Бүгін – қасиетті ораза айының оныншы күні. Өнер жұлдыздары бірінен соң бірі ауызашар беріп, әріптестерінің басын қосуда. Ал, жас кәсіпкер Досбол Маликомар ауызашарды ерекше өткізді. Ол ораза ұстаған өнердегі барлық жұлдыздың басын қосып, спортты насихаттады.
Бұл туралы ауызашардың қонағы болған Stan.kz тілшісі хабарлайды.
Ашық аспанда өткен ауызашарға Сәкен Майғазиев жұбайымен келді. Продюсер Ерғали Әбдірайымов, Бауыржан Есебаевтар да қонақтар қатарынан орын алды. Жиынға Мақсат Базарбаев, Ренат Баситов, Қайрат Нұртас, Төреғали Төреәлі, «Диета.кз», «Жігіттер» тобының мүшелері түгел қатысты.
Әуелі Құран оқылып, артынша өнерпаздар спорттан бақ сынасты.
Қайрат Нұртас кеудені жерден көтеруде үшінші орын алып, 10 мың теңгені қанжығасына байлады.
Той жүргізушісі Төреғали Төреәліні қанша шақырса да, әнші жарысқа шықпады.
Ал, Сәкен Майғазиев 24 адам қатысқан спорт түрінен төртінші орыннан көрінді.
«Өте тамаша сезімдемін. Енді менімен сынаққа түскендердің барлығы жастар. 24 адамның ішінде төртінші орын иелеудің өзі күш. Мен өзім спортқа жақынмын. Футбол ойнаймын. Бірақ соңғы бір жылда волейбол, баскетболға көңіл бөліп жүрмін», – дейді ол.
Бауыржан Есебаев пен Ренат Баситов білектерінің күшін көрсетті. Жас әншіні продюсер жығып алды. Оған да кәсіпкердің өзінің сыйы болды.
Гір көтеруден де бәрі жанталасты.
Спорттан кейін имам ораза ұстаған жамағаттың діни білімдерін тексерді. «Өнер қырандарының» жігіттері Құрандағы сүрелерді жатқа айтып, кітап ұтып алды.
Ерекше стильде ұйымдастырылған ауызашар осылайша той іспетті өтті. Кәсіпкердің көздегені де сол екен.
«Мен қаншама ауызашарларға барып жүрмін. Бірақ биыл ерекше өткізгім келді. 180 адамның басын қостым. Бұл жерде спортты насихаттап, діннен сабақ алу. Әрқайсысына берілген сыйлығым олардың көңілін көтерер деген ой еді», – дейді кәсіпкер Досбол Маликомар.