлебаев болатын. Әкем Қоразбаевтардың бұл дүниеде бар-жоғын да білмейтін. Бір кезде ашулана бастадым: «Менің 20 жыл бұрын өлген әкемде не жұмысы бар?! Идиот!» дедім.
Ертесіне КТК арнасы сюжетті көрсетті, сюжетті Нартай Аралбайұлы деген журналист дайындаған. Әуелі Қоразбаевты көрсетті. Ол менің өзін көре алмайтынымды айтты. Содан соң мені көрсетті: «Мен, бір опера, үш балет жазған кәсіби композитормын, оны көре алмайтындай ол соншама кім еді? Идиот!» деп беріпті.
Материалды әдейі бұрмалап бергені туралы телеарна бастықтарына хат жаздым. Ақпараттық бағдарлама дирекциясының директоры Дәурен Меркеев жауап берді, «Бәрі дұрыс. Сіз өзіңіз қазақша түсінбейді екенсіз(?)» депті. Көрермен болса, у-шу. Бір апай көсемсіп, ақыл үйретіп, одаққа 12 рет телефон шалды. Сол апай сияқтыларға айтарым: идиома – латын тілінде «түсінік» деген сөз, ал идиот – «түсінігі жоқ» деген сөз. Ал мұны Қоразбаевқа байланысты қалай тәржімаласаңыз да жараса береді!
Бекболат Тілеуханның Ғарифолла Құрманғалиевтің әнін ұрлап алғаны рас па?

– А.Қоразбаевтың оқиғасынан кейін «Бекболат Тілеухан Ғарифолла Құрманғалиевтің әнін ұрлап алды» деген сөз шықты. Сол рас па? Оған дәлел бар ма?

– Қарапайым қазақ сөзімен түсіндіріп көрейін. Плагиат – негізін анадан-мынадан жонып алып, жымқырып, өз жанынан да шамалы бірдеңе қосып, шығарма жасау. Ол – А.Қоразбаевтың әрекеті. Ал Б.Тілеухандікі – тікелей ұрлық. Ғарифолла Құрманғалиевтің әнінің тазалап көшірген нұсқасын сол күйінде алған. Бұл да аяқ асты жария болды, Құрманғалиевтің немересі Меруерт атасының әндерін жинақтап, баспадан шығарайын деген кезде бір ән туралы түсінбестік болып, соны түзеу үшін ескі дәптердегі түпнұсқасын ашып қалса, көзі жанындағы әнге түседі. Со қалпында бір нотасы өзгермеген «Елім менің» әні! Сиясауытқа қаламды матырып, күлгін сиямен жазылған. Ондай жазуды қолданғанның соңы – мен. Менен кейінгілердің бәрі қазіргі күнгі автоқаламға көшкен. М.Булгаковтың «Мастер мен Маргарита» романындағы «қолжазбалар ешқашан күймейді» дегені, осыдан шықса керек.
Ұрлықтың схемасы бір екен. Қалған жағдай жоғарыдағы Қоразбаевтыкіндей болды. «Бұл қалай?» деп барған Меруертті Бекболат «Құртамын, жоямын!» деп қуып шыққан. Ары қарай өтірік өрбіп жүре берді: «Елбасы тапсырыс беріп ән шығардым, ол әуенге өзі сөзін жазды; шалдың (Ғарифолла) музыкалық сауаты жоқ болатын; шалмен тілдесіп көрген емеспін, Құрманғалиевтерді танымаймын»…
Бекболаттың өтірігіне де неше түрлі әншісымақ, күйшісымақ куәгерлер табыла кетті. Солардың қатарында дарынды әнші Қайрат Байбосыновтың болғаны өте өкінішті! Опера әншісі, Естай, Шеге, Трике, Тито партияларын сомдаған Ғарифолла Құрманғалиевтің музыкалық сауаты жоқ деудің өзі – ақымақтық. Бекболат Ғарифолла атаның үйінде жарты жыл тұрып, атадан алтын запонкасын сыйға алғанын да талай адам біледі.
Өтірігі таусылғаннан кейін экс-депутатымыз жала жабуға көшті: «Бұл – мені көре алмайтындардың ісі», «Бұл – орыстілді қазақтардың ісі», «Меруерт 32 мың доллар берсең, аузымды ашпаймын деді», т.б. Ал Құрманғалиевтер отбасы қыруар ақша төлеп, нота дәптерін Ресейге сараптауға жіберді. Сараптамада дәптердің фабрикадан шыққан кезі, қағаз бен сияның сапасы тексеріліп, «ішіндегі жазулар 1973-1978 жыл аралығында жазылған» делінген.

– Бұған қатысты сіздер қандай шара қолдандыңыздар?
– Қазақстан композиторлар одағы ұйымға қатысы жоқ адамға қандай шара қолданбақ? Қоразбаев одақтан шығарылды, ал Тілеухан о бастан композитор емес. Пендешілік жасаған болар, бірақ оны мойындамай, түсінгісі келмей, өз абыройын өзі төгіп жүр.
Шыны керек, қазір бүкіл жұрт музыка зерттеуші болып кеткен. Жуырда бір тойға бардым. Той асабасы Жүрсін Ерман мақтап-мақтап, досы ғой, Қоразбаевқа сөз берді. Ол «Қайран, 25!» әнін айтты. Әнді тыңдап отырған адам көрінбейді, бәрі қызу талқылау үстінде. Бір кезде сол жақ үстелде отырған жігіттің біреуі маған қарап: «Бәке, мынау әнді қайдан ұрлады?» деп әзілдеді, қалғандары оған мәз болып, ду күлді. Мен қуанып қалды деймісіз? Жоқ! Қазақ өнері үшін, мәдениеті үшін жер болдым, ызам келді. Қоразбаевтар өнерді қорлап, аяқ асты қылды. Қалай ренжімейсің, қалай ызаң келмейді?
Алтынбек Қоразбаев та, Бекболат Тілеухан да кінәлі. Ел алдында, халық алдында кінәлі. Алдады, өтірік айтты, қазақ өнерінің беделін түсірді. Кінәларын мойындап, елден, халықтан кешірім сұраса, әлі де кеш емес.
– Сұхбаттыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан – Анар Қоныс

(мақала Қазақстан композиторлар одағының «Фейсбуктағы» парақшасынан алынды)

1 Пікір

  1. Талай жыл ақындары алдын ала келісіп,жаттап алған сөздерімен айтыс жасағаны үшін Жүрсін Ерман ағамызда халықтан кешірім сұрағаны жөн болар.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз