Ресейде құлдықта болған шымкенттік жігітті шешенстандық азамат құтқарған

0
406

Мәскеу қаласындағы дүкендерде күңдікте болған қазақстандық азаматтардың дауы тоқтар емес. Бір қызығы, нәпақа табу үшін шетел асқан Ертай Ережепов Қазақстан елшілігі азапты тағдырға тап болған ел азаматтарына қол ұшын бердік деген ақпаратты жоққа шығарып отыр. Ең сорақысы, елге аман-есен оралып, құзырлы органдарға шағым түсірген жас жігітке шенділер қысым көрсеткен деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ тілшісі.

Ресейде құлдықта болған шымкенттік жігітті шешенстандық азамат құтқарғанЕРТАЙ ЕРЕЖЕПОВ. КАДР КТК АРНАСЫ

Жалған жарнама

25 жастағы Ертай Ережепов – Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы. Екі қолға бір күрек табамын деген ниетпен жергілікті жарнама басылымдарының бірінен «жүк тасушы керек» деген  хабарландыруға көзі түсіп, хабарласқан. Бұл оқиға өткен жылдың наурыз айында орын алған. Өзін «Аня» деп таныстырған тұрғын жұмыстың Ресей елінің Саратов қаласында екенін, жатын орын мен тамақ  жұмыс беруші есебінен екенін айтқан. Шымкенттік тұрғын келісімін беріп, жолға шығады.

«Анямен кездесіп, жұмыс барысын сұрадым. Арада бір апта өтер-өтпес ол маған қайта хабарласып, ұшаққа салып жіберетінін айтты. Құжаттарымды алып, билет алып берді. Аяқ астынан Ресейге жолға жиналдым. Шымкенттегі әуежайдан Аняның өзі шығарып салып, мені суретке түсіріп алды. Себебі Мәскеуде мені күтіп алатын адамға жіберетін болды. Мәскеуге ұшып келген бойда мені «Нурик» есімді жігіт күтіп алды. Көлікте Сәкен есімді кісі отырды. Мен алғашында Саратовқа Мәскеу арқылы барамын деп ойлағанмын. Бірақ мені күтіп алғандар тіке дүкенге алып келді» деп әңгімесін бастады күңдікте болған жігіт.

Дүкен иелері шымкенттік жігітке де бұған дейін жұмысшыларына көрсетіп келген әдісті қолданған. Бара салысымен «тіркеуде тұрғызамыз» деген сылтаумен құжаттарын алып қойған. Адам шошырлық жұмыс киімін беріп, жұмысқа салған. Шымкенттік жігіт таяққа барған күннің ертеңіне-ақ түсіпті.

«Алғашында маған жүк тасушы керек делінген еді. Дүкенге барған соң ондағылардың белгілі бір міндеті жоқ екендігі түсіндірілді. Дүкен ішін тазалап жүрген маған азилық ұлт өкілі келіп әңгімеге тартты. Ол әйел азаматы болатын. «Қайдан келдің? Қазақсың ба? Дүкен иелерін танисың ба?» деп сұрақтың астына алды. Ұлтымның қазақ екенін, Шымкенттен келгенімді, жұмыс берушілерді танымайтынымды айттым. Оны естіген әлгі әйел «бұлар жаман кісілер, сен теледидардан көрмеген сияқтысың» дегені сол оны естіп қойған дүкен иелері әйелге ұрысып, дүкенге екінші рет келме деп шығарып жіберді», -деді Ертай Ережепов.

Мәжбүрлеп арақ ішкізу

Дәл осы күні кешкі уақытта дүкен иелері шымкенттік жігітке арақ ішкізбек болады. Үзілді-кесілді қарсылық танытқан оған Жансұлу есімді дүкен иесі темір стақанмен басынан қойып қалады. Оған қарсылық танытқан жігітті ондағылар соққының астына алады. Құлдықта болған жігіттің айтуынша, жұмысшыларды соққыға жығатындардың қатарында дүкен иелерінің ұлдары да бар.

«Кешке қарай «сен неге клиенттермен сөйлесесің?» деп бастады дүкен иесі. «Енді сөйлессең, таяқ жейсің» деп те ескертті. Кейін қинап арақ ішкізбек болды. «Ішпеймін, кетемін бұл жерден» деген мені адамдары ұрып тастады. Содан соң күн сайын соққыға жығатын болды. Күніне екі-үш сағат қана ұйықтайтынбыз. ол жерде мен секілді тағы екі жігіт жұмыс істеді. Үйдегілермен мүлдем сөйлестірмеді. Не де болса, айтқанына көнейін деп үнсіз жүрдім. «Әпке, сіздікі дұрыс» деп айтқанынан шықпадым. Бірақ, ары қарай шыдай алмадым. Бізге тура мал секілді қарайтын. Кейде айтқанын дұрыс істемей қойсаң, пышақ ұстап алып «атылатын» деген жас жігіт тура сол дүкенде болып келген отандастарымыздың  ондағылар дубинкамен ұрып, электрошокермен қорқытатын дегені шындыққа жанасатынын айтты.

Көгерген нан мен үздіксіз «таяқ» жеу

Ыстық тамақ деген дүкенде жүрген шымкенттік тұрғын үшін қол жетпес арманға айналған. Суға жібітілген көгерген нанмен тамақтанып жүрген ол тіпті бір кесе ыстық шайға да зар болғанын жасырмады.

«Тамағыңды дұрыс бермейді. Беретіні көгерген нан. Оның өзін «тезірек же» деп айтады. Өздерінен қалған суып қалған шайды бір кесеге құйып береді. Оған қоса ұрып-соғады. Кіші дәреттің өзіне шығу бір мұң болатын. Әжетханаға кірген бойда «тезірек шық» деп адамдары артыңнан келіп тұрады… Жансұлудың Жанар, Шолпан деген екі бауыры бар. Жансұлудың күйеуі Рашид барлығы мен жұмыс істеген дүкенге жиі келіп тұратын. Екі аптадай дүкенде жүріп, қашудың амалын жасадым. Күндізгі уақыт еді. Жансұлу (дүкен иесі) мен Нурик (көмекшісі) базарға тауар алып келуге кеткен. Дүкен иелерінің баласы сабақта болды. Дүкенде жұмысшы тәжік әйел, Сәкен және мен ғана едім. Ол жақтан қашып шықтым. Қайда барарымды білмеймін. Бастысы, «районнан» ұзақтау жерге жетіп алу керек болды. Жолда кездескен адамдардан сұрап, мешітке бардым. Ондағылар алғашында кіргізбей қойды. Себебі түнгі уақытта қинап арақ ішкізген, спирттік ішімдіктің иісі шығып тұрды. Мешіттегілер «перегарын» кетсін, мешітке кіргізе алмаймыз» деді» деп әңгімесін жалғаған Ертай Ережепов Алла үйінен шыққан соң жол бойында тұрған таксишіден жөн сұрап, Қазақстан елшілігіне барғанын айтты. Ең сорақысы, ел азаматтарына қол ұшын беруге тиіс елшіліктегілердің берген жауабы қатты таң қалдырды.

Қолынан түк келмеген елшілік

«Елшіліктегілер «Жангелді» есімді қызметкерге жіберді. Оған жағдайымды түсіндіріп, құжатсыз қалғанымды айттым. Ал ол болса, «Өзің шеш, құжаттарыңды өзің барып ал. Саған дейін екі ай бұрын тура сен секілді екі қазақ жігіті келген. Олар да өздері барып алды құжаттарын» деді. Онымен қоса ол Жансұлу мен Сәкенді танитын болып шықты. Үсті-басым қандай күйде екенін көрген елшілік қызметкері ешқандай көмек көрсете  алмайтынын алға тартып, шығарып салды. Тіпті вокзалға барып қон дегенді де айтты елшіліктегілер. Оны естіген соң көзім жасқа толып, шығып кеттім» деп сөзін жалғады Қазақстан азаматы. Осы ретте ерекше атап өтерлігі, бұған дейін еліміздің СІМ өкілі отандық БАҚ-тарға Ертай Ережеповты құлдықтан өздері алып шыққанын, тіпті қайтар билетті де алып бергенін мәлімдеген болатын.

Алла үйіндегі құдірет

Үміт оты су сепкендей басылған жігіт жол бойында сыртқы келбеті қазаққа ұқсайтын бір жігітті тоқтатып, көмек сұраған.

«Қазақсың ба?» деген маған ол үндіс екенін айтты. «Проблемаға тап болдың ба?» деп сұрады. Жағдайымды түсіндіріп, қарнымның тым қатты ашқанын жеткіздім. 200 рубль тастап кетті. Дүкенге кіріп, айран мен нан алып, жеп алдым. Біраз уақыт өткен соң мешітке қайта бардым. Дәрет алып, намазымды оқып болған соң қырғыз және шешен ұлтының азаматтарымен танысып, сөйлесіп кеттім. Басымнан өткен оқиғаны түсіндіріп берген маған олар бірден көмек қолын созды. Үйлеріне апарып, жағдайымды жасады. Шешен ұлтының өкілі Заур – Ресей азаматы екен. Бекжан – қырғызстандық. Елшіліктен қайыр болмаған соң олар өздері араласып, құжатымды қайтарып алып беретінін айтты. Бәріміз Жансұлудың дүкеніне бардық», – деді құлдықта болған азамат.

Дүкен иелері өздері екі аптадай азаптаған жігітті қайта алып қалуға ниеттеніпті. Тіпті кешірім сұрап, тағы екі апта жұмыс істесе, айлығын түелдей беріп, қайтар жолға билет алып беруге де уәде еткен.

«Кешірім сұраған олардың сөздерінен соң қалу туралы тіпті ойланбадым да. Қасымдағы жігіттер әңгімемізге араласып, құжаттарымды алып берді. Ол жақтан шыққан соң жігіттермен бірге мешітке барып, намазымызды оқыдық. Содан олар маған пойызға билет алып беріп, шығарып  салды»,-деді жігіт.

Полицей қысымы

Астана қаласына жеткен бойда Ертай Ережепов сондағы ішкі істер басқармасына арыз тастапты. Ондағылар шағымды жергілікті мекенжайындағы құзырлы мекемеге жөнелтетінін айтқан. Мәскеуден Астанаға келген күні кешке автобуспен Шымкентке жолға шығады. Үйіне аман-есен оралып, біраз уақыт далаға шықпай жүрген оған арада бір айдан аса уақыт өткенде ішкі істер бөлімінінен хабарласқан. Бір қызығы, шымкенттік полиция қызметкері шағымнан түк шықпайтынын, сол үшін оны  қайтарып алуға жігітті көндіріпті.

«Абай аудандық ІІБ-інен хабарласты. Мән-жайды айтып, жолығуға шақырды. Бардым. ІІБ қызметкері «Не қыласың?  Бәрібір ешнәрсе шықпайды. Болды ғой, өтті ғой. Оны таппаймыз біз, «доказать» ете алмайсың бәрібір» деді. Содан ойланып, өз-өзіме келдім ғой бастысы, сосын «шағымым жоқ» деп жазып бердім» деген шымкенттік тұрғын құзырлы органдағылардың өзі шағымнан түк шықпайтынын мойындаған соң бұл қылмысқа заң тұрғысында тоқтам болмайды деп ойлаған. Уақыт өте еліміздің Бас прокурорының атына хат жазыпты. Тағы бір атап өтерлігі, Ресейден жұмыс тауып берген Аняға Ертай Ережепов Шымкентке келген соң да хабарласқан. «Не істей аласың? Қолыңнан не келеді?» деген жауаптан соң жұмыс тауып беруші телефонын сөндірген күйі қоспапты.

Күңдікте болған қазақстандықтардың жанайқайы

«Мен сияқты Зарина, Фатима, Айдана тағы басқалары да болды ғой. Олармен сөйлесіп, бір-бірімізден «не жаңалық?» деп сұрастырып отырамыз. «Туысқандарға айтпаған едік. Текке ел алдында «позор» болдық. Телеарналар рейтинг жинап алды босқа. Қазіргі жағдайымыз Мәскеудегіден де жаман болып жатыр» дейді олар. Шынымды айтсам, құқық қорғау органдарынан көңіл қалды. Дегенмен дүкен иелері жазасын алса екен. Өз басым елімізде бірлік болса деймін. Қанша азаматымыз осылай шырылдап қалып жатыр. Ел ағалары, депутаттар бар. Депутат – халық үшін ғой негізі. Бірақ біреуі саусағының ұшын қимылдатқысы келмейді» деп өкпесін жеткізген жігіт жұмыс іздеп, шетел асушыларға өз айтары да барын жеткізді.

«Жұмысты өз елімізден де табуға болады… Менің Ресейге барудағы ойым, сонда жұмыс істеп, ақша жинап, үйленемін деген ниет қой. Ел азаматтары біз секілді алданып қалмасыншы деймін… Адам деген Алладан қорқу керек. Құдайдан қорқатын нағыз мұсылман олай жасамайды»  деп сөзін түйді шымкенттік тұрғын.

Еске салсақ, бұған дейін NUR.KZ порталы Мәскеудегі Гольяново ауданында Жансұлу, Жанар, Шолпан есімді апалы-сіңлілердің Қазақстан азаматтарын құлдықта ұстағаны туралы жазған болатын. Олардың алғашқысы «күңдікке енесі жығып берген» Несібелі Ибрагимова болса, екіншісі – Жәнібек Қаныбек. Шымкенттік жігіт Жәнібек Қаныбек қаңтар айында Мәскеудегі қазақтар өзін қалай қорлағанын айтып, билік басындағылардан араша сұраған болатын.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз