Сейдумановтың 60 миллион доллар тұратын сандырағы

0
173

Похожее изображение

Жуырда отандық БАҚта ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Жанат Сейдумановтың сұхбаты жарияланды. Кітапханашылардан рухани әңгіме естіп үйреніп қалған біздер, Сейдумановтың сұхбатын оқып жағамызды ұстадық. ЭКСПО деп есі шыққан елдің төбесіне жай түсіргендей болды…

Қысқасы, былай…

Алматы қаласындағы ҚР Ұлттық кітапханасы ғимаратының тарихы сонау 1910 жылдан бастау алады. Мекеменің бүгінгі басшылығы ғимараттың әбден ескіргенін желеу өтіп, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу керек деп атойлап жатыр. Кітап қоры көп болғасын, ғимаратты кеңейту қажет деп есептейді.

Алайда, Сейдуманов кітап қорын ойлап ғимаратты кеңейтпек пе, әлде, өзге де ойлары бар ма?

Мәселен, vlast.kz порталына берген сұхбатында ол кітапхананың астын 4 қабат тереңдікке дейін қазып, сонда кітап сақтайтын арнайы орын жасамақшы. Сейсмикалық тұрақсыз Алматыда мынандай алып ғимараттың асты қуыс болса, зілзала кезінде не боларын ойлау да қорқынышты. Жалпы, Жанат мырзаның әр сөзі адамды шошытады екен.

Кітапхананы ойлаған басшының тағы бір сұмдық идеясы – кітапхананың қақ төбесіне тоғыз қабатты тағы бір ғимарат салу. Онда тағы да сол кітап қоры, оқырман залы, сирек кітаптар қоры, көрме залдары орналаспақ. О заман да бұ заман, Қазақстанның бір кітапханасында 60 мың текше метрді толтыратындай оқырман көрдіңіз бе? Біздер, әдетте, кітапханаға барғанда кіре берісте отырған күзетші мен оқырман залында 10-15 адамнан басқа тірі жан көрмейміз. Тоғыз қабатты ғимаратқа Алматының жартысын қуып тықпақ па, қайтпек екен?

Мамандардың пікірінше, 60 миллион долларға кемінде сегіз заманауи емхана немесе 15 мектеп салуға болады.

Одан әрі Сейдуманов кітапхана ішінен кинотеатр ашамын деп қойып қалды. Ал, керек болса. Бұл не қылған батпан құрық?.. Алматыда кинотеатр аз ба? Кітапханаға кинотеатрдың не керегі бар?

Ең сорақысы – Жанат мырзаның кітапхананы жұмаққа айналдыру үшін ҚОНАҚ ҮЙ саламын деген сандырағы. Шетелден кітапханаға қонақтар келеді, соларға керек болады дейді қасқамыз. Кітапханаға жылына неше шетелдік қонақ келеді? 10, 20, 30? Одан көп емес шығар. Көп болса жүз адам келсін дейік. Жүз адамды орналастыратын Алматыдай мегоплисте орын қалмады ма?

Бұл таза кітапхана үшін емес, бизнес үшін жасалып жатқан қадам секілді. Ең қызығы, Сейдуманов өзінің керекті тұлғалармен келісіп қойғанын да жасырмай айтты. Ол тұлғалар кім екен? Атын да жасырмай айтсаңыз. Мемлекеттік бюджеттен, халықтың қалтасынан 60 миллион долларды мұндай сандыраққа бөліп бергісі кеп отырған шенеуніктердің есімдерін атауды талап етеміз.

Ия, бұл жобаны инвестор тарту арқылы жүзеге асырамыз деп айтқан Сейдуманов, артыншы инвесторлар құйған қаржыны мемлекет толық қайтарады деп елді әбден шатастырды.

Ең бастысы, ҚР Ұлттық кітапханасының ғимараты архитектуралық ескерткіш болып табылады. Архитектуралық ескерткішке тиісті рұқсатсыз шеге қағуға болмайтынын Сейдуманов тіпті қыстыратын да емес секілді. Келісті, бітті!

Өзге елдерде көне ғимараттар жоғары бағаланып, ол тарихи құндылық болып саналады. Мәселен, Луврды алыңыз. Ал, біздің елде көне ғимараттарды неге міндетті түрде әлденедей алабажақ күйге келтіру керек? Бұл ғимарат өзінің тарихымен құнды емес пе…

Егер бұл жоба жүзеге асса халықтың сынынан да, шуынан да жауапты бірде-бір шенеунік аман қалмайтыны анық.

Алтай Сағидолда,

gu-gu.kz

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз