Ақтөбеде мектеп оқушылары миында ісігі бар сыныптастарын соққыға жықты

0
355

Ақтөбеде мектеп оқушылары сыныптастарын ұрып, мұрнын сындырды. Туыстарының айтуынша, екеуара кикілжіңге 8 сынып оқушысын бопсалап, одан ақша сұрауы себеп болған. Алайда мектеп басшылығы мұны жоққа шығаруда деп хабарлайды Kerek-Info.kz.

Ақтөбеде мектеп оқушылары миында ісігі бар сыныптастарын соққыға жықтыКӨРНЕКІ ФОТО: 24.KZ

Ақтөбедегі № 26 орта мектеп төңірегінде дау туындады. 8 сынып оқушысы Бекзат Қожамұратовты сыныптастары таяққа жыққан. Нағашы әжесі Ақжарқынның айтуынша, олар 14 жастағы баланы бопсалап, ақша сұраған.

«Барлығы былтырғы оқу жылынан басталған. Қызым Гүлзада 8 сыныпта оқитын ұлы Бекзаттың бет-аузы үнемі көгеріп келетінін байқаған. Алайда баланың өзі ештеңе айтпайтын. “Не болды?!” деп сұраса, “Балалармен төбелесіп қалдым” дейтін көрінеді. Бекзаттың басында ісік бар. Оқу жылының басында ғана ол Алматыдан ота жасатып келген. Мұны балалардың бәрі біледі, сөйте тұра оны үнемі басынан ұрып келген. Күзгі демалыстың алдында, қазан айында сыныптастары оны мықтап сабап тастады.

Баланың миы шайқалып, ауруханаға жатып шықты. Осыдан кейін қызым мектепке барып, сынып жетекшісіне балалармен сөйлесіп, оның басынан ұруға болмайтындығын айтуын ескертіпті. Сөйтсек, сыныптастары баламнан ақша жинайды екен. “Мектептен жоғары сынып оқушыларының бірін милицияға алып кеткен, соны шығарып алу үшін ақша керек” дейтін көрінеді. Бекзаттан 20-50 теңгеден сұраған. Кейін құнығып алғандары сонша, оны есептегішке отырғызып, 400 теңгеге дейін сұраған. Диас деген баланың ұлына телефон соғып, ақша әкелуін сұрап жатқанын қызым естіп қалыпты», – дейді Ақжарқын Қожамұратова.

Туыстары баладан ақша бопсалап, оны ұрудың мұнан кейін де тоқтамағанын айтады. 23 ақпан күні бір топ сыныптастары Бекзатты тағы да соққыға жыққан. Қатты соққыдан баланың мұрны сыныпты.

«Сол күні Бекзатты бұрынғы сыныптасы Мадияр Қаскеев деген бала сабақтан кейін күтіп алған.Оны бұған дейін басқа бір баланы ұрғаны үшін басқа сыныпқа ауыстырып жіберген екен. Диас Төрағалиев, Сергей Поляков және Андрей Богачев деген балалармен бірге барлығы Бекзатты жабылып ұрған. Қатты соққыдан баламның мұрны сынып, ауруханада жатып шықты.

Бастапқыда Бекзатты ұрғанын айтып, сынып жетекшісі Людмила Ибрагимоваға барғанбыз. Сол кезде ол істі ретке келтіретіндігін айтып, ешқайда шағымданбауымызды сұраған. Алайда 23 ақпанда Бекзаттың мұрнын сындырғаннан кейін де, мектеп басшылығы еш шара қолданбады. Мен немеремнің өмірі үшін қорқам. Онсыз да дімкәс баланы осы оқиғадан кейін “Бізді әшкерелегенің үшін өлтірер ме еді?!» деп қорқытыпты», – дейді әжесі.

Оның айтуынша, осы оқиғадан соң Бекзат сабаққа бармай қалған. Денсаулығы күрт нашарлағандықтан, таяуда Астанадағы нейрохирургия орталығында жедел ота жасалмақ. Дәрігерлер оны үйден оқытуға кеңес беріпті.

Алайда № 26 орта мектептің басшылығы бұл айыптауды жоққа шығарады. Мектеп директоры Ләззат Тәжібаеваның сөзінше, балалардың арасында төбелес болған. Бірақ, “бас жарылып, көз шықққан жоқ”. Әрі мектепте оқушылар арасында ақша бопсалау дерегі де тіркелмепті.

Облыстық ІІД баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл дерекке қатысты қылмыстық іс қозғалды. Полиция бөлімшесіне баланың анасы шағым түсірген. Қазір түрлі сараптама жұмыстары тағайындалып, сотқа дейінгі тергеу ісі жүргізіліп жатыр.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз