ЛАТЫНҒА ӨТУДЕ ШЕГІНУГЕ ЖОЛ ЖОҚ

0
137

«Ақ жол» партиясы  Астанада 12 мамырда «Рухани жаңғыру:  Латын әліпбиіне өтудің  маңызы»  атты жиын өткізді.

«Ақ жол» партиясының Мәжілістегі депутаттары, қоғам қайраткерлері мен ғалымдар және журналистер қатысқан жиынды партия төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев жүргізіп отырды.  Ол сөзінде Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласының мән-маңызына тоқталып, латын әліпбиін қабылдаудың өзектілігін атап өтті. «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары, белгілі ақын Қазыбек Иса  латын алфавитіне өтудің зор маңызы туралы «ЛАТЫН ӘЛІПБИІНЕ МЕМЛЕКЕТ ТҰТАС ӨТУІ КЕРЕК!»  (http://www.qazaquni.kz/2017/05/13/69200.html) атты  арнайы баяндама жасады.

Алғашқы сөз алған  Мәжілістің V шақырылымы депутаты, қоғам қайраткері  Алдан Смайыл:

-Латынға өту мәселесі осымен төртінші рет көтеріліп отыр. Алдында 3 рет көтеріліп, бәрі дайын болғанда жоғарыдан «тоқтатыңдар» деген нұсқау келіп, тоқтап қалды. Енді осы жолы аяғына дейін жеткізуіміз керек. Жаңа баяндамада  алда кириллицадан латынға аудару барысында бұрынғы  әдеби, тарихи кітаптардың болашақта іріктелетіні туралы жақсы айтылды. Енді баяғы коммунистік партияны жырлаған желбуаз шығармалардан құтыламыз. Орыс мектептеріндегі оқушылардың 70 пайызы қазақ балалры екені де дұрыс айтылды. Сондықтан, біздің талабымыз, латынға тек қазақ тілі ғана өтіп қоймай, орыс тілі де өтуі керек. Әйтпесе, екі тілдің, екі әліпбидің, яғни екі мәдениеттің таласы болып шығады.

«Ақ жол» партиясы Орталық Комитеті хатшысы Сәбит Байдалы да латынға өтудің маңызын Алаш арыстарының еңбегін мысалға ала отырып жеткізді.

Белгілі алаштанушы ғалым Сұлтан Хан Жүсіп латынға өтуді саясиландырмай, ғалымдарға беріп, сол кәсіби мамандардың қорытындысына  сүйеніп, шешім шығару керектігін айтты. «Орыс кириллицасы ықпалынан құтылу жолында ешқандай қаржы аяудың қажеті жоқ» деді.

Латын әліпбиін зерттеп жүрген Серік Ерғали: «Латынға өту керек пе деген сөз -тәуелсіздік керек пе дегенмен бірдей»-деп кесіп айтты. Жазу реформасын енгізуде орыс тілінің латынға өту-өтпеуі бізге әсер етпеуі керек. Мысалы Қытайда қазақтар мен ұйғырлар үшін араб графикасы қолдануда ғой» деп, қарсы пікір білдірді. Тіл институтында зертханалар ашылу керектігін тілге тиек етті.

Алматыда дәрігер-фармацевт  болып істейтін оралман Қыдырәлі Оразұлы Серік Ерғалиға өзінің нақты дәлелімен тойтарыс берді.  Ол «Қытайда араб графикасы қолданса, ол Шыңжан Ұйғыр автономиялы ауданы болғандықтан қолдануда. Ал біздің Қазақстанда, құдайға шүкір, автономиялы құрылым жоқ. біртұтас унитарлы мемлекетпіз. Сондықтан мемлекет латын әліпбиіне тұтас өтуі тиіс» деді.

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, филология ғылымдарының докторы  Бекжан Әбдуәлиұлы:  «Фонетика деген үн, яғни ұлттың үні деген сөз. Ендеше Ұлттың үні өшпеуі керек.  Қазір латын әліпбиін енгізуде екі бағыт бар. біріншісі – компьютерге бейімдеу бағыты, екіншісі табиғи дауысқа бейімдеу бағыты. Негізі бір дыбысты екі әріппен белгілеуден қашуымыз керек» деді.

Педагогика және медицина ғылымдары докторы, жазушы Советхан Ғаббасов рухани жаңғыру ең алдымен адамның жан тәрбиесіне байланысты екеніне тоқталды.

«Ақ жол» партиясы Орталық Комитеті хатшысы, белгілі тележурналист Арман Сқабылұлы: «Қазақ науқаншыл халық. Біз латынға өтуді әлден бастап кеттік. Бірақ әркім әртүрлі нұсқаны пайдалануда. Мысалы, Алматы қаласының атындағы Almaty   мен Шымкенттегі Абай саябағы деген сөздегі   Abay  сөзінің екеуінде де соңғы әріптері   Ы мен Й болса да, латныша бір әріппен ғана y әрпі  қолданылған. Бұл түрік нұсқасы екен. Осылай ала-құлалыққа ұрынбау үшін тез арада латынның бір нұсқасына тоқталуымыз керек» деп, өз алаңдаушылығын жеткізді.

Ал журналист Жұмамұрат Шәмші:  «Өзбекстан тәуелсіздік ала салысымен ел президенті Ислам Кәріміов:  «Ертеңнен бастап, латын әліпбиіне өтеміз. Қалағандарың қалыңдар, қаламағандарың, есік-тереземіз ашық, кете беріңдер. Ол есік-терезе одан кейін жабыллады» деп, батыл мәлімдеді. Бізде сондай нақты батыл  іс жоқ, сөз көп» деп, көрші елді мысал етті.

Сонымен қатар Ш.Шаяхметов атындағы Тіл даму ы орталығының аға ғылыми қызметкері Салауат Кәрімов те латынға өтуде шегінуге болмайтынын, латынға өту барысында А.Байтұрсынұлы атындағы тіл институтының потенциалы жететінін айтты. «Латынға өту -қазақ тілінен кету» дегенді кім шығарып жүр? Ондай қлтқа зиянын тигізетін кеертартпалықты қою керек» деді.

Екі сағатқа созылған алқалы жиынды қорытқан Азат Перуашев:

-Бұл бір өте маңызды, келелі кеңес, орынды пікірталас болды. Көптеген түйткілді жәйттерге көз жеткіздік. Кезінде 2013 жылы мен де, орысша оқығандықтан алғашында  латынға өтуге қарсы болып едім. Кейін 2014 жылы Алаш идеясы үшін 1937 жылы репрессияға ұшырап, тұтқындалып, түрмеден қайтпаған атам Перуаш Кәрімұлының   үйге жазған хаттары мен өлеңдері латын әліпбиімен жазылғанын көрдім. Көп қиналмай-ақ оқып алдым. Сондықтан да латынға өту дегеніміз өткенімізге, тарихымызға оралу екенін түсіндім. Елбасымыздың мемлекеттің болашаққа бағдарын белгілеп берген мақаласын ақжолдықтар түгел  қолдайды деп айта аламын» – деді.

Жиын қорытындысында «Ақ жол» партиясы Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласындағы  қазақ тілін латыншаға көшіру туралы тапсырмасына және жаңа графикадағы бірыңғай қазақ әліпбиін қалыптастыруға байланысты Қоғамдық сананы жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссияға ұсыныс жасады.

С.ӘЛІ

qazaquni.kz

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз