Алашқа байланысты Қариннің сөзін Қойгелді қайтарып тастады…

1
109

Аяқасты алашордашыл болып кеткен «Нұр Отан» партиясының хатшысы, саясаттанушы Ерлан Қарин Алаш қозғалысын насихаттау жұмыстарының нашар жүргізілуіне билікті емес, тарихшыларды кінәлапты. «Бір қызығы, Мәмбет Қойгелді сияқты тарихшыларымызбен үстел басына жиналамыз да, бір-бірімізге Алаш туралы әңгіме айтамыз. Мұның қажеті аз. Алаш қозғалысына қатысты мәселелердің барлығы кең ауқымда, қарапайым халық арасында насихатталуға тиіс» депті ол. Бұған қазақ тарихындағы ұлт-азаттық қозғалыстары тарихын жіті зерттеп жүрген Мәмбет Қойгелді кәдімгідей шамданып қалды.
Ол «Жас қазақ» газетіне берген сұхбатында Алаш қозғалысын зерттеумен басқалар сияқты конъюнктурашыл саясаттың аясында өзін жарнамалау үшін емес, ғалым ретінде айналысып жүргенін айтты. Оның сөзінде билік партиясы «Нұр Отанның» хатшысына деген кекесін басым және ол орынсыз да емес. Төменде тарихшының сөзін қаз-қалпында жариялап отырмыз.

«Жуырда «Түркістан» газеті (№ 47, 22 қараша, 2012 ж.) «Алашорда» фотоальбомының жарық көруіне байланысты «Қазақылықты сақтау – Алаштың асыл арманы» атты тақырыпта «Нұр Отан» ХДП хатшысы Ерлан Қарин мен саясаттанушы Айдос Сарымның осы басылымға берген сұхбатын жариялады. Болат Мүрсәлімнің ұсынысы және даярлауымен шыққан бұл фотоальбомға менің де қатысым бар-тын (бас редакторы). Автордың келісімімен кітапқа Алаш қозғалысының қырғыз қанаты және алаш әскерінің офицерлері жөнінде материалдар бердім. Сондай-ақ фотоальбомға ҰҚК мұрағат қорының қызметкерлерінің көмегімен алынған алаш қайраткерлерінің абақты қабырғасында түсірілген суреттері де осы кітапқа енді.
Берген сұхбатында Е.Қарин мырза Алаш қозғалысына арналған шаралардың «қасаң» сипатта екендігіне тоқталады. Дұрыс-ақ! Қозғалыс тарихы мен идеясы кең ауқымда насихатталуға тиіс.
Дегенмен, осы ғылыми мәселемен біраз уақыттан бері саяси конъюнктура, пиар үшін емес, тұрақты түрде айналысып келе жатқан зерттеуші ретінде менің атыма айтылған бұл пікірмен келісе алмайтындығымды білдіруді өзіме парыз санадым. Айта кетейін, есеп беруден қиын көп нәрсе жоқ, берейін деген ықыласта да емеспін.
Алаш қозғалысына таяу жылдарда жүз жыл толады, осы ретте «Алаш идеясын насихаттау жолы мен әдісін менен артық білетін кімің бар?» деп шіренудің қажеті бар ма? Одан іске пайда жоқ қой!
Осы тақырыпқа қатысты мәселе әуесқойлық, конъюнтуралық деңгейде емес, шынайы жанашырлық деңгейде көтеруге ынталы саясаткерлерге беретін бір-ақ кеңесім бар. Егер сіздер бұл мәселені қолға алуға ықыласты болсаңыздар, онда алаш қайраткерлеріне байланысты 1927-1932 жылдар аралығында жүрген сот істерінің материалдарын жарыққа шығаруға көмектесіңіздер. Ол материалдарды іздеп табу үшін, Е.Қарин айтқандай, «жер шарының түпкір-түпкірін» аралаудың қажеті жоқ, олар өзіміздің ҰҚК-нің мұрағат қорларында жатыр. Бұл іс биліктегі партияның қолынан келмесе, онда жеке зерттеушілер жөнінде не айтуға болады?
Е.Қарин мырза М.Қойгелдінің атқарып жүрген жұмысының «қажеті аз» десе де айтайын, тек биыл, яғни 2012 жылы ғана Алаш ісіне қатысты ықпалды-ау деген парламент мүшелеріне тарихшылар қауымдастығы атынан үш хат жолдадым. «Алаш ісіне» қатысты құжаттың материалдарын жарыққа шығару жөнінде. Бұл хаттар ҰҚК-нің және басқа құзырлы мекемелердің атына бұрыннан бері жолданып келе жатқан өтініш-хаттарымның жалғасы ғана. Қанағаттанарлық жауап ала алмағаныма, әрине, өкінемін. Рас, «Алаш ісіне» қатысты деген материалдардың біраз бөлігін үш томдық түрінде белгілі ғалым әрі жазушы Тұрсын Жұртбай баспадан шығарды. Атқарылған жұмысты сыйлау парыз, бұл сөзсіз елеулі жұмыс. Дегенмен, біздің пікірімізше, «Алаш ісі» материалдары тұтас түрінде, түпнұсқа тілінде және ғылыми аппаратпен жарық көргенде ғана талғамды оқырман сұранысын қанағаттандыра алады. Ондай басылымды даярлауға отан тарихшыларының деңгейі жетеді. Осы реттегі «Алаш ісіне» байланысты Парламент депутаттарына жолдаған хаттарымнан үзінді беруді жөн көрдім. Зерттеуші ғалымның әрекетінен оқырман да хабардар бола жүрсін.
«Қазақстан Республикасы Парламенті мәжілісінің депутаты, халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі…
Елімізде жылда аталып өтілетін жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні (31 мамыр) қарсаңында Сізге, сіз арқылы Мәжіліс депутаттарына тиесілі дәрежеде шешімін таба алмай келе жатқан қоғамдық мәселеге қатысты пікірімді білдіруді өзіме міндет санадым.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей қолдауымен және басшылығымен еліміздің өткен тарихында орын алған саяси репрессия құрбандарын жадта сақтау, сондай-ақ бұл жалпыхалықтық қасіреттен тиесілі тұжырымдар жасап, ол жөнінде қоғамдық санада негізді пікір қалыптастыру ісінде біраз жұмыстар атқарылды. Соның нәтижесінде қоғамның санасында түбегейлі өзгерістер болып өтті.
Сонымен бірге саяси репрессия тақырыбына байланысты атқарылуға тиісті істер әлі де аз емес. Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында мынадай мазмұндағы ұсыныстарға көңіл аударуыңызды өтінемін:
1. Елімізде қабылданған «Ұлттық мұрағат қоры және мұрағаттар туралы» (1998, 22 желтоқсан) және «Мемлекеттік құпиялар туралы» (1999, 15 қаңтар) ҚР Заңдық актілері бойынша «саяси, әлеуметтік және басқа себептермен жаппай қуғын-сүргін құрбандарына» қатысты материалдар зерттеушілерге берілуге тиіс. Өйткені «Мемлекеттік құпиялар туралы» заңның 17-бабының 7-тармағы бойынша жаппай қуғын-сүргін құрбандарына қатысты материалдар құпияға жатпайды. (Қараңыз: Закон РК «О государственных секретах» – Алматы, 2009. С.14,15)
2. Өткен ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі қазақ тарихында терең із қалдырған оқиға – бұл, әрине, Алаш қозғалысы. Алаш қозғалысы – қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысы. Сондықтан да оған қатысты 1927-1932 жылдарда жүргізілген «Алаш ісі» сот процестері құжаттық материалдарының көп томдық (3-4 том) түрінде жарық көретін уақыты жетті (кезінде бұл көптомдықты әзірлеп баспадан шығару ісі мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасында белгіленген. Қараңыз: «Мәдени мұра» стратегиялық ұлттық жобасының 2009-2011 ж.ж. арналған тұжырымдамасы. – Астана, 2009, 50 б.).
3. Біраз жылдан бері бұл тақырыпты зерттеумен айналысып келе жатқан мүдделі зерттеуші ретінде Алаш зиялылары сотына қатысты бұл ғылыми көптомдық басылымның қоғам тарапынан зор қолдау табатындығына сенімдімін және ол сауапты іс болмақ. Ал мұрағат қорларынан кітапқа енетін материалдарды сұрыптап алу осы мазмұндағы құжаттармен жұмыс істеп жүрген зерттеуші мамандар үшін соншалықты қиындық туғызатын нәрсе емес. Тек оларға сеніммен қарау қажет. Өз тарапымыздан құжаттарды баспаға даярлау ісін ғылыми және кәсіби деңгейі жеткілікті әріптестеріммен (тарих ғылымдарының кандидаттары Ш.Тілеубаев және З.Мырзатаева) бірлікте өз міндетімізге алуға әзір екендігімізді білдіремін.
4. Біз өз тәжірибемізден жақсы білеміз, ол құжаттық материалдарды қолмен көшіріп отыру өте қиын. Өйткені, ескірмейтін нәрсе жоқ. Өткен ғасырдың 20-50 жылдары жүргізілген тергеу материалдары хатталған қағаздар әбден ескірген, енді бір 5-10 жылда олар тозып, жыртылып бітеді. Сондықтан да оларды тарихи құндылық ретінде фото көшірмесін алып, бүгінгі компьютерлік технология арқылы өңдеу жұмыстарын жүргізіп, келесі ұрпаққа жеткізу біздің азаматтық борышымыз. Бұл жағдайды ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мұрағат қызметкерлері ескереді деп ойлаймыз.
Бұған қосымша мынадай фактілерді қоса тіркеуді жөн көріп отырмын. Қоғамдық әділеттілік ұғымы барлық халықтарға ортақ құндылық. Ресей Федерациясында саяси репрессия тақырыбында кең ауқымды зерттеу жұмыстары жүргізіліп, халыққа тарихи шындықты жеткізу мақсатында орасан ағартушылық мазмұндағы жұмыстар атқарылды. Бұл бізге үлгі аларлық іс. Мәселен, Ресей ғалымдары батыстық зерттеушілермен шығармашылық бірлікте КСРО-ның сталиндік кезеңіне байланысты 100 томдық зерттеу еңбектерінен тұратын ғылыми жобаны іске асырды. Көптомдықтың үлкен бөлігі сталиндік жүйенің репрессиялық саясатына арналған (Қараңыз: Научно-издательский проект Фонда первого президента России Б.Н. Ельцина и издательства «Российская политическая энциклопедия» (РОССПЭН) – «История сталинизма», http://www.rosspen.su/).
Бұл көпбағытта және түрлі көзқарастық ұстанымда мақсатты түрде жүргізіліп жатқан іргелі зерттеу жұмыстарының бір бағыты ғана. Басқаша айтқанда, бүгінгі Ресей мемлекеті өзінің кеңестік кезеңдегі қайшылықты жүріп, өткен жолы бойынша теориялық тұжырымдар жасау ісін белсенді әрі қарқынды жүргізуде. Бұл қандай тұрғыдан болмасын тура шешім. Өйткені әрбір елдің өткен тарихы алдымен оның өзіне қажет, өз құндылығы, яғни кеңестік кезеңдегі еліміздің тарихы отандық тарихшы-ғалымдардың күшімен қорытылғаны жөн. Ондай болмаған күнде, ХХ ғасырдағы қазақ тарихына байланысты ресейлік көзқарасты қабылдауымызға тура келеді. Ал мұндай жолға түсу, елдің ертеңіне байланысты алаңдаушылық туғызбай қоймайды.
Ұлы Абайдан қалған сөз бар: бір жанға екі күймек әділет пе? ХХ ғасыр басындағы ұлттық басқарушы топ саяси әділетсіздіктің құрбаны болды. Өткенге салауат делік. Бірақ біз бүгін сол аға буын ұрпаққа байланысты екінші әділетсіздікке жол бермейік. Отаншыл тегеурінді басқарушы топтың кейінгі жас ұрпаққа қалдырған азаматтық ұстанымы мен арман-тілегін мұрағаттық қорларда қаттаулы күйінде шірітпей, заңды иесіне – халыққа беріп, жарыққа шығуына жол ашайық. Сөйтіп, азаматтық міндетімізді орындайық!
Тарихшы маман ретінде мәселені бұлай қоюға толық хақым бар деп білемін. Өйткені мен Республика Парламентінің жанынан құрылған екі бірдей комиссияның (1990 және 1997) мүшесі ретінде ұзақ мезгіл ОГПУ-НКВД-МГБ мұрағаттық материал­дарымен жұмыс жасадым, өткен ғасырдағы қазақ басқарушы тобы мен шығармашылықтағы зиялыларының тергеу істерімен айтарлықтай терең таныстым. Соның нәтижесінде «Алаш қозғалысы» (1995,1 кітап), «Ұлттық саяси элита» (2004), «Сталинизм и репрессии в Казахстане 1920-1940 годов» (2009) сияқты монографиялық зерттеу еңбектерін жаздым және көптомдық құжаттық жинақтарды даярлау ісіне басшылық жасадым («Алаш қозғалысы. Движение Алаш. /Құжаттар мен материалдар жинағы. 1-4 т.т М.Қ.Қойгелдиевтің редакциялық басқаруымен/ Алматы, – 2004-2008.; «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында жарық көрген 12 томдық «Қазақ ұлт-азаттық қозғалысы». М.Қ.Қойгелдиевтің редакциялық басқаруымен Астана, – 2007-2008 ж.б.)
Парасатты да байсалды саясаткер ретінде өзіңіздің тікелей араласуыңызбен еліміздің ұлттық қауіпсіздігі мен руханият ісіне қатысы бар. Бұл өзекті мәселе өзінің дұрыс шешімін табады деген үміттемін».
Әрине, Алаш қозғалысына қатысты күнделікті ағымда атқарылатын жұмыстар да аз емес. 2008 жылы Батыс Қазақстан облысы Жымпиты қаласында болып өткен конференцияда сол өңірдің азаматы, алаш офицері Әлмұхамед Оспановтың есімін оның тұрған көшесіне беру жөнінде ұсыныс айтқан едім, жақында естідім ол іс орындалыпты. 2009 жылы «Сталинизм и репрессии в Казахстане 1920-1940-х годов» атты монографиялық еңбегім жарық көрді. Кітапта Алаш қозғалысына және 1921 жылғы Батыс-Сібір шаруалар қозғалысына іш тартып, қолдау жасаған Есіл бойындағы қазақ байлары мен ауқаттыларының сот ісіне байланыс­ты тараулар берілген. Көңіл аударарлық нәрсе, сол дүрбелең кезінде еш кінәсіз айыпталып, сотталған адамдардың біразы әлі де ақталмаған. Яғни олардың көзі тірі туыстарының көңілдері әлі де күпті деген сөз. Міне, осы күдікті сейілту үшін репрессия құрбандарының ісін қарауды аяғына дейін жеткізген жөн. Осы кітапта аталатын
Байқазы Ахметовтың («Тауқымет пен тағзым» кітабынан) ісін кітап шыққан соң, Солтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасы қайта қарап, жағымды шешім қабылдағанын естідім. Прокуратура қайырымды іс атқарған! Осындай мазмұнды бағыттағы істер жалғасын тапса, кешігіп жетсе де, әділеттің жеңгені емес пе?! Яғни көпшілік болып жұмылып жасайтын істер жеткілікті, көңіл, ниет дұрыс болса болғаны.
«Менің атқарып жүрген жұмысым маңыздырақ» деген күңкіл басқа тақырыпқа жүрсе де, бұл тақырыпқа жүрмейтіндігін ұмытпағанымыз жөн!

Мәмбет Қойгелді, тарих ғылымының докторы, профессор
Серке.орг
*Тақырып өзгертілді

1 Пікір

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз