Әйгілі есімдердің ішінде де құлдар аз емес бізде…
«Мемлекеттік тіл» қоғамдық қорының жауапты хатшысы Нұржан Ошанбеков фейсбук парақшасында Қытайда ән бейгесінде керемет жетістікке жетіп жатқан Димаш Құдайбергенге әйгілі әнішіміз Бибігүл Төлегенованың Ресей тілінде тілек айтқанына наразылығын білдіріпті.
«Құрметтi Бибiгүл Ахметқызы! Димашқа (ең болмаса, осы сәтте өзіңізге ерекше әсер етер Дiнмұхаммед есiмiне) ол ана сүтiмен келiп,осыншама уакыт жат елде насихаттап жатқан қасиеттi QAZAQ тiлiнде тiлек айтсаныз жетер едi…»-дейді тіл жанашыры.
Нұржанды қолдаған белгілі ақын Қазыбек Иса бұл ұлттық мүддеден туындайтын мәселеге тереңдей түсіп жауап беріпті.
» Димаш халқы бір жарым миллиард Қытайда қазақша сөйлейді. Бибігүл апайымыз өз елімізде отырып, өзге тілде – бұрынғы қожайын елдің тілінде – Ресей тілінде сөйлейді! Ең қауіптісі – ол оны өз тілім деп ойлайды! Өзін алақанына салып, осындай биікке көтерген қазақ халқының тілі бұлбұлымызды ойландырмайды да. Мысалы, өз елінде шетел тілінде сөйлеп отырған әнші апайымыздың Мәскеуде қазақ тілінде сөйлеу деген ой өңі түгілі үш ұйықтаса да, тіпті үш жүз ұйықтаса да, түсіне де кірмеген және кірмей кететін жан шошынарлық іс!
Міне, екі дәуірдің екі өкілі!
Екі Тілде білім алған екі Ділдің өкілі! ҰЛ мен ҚҰЛ ! Ал әйгілі есімдердің ішінде де құлдар аз емес бізде…
Айтары жоқ, әнші апайымыз және сол секілді орысша ойланатындар Тәуелсіздік алғанымызға ширек ғасырдан асса да, әлі Кеңес империясында, құлдық санада өмір сүріп келе жатыр…»
Әрдайым осылай ақиқатты ашып айтатын ақын сөзіне алып-қосарымыз жоқ.
Махамбет Ерғали
gu-gu.kz
https://youtu.be/FtAaWxJCRVQ