Ақтөбе облысы Темір ауданы Кеңқияқ ауылында құрылыс материалдарының арасында жатқан президенттің суреті көпшіліктің ашуын туғызған болатын. Кейін ауыл әкімшілігі құрылыс материалдарын жауып қойған суреттің көзін жойғаны белгілі болды деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ тілшісі.
«Президенттің суреті жерде жатқандығы туралы ақпарат NUR.KZ порталына шыққаннан кейін ол жерді тазартып қойды. Құрылыс жүргізіп жатқан бригадирден өзім барып сұрадым. Бүтін, қаншама ақшаға жасатқан жап-жаңа суретті өзім алып кеткім келді. «Алғашында бастық жоқ» деп бермей жіберді. Суретті көтергім келіп еді «қозғама» деп айқай шығарды. Екі күннен кейін қайта бардым. Тазалап тастаған. Бригадирі бәрін қоқысқа лақтырғанын айтты. Оның қасында тағы бірнеше сурет жатты. Есіліп жатқан есіл тұлғаларымыз шығар. Тек мына сурет қана бетімен жатып қалған», – дейді Кеңқияқ ауылының белсенді тұрғыны Ардақ Құбашева.
Құрылыс бұйымдарымен бірге қоқысқа тасталған суреттердің барлығы мектепке ілінген көрнекілік құралдар болып шықты.
«Менің балаларым сол мектепке барғанда осы суретті көрдім. Екінші этаждан түсер жерде ілулі тұратын. Ол бұрын мектеп болған орталық. Қазір оны жөндеп балабақшаға айналдырып жатыр. Сол кезде суреттердің бәрін далаға лақтырған.Суретті бірінші көргенде жерге кіріп кете жаздадым. Сол жерге бастық болып жүрген құрылысшылар жолатпады», – деді Ардақ Құбашева.
Тұрғындар мұнайлы өлкенің Астана күнін әкімшілік алдына алты жалау іліп безендіргеніне ашулы.
«Сапарбаев: «Мұнайлы өлкені көргенде жылағым келді» дегені осы. Мұнайлы өлкенің құрылғанына 50 жыл болды, заманауи балалар ойнайтын алаң жоқ. Әкімшіліктің артында таза су ағып жатыр. Ал, ауылда үйіне су кірмеген қаншама адам бар. Әкіміміз Астана күніне де қатысқан жоқ, тұрғындарды құттықтамады. Қаладағы туыстарына кетті деп естідік. Суретте тұрған алты жалау ауылдың Астана күніне орай безендірілуі. Ағаштың бұтағын сындырып, матаны тіліп, әкімшіліктің алдына іліп қойды. Мұнайлы өлкенің Астана күніне безендіруі осы болды. Аянышты. Суреттегі әкімшіліктің алдында жайылып жүрген сиырлар. Жылқыға дейін үйірімен келіп, ауыл ішінде жайылады. Тезегімен әкімшіліктің алдын былғап кетеді. Бізде ондайларды әкім көрмейді», – дейді Құбашева.