Оралмандарға қатысты сұраққа Мамашев «БАСЫМДЫ ҚАТЫРМАШЫ!!!» деп жауап берді (ВИДЕО)

0
184

Талғат Мамашев

 

Бүгін Астанада ЭКСПО-2017 көрмесі аясында ұйымдастырылып отырған Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Құрылтайы жанжалдан басталды. Қауымдастық төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев оралмандарға қатысты өзекті мәселені көтерген тілшіге дөрекі жауап берді.

Бұл туралы «Қазақ үні» ұлттық порталы хабарлайды.

«Шыңжаң қазақтарының қамалып жатқаны» туралы соңғы мәліметке қатысты Азаттық сұрағына Дүниежүзі қазақтары құрылтайының басшысы Талғат Мамашев дөрекі жауап қайырды.

БАСЫМДЫ ҚАТЫРМАШЫ

«БАСЫМДЫ ҚАТЫРМАШЫ!!!». Міне, қауымдастықты басқарып отырған адамның жауабы осы болды. Сонда қазақтың қайғысына, жағдайына басын қатырмайтын, «оралмандарды ұрғаны бар» Мамашев қалай орнында омалып отыра бермек? Мемлекет басшысы Н. Назарбаев осы қызметті сеніп тапсырғанда «Оралмандар мәселесіне басыңды қатырмай-ақ қой» деп айтпаған шығар?!. Осылай сөзімен де, ісімен де Елбасын ұятқа қалдыратын Мамашовтардың дәурені қашаңғы жүріп тұрады?

«Оралмандарды ұрғаным бар» дегені – ҚАЗАҚТЫ ҰРҒАНЫМ БАР дегені!

Қауымдастық оралмандардың мәселесіне басын қатырмаса, мұндай қауымдастықтың не керегі бар? Елдің жүйкесін жұқартпай жауып тастай салса әлдеқайда пайдалы болар еді, ақыры ештеңе бітіріп жатқан жоқ.

Екіншіден, Құрылтайға көптеген ұлт зиялылары шақыртылмады. Шақыртылды, алайда белгілі бір себептермен, тізімнен олардың есімдерін сызып тастаған.

ШАХАНОВ ҚҰРЫЛТАЙҒА КЕЛМЕСІН

Мәселен, қазақтың біртуар ақыны Мұхтар Шахановты Құрылтайға қатысушылар тізімінен сызып тастағаны белгілі болды. Осыған дейін қытайдан келген қандасымыз, зиялы қауым өкілі Дүкен Мәсімханұлы әлеуметтік желідегі парақшасында өзін тізімнен сызып тастағаны туралы хабарлаған болатын.

«Ал, халқым! Құлап қалма! Құрылтайға делегат Мұхтар Шахановты «жоғарғы жақтан нұсқау келді» деп, поезға билет алып қойған жерден қалдырып кетті. «Жоғарғы жақ» кім? Елбасы «Мұхтар Шахановты Құрылтайға шақырма» деп айтпағаны анық! Сонда кім? Осы хабарды Елбасына кім жеткізер екен? Басы қатып кеткендер баратын жерге Халық ақыны, Әлем ақыны неге бармайды?Абайды ұрып, Біржанды қазыққа арқанмен байлар заман қайтып келді ме? Кім Елбасын құбыжық етіп көрсеткісі келіп отырған?» – деп жазды Жарқын Өтешова өзінің фейсбуктегі ресми парақшасында.

БҰЛ БАССЫЗДЫҚҚА КІМ ЖАУАП БЕРЕДІ?

«Мынау қатыссын, мынау келмесін» деп шекірейіп отырып сызып тастайтындай бұл қай аталарынан қалған Құрылтай еді? Қазақты іштен жарып, жанжал шығарып, қара қазақтың қамына басын қатырмайтындардың жауап беретін кезі келді.

Біз ұлы ақын Мұхтар Шаханов бастаған ұлт зиялыларын тізімнен кім және не үшін сызып тастағанын құзырлы органдардың ресми түрде хабарлауын талап етеміз.

Екіншіден, оралмандарды адам құрлы көрмейтін, қазақтың қайғысына басын қатырмайтын Мамашевтің мәселесі ең жоғары деңгейде қаралуын талап етеміз.

Алтай Сағидолда,

qazaquni.kz

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз