ЖЕМҚОРДЫҢ ТӨРІ – ҚОРҚЫТТЫҢ КӨРІ…

0
120

…Мұхтар ағам (Шаханов) тілді айтады, Қабдеш көкем (Жұмәділов) көшке күңіренеді, Серікболсын ағам (Әбділдин) саясатқа сарғаяды, Дулат көкем (Исабеков) демократияның демін сезгісі келеді…

Менің мұңым – етегімізден кіріп, басымызды биттеткен жаппай жемқорлықты қалай жеңеміз?..

Жеміс ағашының өзегіне түскен құрттардың құрту технологиясы бойынша, күндердің-күнінде шіріген ағаш тікесінен түсіп, қопарыла құлағанда, құрттар да бірге жермен-жексен болады. Біздің жемқорлардың миы құрттыкінен де аз, пайымы кем болғаны ма?..

Биылғы жылдың 10 айында қазақ жемқорлары елімізге 7,5 млрд теңгенің шығынын келтіріпті, соның 92,4 пайызы, яғни, 6,9 млрд теңгесі қазынаға қайтарылыпты. Бұл – анықталған, ұсталған, қолға түскен, белгілі болған ресми мәлімет қана. Біз білмей, құлағын көрсетпей, қырық қабаттың қыртысында жатқан қаншама ұрлық-қарлық жатыр десеңші…

Қарпол да қарап жатпаған сияқты: сол жамбастағыны шалып жығып, оң жамбастағыны алып ұрып, әйтеуір, он айда 1367 жемқорлық іс қарап, 656 шенеуніктің шекесін терлетіпті.

Бір ғажабы, біздің ұры-қарылар татымды табысын басты бағдарламардан қарпып қалуға машықтанған екен. Мысалы, «Тұрғын үй құрылысы» мемлекеттік бағдарламасы бойынша – 17, «Ақ бұлақ» – 21, «Жол картасы» – 12, «Еңбекпен қамтамасыз ету» бағдарламасы бойынша – 19 қылмыс тіркелген. Біздіңше, бұл – теңіздегі тамшы ғана…

Былтырғы жылдың 10 айымен салыстырғанда, биылғы 10 айда: пара алу 10,3 пайызға (331-тен 365-ке), лауазымын асыра пайдалану 32,5 пайызға (252-ден 334-ке), лауазымын пайдалана отырып, алаяқтық жасау 50 пайызға (84-тен 126-ға) өсіп кеткен.

Жемқорлықтың өзегі – мемлекеттік қызмет саласында. Сондықтан, ол қоғамның тұлабойының түгел іріп-шіруіне ғана әкеліп соқпай, мемлекеттің іргесінің сөгілуіне тірейді. Қазақ қоғамының жемқорлық деңгейін мейлінше анық та айқын, жедел же дәлелді анықтау үшін өркениет елдері секілді, ең кем дегенде, бір-біріне тәуелсіз 3 дерек көздерінің қызметін пайдалану керек.

Ал, Берлинде бас кеңсесі орналасқан Transparency International (TI) үкіметтік емес ұйымы биыл тағы да 176 мемлекеттің жемқорлық ахуалын зерттеп, қазақ елін «мәртебелі» 132 орынға шығарыпты. «Сұмдық қой»: біздің алдымызға 131 ел шығып кетіпті, тым құрығанда, алғашқы 50 елдің шаңына ілесе алмаппыз. Оқасы жоқ, әлі кеш емес, біздің жемқор-шенеуніктеріміз әлі-ақ бас бәйгені алып береді…..

Алғашқы бестіктегі Дания, Финляндия, Жаңа Зеландия, Швеция және Сингапур елдерінде мемлекеттік құрылымдар мен шенеуніктер туралы мәліметтер мейлінше ашық әрі мол, толық һәм таза екен. Біз алысырақ тығып, аулағырақ жасырамыз ғой: оффшорларды шарлаймыз, еркін экономикалық аймақтарды кеземіз…

…Өткен жылы жемқорлыққа белшесінен батқан әлемдегі бірнеше елдің басшыларының аттарынан ауып түсіп, тақтарынан тайдырылғанын көрсе де, қазақ билігінің шырт ұйқысынан оянбауы – таң қалдырады. Тек қана Ауғанстандағыдай аңырап, Сомалидағыдай сан соғып қалмасақ жарар еді…

Қажымұқан ҒАБДОЛЛА

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз