“Ақ жол” партиясы: АЛАШТЫҢ 95 жылдығын ҮКІМЕТІМІЗ қалай атап өтпек? Депутаттық сауал

0
275

Қазақстан Республикасының

Премьер-министрі

С.Н.Ахметовке

Құрметті Серік Нығметұлы!

Биылғы желтоқсанда Алаш партиясы мен Алашорда үкіметінің құрылғанына 95 жыл толады. Ал Алаш идеясын жаңғырту – «Ақ жол» партиясының басты бағыттарының бірі болып келеді. Өйткені Алаш арманы – бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан! Ендеше біз, әрбір азамат осы жүз жыл бұрынғы ұлттық ұлы идеялардың бүгінгі Тәуелсіз Қазақ­станның да негізі ретінде берік орнығуына мүдделі болуға тиіспіз. Өйткені Алаш идеясы – ұлттық идеология! Ол отаншылдыққа, мемлекетшілдікке, бірлікке үндейді.

Озық ойлы қазақ зиялылары 1917 жылы 21 мен 26 шілде аралығында Орынборда
І «Жалпықазақ» съезін өткізді. Осы құрылтайда қазақ елінің мүддесін қорғайтын «Алашорда» үкіметі құрылды.

Қазақ тарихында Алаш идеясы, Алаш қозғалысы, Алаш автономиясы әлі де баға­сын ала алмай келеді. Алаштың алғашқы астанасы Орынборда өткен бұл құрылтайдың Қазақ тарихындағы маңызы аса зор. Ел тағдыры таразыға түскен сын сағатта Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жаһанша, Халел Досмұхамедовтер бастаған ұлт зиялылары қазақтың болашағы үшін шешуші қадам жасап, ұлы мұрат жолында ұланғайыр қайрат көрсетті.

1917 ж. желтоқсанның 5-13 Орынборда 2-ші бүкіл қазақ құрылтайы өткізілді.

Құрылтайдың күн тәртібіне 10 мәселе қойылды. Олардың ішіндегі ең негізгілері: қазақ-қырғыз автономиясын жариялау, милиция һәм Ұлт кеңесі (Үкімет) құру мә­се­лелері болды.

Құрылтай делегаттары Уақытша үкімет құлатылғаннан кейін қазақтардың өмір сүруінің өзін күрделендіріп жіберген анархия (тәртіпсіздік) жағдайында елді аман сақтау үшін, «уақытша Ұлт Кеңесі» түріндегі берік билік құру, оған «Алаш Орда» деген атау беру (төрағасы Ә.Бөкейханов, Ұлт Кеңесі құрамына 25 адам кірді), сондай-ақ мили­ция жасақтау туралы қаулы қабылдады. Алаш астанасы — Семей қаласы, кейін Алаш-қала атанды.

Қазақ халқының 20 ғасыр басындағы ең ауыр кезеңінде, толыққанды саяси партия мен үкімет құрып, елді құрып кетуден аман алып қалып, болашаққа бастаған Алаш­тықтардың еңбегі орасан. Біреуін ғана, ең бастысын айтсақ, 1920 жылы қазақтың Жер декреті бекітіліп, шекарамыз алғаш заңды күшіне ие болды.

Алаш партиясының басты бес бағыты: 1. Жерге ең алдымен қазақ ие болу керек.
2. Жер­дің асты-үстіңгі байлығын қазақ пайдалануы керек. 3. Өз өнімін өзі өндіретін ұлттық экономика. 4. Қазақ тілінің мемлекеттілігі, діні мен ділінің үстемдігі. 5. Білім­нің дамуы, міне осы бес бағыт бір ғасырдан кейін, бүгін де өте өзекті болып отыр.

Алаш көсемдері Ахмет Байтұрсынов пен Әлихан Бөкейхановтан екі-ақ мысал келтіре кетсек. Ахмет Байтұрсынов «Біз бай, білімді, әрі күшті болуымыз керек. Бай болу үшін – кәсіп, білімді болу үшін оқу керек. Ал күшті болу үшін – Бірлік керек» дейді. Бай болуы – кәсіп, білімді болуы – оқу, яғни зиялылық болса, осы екі басты бағыты біздің «Ақ жол» партиясының қос қанаты болып келеді. Қазақстан Респуб­ликасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның әлеуметтік жаңғыр­тылуы бағдарламасында «Барлық қабылданатын шешімдер егжей-тегжейлі есептеліп, әлемдік тәжірибені оқып-үйрену негізінде ғылыми дәлелденген ұтымдылық қаперге алына отырып қабылдануы тиіс» деген кәсібилік қағидатын ұсынды. Ал біздің елі­міздің күшті болуына бастайтын Бірлікті Елбасымыз Тәуелсіз Қазақстанның басты тірегі ретіндегі темірқазық бағыт етіп ұстанып, оны бүкіл қазақстандықтар қолдап отырғанын бәріміз мақтан етеміз.

Ал Алашорда үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейханов «қазақтың қойының жүні тоқылып, үстіне киім болып, әрбір темірі өзіне түйме болуы тиіс» деп, нарықтық эко­номикаға негізделген мемлекет қана өркендейді дейді. Жапонияның ұлттық эконо­микаға баса назар аударғаннан бастап, күрт дамып кеткенін үлгі етеді ол. Бұл арманын да бүгінгі Қазақстан бейнесінен көруге тиіспіз.

Ендеше біз бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның бастауында тұрған, елімізді алғаш ұлттық санаға көтерген Алаш арыстарын ардақтауды неге кешіктірудеміз.

Алаш арыстарының рухын жас ұрпаққа сіңіру үшін, бұған мемлекет кешенді түрде келіп, баса назар аударуы тиіс. Алаштың 90 жылдығы жергілікті деңгейде ғана аталды. Ал алдағы 95 жылдықты үкіметіміз қалай атап өткелі отыр? Өйткені Алаш жеке ұйым­ның немесе жеке партияның ғана меншігі емес, Алаш – бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның бастауында тұрған алғашқы толыққанды үкімет пен саяси партия.

Біріншіден, ең алдымен мектеп оқулықтарында жеткілікті көлем берілуі керек. Ал қазір «Қазақстан тарихы» оқулығында бар болғаны бір жарым бет қана. Бұл ешқандай елде болмайтын келеңсіздік. Әрбір қалада олардың ескерткіштері орнатылуы тиіс. Кітаптар мен фильмдер көптеп шығарылып, мектептерді қамтамасыз етуі керек. Жо­ғары оқу орындарында Алаш идеясын оқыту жүйеге айналуы керек. Алаш оқулары жолға қойылып, еліміз бойынша қанат жаюы тиіс. Алаш мұрасы мен тарихы туралы кітаптар мемлекеттік тапсырыспен шығарылуы тиіс.

Алаштың ордасы болып, Алашқала аталған қазіргі Семейдегі Ертіс өзенінің сол жағалауындағы Алашорда үкіметі мен Алаш партиясы тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылып, ол үйді мұражайға айналдыру кезек күттірмейтін мәні зор мәселе.

«Ақ жол» партиясы Алаш қозғалысының 95 жылдығына орай «ХХI ғасырда Қазақ­стан қоғамын жаңғыртудағы «Алаш» қозғалысы идеяларының өзектілігі» тақырыбында конференция өткізу туралы шешім қабылдады. Конференция осы жылдың қараша айында Астана қаласында өткізілмек. Онда Алаш туралы ғылыми еңбектерге бәйге жариялауды жоспарлаудамыз.

Қорыта айтқанда, Алаш идеясы – бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның да басты идея­ларының бірі болуы тиіс.

Баяндалған мәселелерге байланысты, алдағы Алаштың 95 жылдығын үкіметіміз қалай атап өткелі отырғаны туралы хабарлауыңызды сұраймыз.

Құрметпен, Қазақстан РеспубликасыПарламенті Мәжілісінің «Ақжол» ҚДП депутаттық фракциясы: А.Перуашев, Е.Никитинская, М.Қазбекова, А.Әбілдаев, С.Сәр­сенов, А.Тұртаев, Н.Жазылбеков, Т.Ерғалиев.

www.qazaquni.kz

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз