Оралда бастығын айуандықпен өлтірген шенеунік сотта жауап беріп жатыр

0
275

Ауыл шаруашылығы министрлігінің аумақтық инспекторы бөлім басшысын арақ ішіп отырып өлгенше ұрыпты. Айқай-шу шықпасын деді ме, кейін іс «басшының өзі өлдімен» жабылған. Алайда, марқұмның туыстары эксгумация жасатып жүріп, ақыры оның қол астындағы қызметкерінің қолынан қиналып өлгенін дәлелдеп шықты.

Оралда бастығын айуандықпен өлтірген шенеунік сотта жауап беріп жатырФАЙЗУЛЛА ТӨЛЕГЕНОВ. СКРИНШОТ: КТК АРНАСЫ

Түрі кісі шошырлықтай таяқ жеген – Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік инспекцияның бөлім бастығы. Алпыстан асқан Файзулла Төлегеновті қан-жоса түріне қарамастан сот сараптамасындағылар шенеунік таяқтан емес, жүрек талмасынан өлді деп шешім шығарыпты. Сөйтіп, іс те жылы жабылған.          

«Алғашқыда іс тоқтатылды. Кейін «өз өлімімен өлді» деп мүлдем жауып тастады. Ол қалай өзі өледі? Түрінен көрініп тұр ғой, таяқ жеген. Оны Тілек Химмеденов жауыздықпен ұрып өлтірген», – дейді марқұмның әйелі Дина Төлегенова.

Тілек Химмеденов – Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің испекторы. Динаның айтуынша, шенеунікті өлгенше ұрған сол қол астындағы қызметкері. Оны өздері табанынан таусылып жүріп, ақыры дәлелдеп беріпті. Тіпті, мәйітті қайта қазып алып, астаналық дәрігерлерге тексерткен екен. Шенеуніктің талмадан емес, тұншығып өлгенін анықтаған сол екінші сараптама.

О баста қатысы жоқ делінген күдікті енді «бастығым өзіме тап берді» деп сотта ақталуда. Айтуынша, сол күні екеуі жұмыстан бірге шығып, біраз арақтан алған. Сөйтіп арада ерегіс шығып, соңы бас инспектордың өлімімен аяқталған.

Алайда, марқұмның мұрнын бет қылғанына қарамастан, күдікті «жеңіл жарақат» бабымен құтылмақшы екен. Десе де, бұған ешқашан жол бермейміз деп бекінген марқұмның жақындары соттан кемі 15 жыл үкім кесуді сұрап отыр.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз