Отанға оралғысы келетін қазақтарға Қытайда қысым жасалуда

0
120

Қытайда тұратын қазақтардың тарихи отанына келуіне түрлі кедергілер жасалуда. Ал елге оралып, ықтиярхат алғандарды сол жаққа барған бойда құжаттарын тартып алып, кері жібермеуде екен. Алматыда баспасөз мәслихатын өткізген бір топ зиялы қауым өкілдері мен қандастарымыз осылай деп базына айтты. Олар Президентке ашық хат жолдап, осы маусым айында өтетін Дүниежүзі қазақтарының құрылтайында осы өзекті мәселені шешіп беруді сұрауда.

Бұл туралы Бірінші арна Еуразия хабарлады.

Қазақстанға көшіп келіп, ықтиярхат алған немесе көшіп келгісі келіп жүргендер Қытай үкіметіне жақпауда. Өткен жылдан бері шығыстағы көршіміз туған Отанына кеткісі келетіндерге талапты күшейтіп, тіпті түрлі кедергілер ойлап тапқан көрінеді. Соның салдарынан мыңдаған қандасымыз ата-бабаларының жеріне орала алмауда екен.

«Қытай халық республикасында 30-40 жыл жұмыс істеп, зейнетке шыққан азаматтар бала-шағасын ертіп, Қазақстанға көшіп келген. Сол Қытайдағы үйлерінің барлығын сатып, Қазақстаннан үй алып, осында қоныстанып отырған азаматтарымызды Қытайға қайтадан шақырып алып, оларды отбасынан айырып, олардың зейнетақыларын тоқтатып, төлқұжаттарының күшін жойып жатыр» – кәсіпкер, азаматтық белсенді Қыдырәлі Оразұлы.

Жалпы 25 жылдың ішінде елімізге шетелден бір миллион қандасымыз көшіп келген. Олардың 63 пайызы Өзбекстаннан, 11 пайызы Қытайдан, 7 пайызы Монғолиядан оралған.. Қазіргі Қытайда тұратын қандастарымыздың мәселесіне бей-жай қарай алмайтын зиялы қауым өкілдері Елбасына атына ашық хат жазып, араша түсуді сұрауда.

«Біздің шетте жүрген қазақтарымызды Қазақстанға алып келу жайлы мәселе көптен бері көтерілуде. Бірақ сол мәселе айтылған жерде қалады. Әсіресе, соңғы кезде оны қиындатып та жіберді» – жазушы Дулат Исабеков.

«Барыс-келісті тыйған. Қазақтарды Қазақстанмен аралдастырмауда. Виза бермеу, бұл жаққа өткізбеу, өткізген адамдарды тергеу. Неге бардың, неге қойдың осы былтырдан бері басталыпты. Сосын тыйым салынған 26 мемлекеттің тізіміне қосыпты Қазақстанды» – жазушы Қабдеш Жұмәділов.

Бірер күннен кейін астанада Дүниежүзі Қазақтарының бесінші құрылтайы басталады. Ұлт жанашырлары осы өзекті мәселені құрылтайда көтеруді көздеп отыр.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз