Мұхтар Тайжан Геройханнан сотта жеңіліп қалды

0
454

Өзін қазақтың қамын ойлап жүрген патриот кейпінде көрсетіп жүрген Мұхтар Тайжан (1-суретте) тағы бір сотта оңбай жеңіліс тапты. Ол осыдан алты ай бұрын ұлтшыл журналист Геройхан Қыстаубаевты (2-суретте) «ар-намысыма, қадір-қасиетіме және іскерлік беделіме нұқсан келтірді» деп сотқа берген болатын. Бұл дау Қыстаубаевтың Фейсбук әлеуметтік желісінде жазған жазбасынан туындаған. Онда ұлтшыл журналист Жер комиссиясының құрамында билікпен тізе қосып жұмыс істеп жүрген Мұхтар Тайжанның ұлт мүддесін саяси саудаға салып, қазақты алдап жүргені жөнінде сын айтқан. Осы сынды көтере алмай ызалаған Мұхтар Тайжан журналисті сотқа беріп, одан өзіне келтірілген моралдық шығын ретінде 3 миллион теңге өндіріп беруін талап еткен.

Екі ұлтшылдың арасындағы бұл даудан көпшілік хабарсыз. Себебі, Мұхтар Тайжан өзінің адвокаты Камиша Есмұхамбетқызы (3-суретте) арқылы судьядан сотты жабық өткізуді өтініп, процеске журналистер мен қоғам белсенділерін қатыстырмай тастады. Мұхтар Тайжанның демократияға жат мұндай тыйымға аса мән бергені соншалықты, талапкердің адвокаты Камиша  Есмұхамбетқызы сот процесінің бәрінде жауапкер мен оның адвокатының әрбір қимылын аңдып, «мыналар қалта телефонның таспасына дыбысты жазып жатқан сияқты» деп күдік келтірумен болыпты. Осындай тыйымның салдарынан екі ұлтшылдың арасындағы даулы мәселеден халық хабарсыз болып қалды.

Өзін былайғы жұртқа кез келген мәселені ашық талқылап, кез-келген дебатқа әрқашан дайын жүретін жария саясаткер кейпінде көрсетуге тырысатын Мұхтар Тайжан сот отырыстарының біріне қатыспады. Судья оған адвокат Камиша Есмұхамбетқызы арқылы сәлем айтып, Мұхтар Тайжанның 8 маусымға белгіленген жарыссөзге келуін сұраған. Ол бұл процеске де келмеді – адвокатынан «сырқаттанып қалдым» деген тілдей анықтама беріп жіберіпті.

Арызқой Тайжанның сот процесіне қатысудан қашқақтап жүруінің себебі жоқ емес. Ол Г.Қыстаубаевқа қарсы берген талап арызының негізді екеніне өзі де іштей күмәнданған сияқты. Бұл сот процесінде дәлелденді де. Осыдан бірнеше ай бұрын Сот психологиялық-филологиялық сараптама зерттеу орталығы «Жауапкер Г.Қыстаубаевтың жазған жазбасында талапкер М.Тайжанның ар-ожданы мен қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтер жоқ» деген қорытынды шығарып тастаған (4-суретте). Бірақ, талапкердің адвокаты  мөрін басып, қол қойған сараптама қорытындысын көре тұра сарапшы маманды қайта сотқа шақыртып, жөнсіз сұрақтың астына алды. Сарапшы сараптаманың ғылыми әдістеме негізінде жасалғанын айтып, сараптамадағы қорытындыны тағы да дауыстап қайталады. Талапкер мүддесін қорғаған адвокаттың ақылға қонымсыз осындай әрекеттері сот процесін ұзаққа созып жіберді.

Бүгін, 9 маусым күні Алматы қаласы Әуезов ауданының №2 сотының шешімі шықты. Шешімде Мұхтар Тайжанның Геройхан Қыстаубаевтан моралдық шығын ретінде 3 миллион теңге талап еткен арызы қанағаттандырылмайтыны айтылды. Сот шешімін тыңдауға Мұхтар Тайжан да, тіпті оның адвокаты да келмеді. Себебі, кеше өткен жарыссөзде жүйелі сөз айта алмай, әркіл-тәркіл күй кешіп, ашуға булығып кеткен адвокат Камиша Есмұхамбетқызы процесс аяқталғанда оқыс мінез көрсетіп, есікті тарс еткізіп, енді оны қайта ашпастай қатты жауып кеткен.

Енді оның аудандық сот шешіміне апелляция беріп, жоғарғы инстанцияға қайта арыздануы неғайбыл деп болжам жасауға болады.

Берік Мыңжасар,

Дереккөз: serke.org

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз