Ұлттық дәстүрді білмейтін ұлтшыл

0
271

Ұлттық дәстүрді білмейтін ұлтшыл

Қазақтың ұлттық дәстүрін бойына сіңірмей жатып өзін ұлтшыл кейпінде көрсетіп жүргендер бар. Солардың бірі – Мұхтар Тайжан. Оның айтуынша, өзімен сөз жарыстырып, әлдебір мәселеге қатысты үнемі сын айтып жүрген азаматтар бұрын ештеңе болмағандай келіп амандасыпты. Мұхтар Тайжан ерекше мән беріп отырған бұл оқиға  31 мамырда, ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінде Алматыда өткен жиында болыпты. Ұлтшыл патриот оқиғаны әлеуметтік желідегі парақшасында былайша сипаттады.

«Мен қазақтың мінезін түсінбеймін бе əлде бұл қазақтың мінезі емес пе? Немесе бұл баланың тірлігіне ұқсайды ма?
Мəселе былай. Мені осында бір емес, бір неше ай жамандап отырған, жеке, отбасылық жағдайларымды ортақ талқыға қатынша салып жүрген, мені алаяқ деп жазған «көрнекті ұлтшылдарымыз» кеше ештеңе болмағандай өздері келіп амандасты. Көзім алақандай болды)
Əй, сендер осы мен сотқа бергеннен кейін ғана бұл кір науқандарыңызды тоқтаттыңыздар ғой! Мен алаяқ болсам менімен амандасқаныңыз несі?) Əлде бұл намыссыздықтың белгісі ме?
Жарайды, жасы меннен үлкен адамдардың қолдарын қақпаймын əрине, амандасатын болсақ амандасайық. Бірақ намысы бар адам бұндай ұят тірлікті жасағаннан кейін кешірім сұрау тиіс.
Мəселен сот əлі жалғасуда. Мен туралы жазған жалаңыздың дəлелдеріңіз болмай қалса, сот сіздерден кешірім өзі сұратады, басқаша да жазалауы əбден мүмкін. Судан да сұрауы бар, болу керек та.
Меніңші əр қазақ өз тірлігі үшін жауапкершілікті көтеру керек. Бала емеспіз».

Өзін ұлтшыл патриот санап жүрген Мұхтар Тайжанның осы жазбасын қазақ ұлтының ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрі тұрғысында тәпсірлеп көрейік. Мәтінге үңілсек, Мұхтар Тайжан еске алу шарасына жиналған жұрттың ішінде тұрған. Осы кезде оған бұрын сын айтып, сөз таластырып жүрген бірнеше адам келіп әлгі топпен амандасып, топ ішіндегі Тайжанға да сәлем берген. Мұнда ешқандай сөкеттік жоқ: қазақ дәстүрінде сәлемді сырттан келген адам береді және бәріне бірдей ілтипат көрсету ләзім. Егер сәлем бере келген адам біреуге қол беріп, екінші біреуді алалап сәлем салмай кетсе, онда бұл – күнә.

Сәлем беріп келген адамның сәлемін алу – міндет. Тіпті,  ата-бабаларымыз «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы шал сәлем береді» деген нұсқаулы сөз қалдырған. Атамыз қазақ «Сәлем – сөздің анасы» деп сәлемдесуге үлкен мән берген. Сәлем – арабтың «тыныштық», «бейбітшілік» мағынасындағы «ассалам» сөзінен шыққан. Тегінде, әдеп, адамшылық амандасудан басталады. Сәлемдесудің мәні – ең алдымен бетпе-бет ұшырасқан сәттегі үнсіздікті жою, өздерінің аман-есен дидарласып тұрғанына қуану, ниеттерінің ақ, адал, таза, екенін білдіру. Сондықтан сәлемдесіп келген адамдарды Мұхтар Тайжанның айыптап, «Көзім алақандай болды», «бұл намыссыздықтың белгісі ме» деп түккөрмегендік танытуы – ұят, оның қазақ дәстүрінен мақұрым екенін көрсетеді.

Иісі қазақ мұсылман Айт мерекелері мен Ораза айына үлкен мән береді. Бұл кезде кішіпейіл, кешірімшіл болғанды қалайды. Бұрын болған ұрыс-керістен қалған артық ауыз сөзді, ренішті еске алмауға тырысады. Ал ұлтшыл патриот Мұхтар Тайжан Ораза айы кезінде көңілінде көн болып қатып қалған әлдебір ренішті қайта қоздатқысы келіп отыр. Бұл оның кекшіл, шыдамсыз ызақор екенінен хабар беріп тұр. Ол әлі күнге Шеңгелді дихандарымен ақша үшін соттасып, бірақ өзі оңбай жеңіліп қалған сот процесін ұмытар емес.  Оның сотқа берген арызының астарында Шеңгелді дихандарын аяғына жығып, кешірім сұрату жатқан болатын. Осылайша ол ұлтшылдар арасында тым төмендеп кеткен беделін қалпына келтірмекші болды. Бірақ, оның пиғылы жүзеге аспай қалды. Осы пәкене амбиция Мұхтар Тайжанның жанын жегідей жеп жүр. Бұл оның жоғарыда жазылған жазбасында да қылаң беріпті. Оның ойынша, ұлттық этикетті сақтау үшін жиылып тұрған жұртқа сәлем бере келген азаматтар өзінен «кешірім сұрауы тиіс» екен. Не үшін?! Бұл сұрақтың жауабын Мұхтар Тайжанның өзі де білмейді…

Берік Мыңжасар,

Дереккөз: serke.org

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз