Ақтөбеде жол апатына түскен жігітті полиция қызметкерлері әдейі құтқармаған

0
297

23 ақпанда Ақтөбе облысы Ырғыз аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы Мақсат Сеитов жол апатына түсіп, қаза тапқан болатын. Қарама-қарсы келе жатқан фура көлігі тайып кетіп, жеңіл көлікке соқтығысқан. Апат кезінде жеңіл көліктегі үш адам да қайтыс болды. Осы көліктің ішінде болған Мақсат Сеитовтің келіншегі Эльмира Сеитова редакцияға хабарласып, күйеуін тірі алып қалуға құтқарушылардың мүмкіндігі болғанын айтты деп жазады Kerek-info.kz.

Ақтөбеде жол апатына түскен жігітті полиция қызметкерлері әдейі құтқармағанМАРҚҰМ МАҚСАТ СЕИТОВ ЖАРЫ ЭЛЬМИРАМЕН. ФОТО: KEREK-INFO.KZ

Оның айтуынша, оқиға орнына жеткен құтқарушылар бірнеше сағат бойы қол қусырып, бос отырған.

«23 ақпан күні Ырғыздан кешкі бестер шамасында “Ақтөбеде жиналыс болады” деп қалаға қарай жол жүріп кетеді. Екі адам такси жалдап шығады. Екеуі де мекеме басшысы. Менің жолдасым Ырғыз аудандық халыққа қызмет көрсету мекемесінің басшысы, екіншісі аудандық БТИ-дің басшысы. Соңғы рет 18:58-де телефон арқылы сөйлестім. “Ырғыздан шықтық. Сағат түнгі 12-лерде жетеміз. Тамақ жасап қой” деді. Мен қалада тойда едім. Алдынан тамағын жасап қойып, сағат кешкі сегіздерде қоңырау соғып едім, телефонына жауап бермеді. Жолда ұйықтап келе жатқан шығар деп ойладым, қайдан білейін…», – дейді қайғыдан қан жұтып отырған Эльмира.

Жолдасының жол апатына ұшырап, қаза тапқанын тек түнгі 12-де естіген Эльмира кезіккен таксиді ұстап, Ырғызға қарай жолға шығады.

«Ауылдан қайным хабарласып, жолдасымның жол апатына түскенін айтты. Тірі шығар деп ойладым. Жамандыққа берілгім келмеді. Түнде қаладан шыққаннан ауылға таң ата жеттім. Үйдегілер таң ата оқиға орнына келген екен. Сөйтсе, көліктегі денелер шығарылмаған. Келген құтқарушылар қолдарына телефондарын ұстап, өз көліктерінде отыр дейді. Неге марқұмдардың денесін шығармаған? Менің жолдасым алдыңғы орындықта отырған екен. Денесі жып-жылы, боп-бос жатыр дейді.

Менің ойымша, күйеуім апат болған кезде тірі болуы мүмкін. Бірақ, дер кезінде көмек көрсетілмеген. Апат болды деп Ырғызға хабарласқанда аудандық полиция қызметкерлері “біздің территориямыз емес” депті. Сонда адам өліп жатқанда “менің жерім, сенің жерің” деп салғыласып отыра ма? Хабар жеткен бойда дереу жету керек емес пе? Мүмкін уақытында медициналық көмек көрсетілсе, жолдасым аман қалар ма еді? Естігеніміз бойынша, апат болған кезде менің жолдасым қорылдап, дыбыс шығарып жатыпты. Демек, кеудесінде жаны болған ғой«, – дейді күйінген келіншек.

23 ақпан кешкі сегіз шамасында жол апатына түскен көліктің ішінен адамдардың денесін тек 24 ақпан күні таңертең шығарған.

Эльмира Сеитованың айтуынша, көліктегі марқұмдардың денесін құтқарушылар емес, қайтыс болған жігіттің жездесі алып шыққан. Көліктің ішінен қайтыс болған жігіттердің денесін алып шыққан Мәлік Ерманов жол апатына фураның жүргізушісі кінәлі деп санайды.

«Естіген бойда жолға шықтық. Милы деген жерде болған екен. Фура қисайып, қарсы бетке шығып кеткен. Келе жатқан жеңіл көліктің ішіндегілердің бәрі қайтыс болды. Рөлде менің балдызым еді. Машина сағатына 60 шақырым жылдамдықпен келе жатқан. Яғни ұшып келе жатпаған. Артқы орындықта және рөлде отырған жігіттердің басына қатты соққы тиген.

Ал алдыңғы орындықта отырған ірі денелі жігіт бос отыр. Ешқайсысы да кабина ішінде қысылып қалмаған. Қасымда қайтыс болған жігіттің ағасы болды. Көліктен шығарғанда денесі жылы, мұрнынан қан ағып жатты. Ағасы тіпті іші қозғалып жатқанын да айтты. Көлікті, марқұмдарды құтқарушылар орнынан да қозғаған жоқ. Қажетті құралдарын сұрап алып, көліктен өзім шығардым. Бая-аяғы 40 минуттың ішінде үш адамның да денесін алып шықтым», – дейді Мәлік Ерманов.

Жол апатында қайтыс болған үш жігіттің де артында шиеттей бала-шағасы қалды. 31 жастағы Мақсат Сеитовтың үш баласы бар екен.

«Үлкенім 10 жаста, кіші балам 2 жаста. Аңырап, қан жұтып қалдым. Бұлай боларын кім білген?!», – дейді Эльмира Сеитова.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз